Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сергектік серпіліс сыйлайды

Сергектік серпіліс сыйлайды
Автор
«Белсенді ұзақ өмір» орталығының берері мол Адам баласының өмір жолы балалық, жастық және қарттық шақ деп аталатын бөлімдері бар ұзақ сапардан тұрады. Сол сапардың әр кезеңінің өзіне тән мән-мағынасы жетерлік. Балалық шақ мұңсыз, қамсыз, уайымсыз сәттерге толы болса, жастық шақ та ойлануға еш мұрша берместен желдей есіп өте шығады.

Негізінде самайын ақ қырау шалған қарттық шақтың есік қаққаны өмірдің ең даналыққа толы кезеңіне келіп жеткеніңнің белгісі. Сабыр мен парасаттың, өмірлік тәжірибе мен тұнып тұрған тағылымның алтын кезеңі де осы уақыт.

Дәл осы шақта адам баласы жүріп өткен ізіне мән беріп, өткен күні мен бүгінін жалғайтын ерекше істі қолына алуға тырысады. Жас кезінде қолы жетпеген дүниесінің дәмін татып, аңсаған арманына көңіл сергітіп, жүрегін сан алуан сезім тербетеді.

Қарттыққа қадам басқан жандар үшін «Белсенді ұзақ өмір» орталығы шын мәнінде көңілдің екінші тынысын ашатын мекен. Бұл орталық 2023 жылдың 28 ақпанында облыс әкімдігінің №29 қаулысы негізінде құрылып, сол жылдың 30 қарашасында есігін айқара ашты. Сол уақыттан бері мекемені мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған азамат Олжас Ақылбаев біліктілікпен басқарып келеді.

Қартаюға мұрша жоқ

Қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаевтың «Жұмыс деген мұнша көп, Қартаюға мұрша жоқ» деп жазғаны бар еді. Сол айтқандай, өмірді мәнді сүре білген адам үшін әрбір күн үлкен мүмкіндіктің бастауы. Біз «Белсенді ұзақ өмір» орталығына келгенімізде де сергектікті серік еткен қарияларды көріп, дән риза болдық. Жалпы, бұл мекеменің басты мақсаты – жасы ұлғайған жандардың өмірін мазмұнды етіп, шығармашылығын шыңдап, денсаулығын жақсартуға жағдай жасап, сондай-ақ оларды қоғам өміріне белсенді араластыру. Қарапайым тілмен айтқанда, орталық- зейнет жасындағы қарияларды тек тынықтыру ғана емес, сонымен қатар тіршілікке мән беріп, қайта шираутға дағдыландыратын мекеме.

Бүгінде орталық 7 түрлі әлеуметтік бағыт бойынша 26 қызмет түрін ұсынып отыр. Әр бағыттың өз ерекшелігі, әр қызметтің өз шипасы бар. Мәселен, буындары сырқыраған қариялар үшін скандинавиялық серуен мен буын гимнастикасы таптырмас ем. Ал денсаулықты қалпына келтіру үшін емдік дене шынықтыру, массаж креслосы, «Nuga Best» аппараты мен тұзды шахтаның тигізер пайдасы орасан. Психологиялық күйзелістен арылу үшін психолог мамандардың кеңесі мен нейробика жаттығулары тиімді. Ал білімге құштар жандар қазақ және ағылшын тілін оқып, тіпті шет тілінде сөйлейтін «Speaking Club»-қа қатыса алады.

Орталық қазыналы қарттардың денсаулығын нығайтумен қатар, олардың ішкі жан дүниесіне мән беріп, көңіліне қуаныш ұялататын мектеп болып қалыптасып келеді. Жаңа тыныс, жаңа леппен зейнет жасына жеткендердің өмірін түрлендіруге атсалысады. Орталықта көңіл сергітерлік дүние өте көп. Шахмат пен тоғызқұмалақ ойнап, би билеуге, хорда ән салып, өнерін шыңдауға мүмкіндік мол. Демалыс күндері экскурсияға шығып, кинозалдан ескі кинотуындыларды тамашалай алады. Сәндік-қолданбалы өнермен шұғылданып, тігін мен тоқымамен әуестенеді. Ал гарденотерапиямен айналысқан қариялардың еңбектері орталық гүлзарында жайқалып тұр.

– Бүгінде орталықта 43 қызметкер еңбек етеді. Әрбір маман қызмет алушыға қамқорлық танытып, айрықша құрметін көрсетеді. Орталықтағы жылы атмосфера мұнда бас сұққандардың жанына жайлылық сыйлап, соның арқасында жыл сайын келушілер саны артып келеді. 2023 жылы 195, 2024 жылы  659 адам түрлі қызмет түрлерін алып, бізге ризашылығын білдірді. Ал осы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 410 адам орталық қабырғасында сауығып, серпіліп шықты. Жалпы орталық ашылғалы бері 1264 қарияға қызмет көрсетілді. Мұнда тек күнделікті жұмыс емес, рухани серпіліс те қатар жүреді.

Қазыналы қарттарымыз өнерден  де құр алақан емес. Олар үшін «Ғибрат» атты вокалды-аспаптық ансамблі құрылып, көрерменді өнерімен сусындатып жүр. «Бойтұмар» әдеби клубы кітапсүйер қауымның қалаған кітабын ұсынады. Ал «Зерде» интеллектуалды ойындар клубы ой сергектігіне себеп болып тұр. Зейнеткерлер зерігіп кетпесін деген оймен  орталықтың қызметтері жаз мезгілінде табиғат аясында да жалғасын табады. «Зербұлақ» демалыс кешенінде, таза ауа аясында түрлі жаттығу өтіп тұрады.

Біздің мақсатымыз жасы келген кісілердің өмірге деген құштарлығын бәсеңдетпей, керісінше, оның әр сәтін мәнді өткізуге ынталандыру. Мекмеге келіп жүрген ата-әжелер өздерінің  өмірдің екінші көктемі басталғандай күй кешкендерін жиі айтады. Мұнда олар әрбір сәтті замандастарымен қызықты өткізеді. Жастар жағы қариялардың жүзінен шаттық көреміз. Қарттардың өздеріне сенімді һәм көңілді дауыспен таңғы сәлем жолдағанынан-ақ орталықтың қандай жанға жайлы екені сезіледі. Замандастар бір-бірімен шүйіркелесіп, жастық шағындағы есте қалған ерекше оқиғаларымен бөлісіп, шат-шадыман күйде  әңгіме-дүкен құрады.

Тағы бір айта кетерлігі, олар үйірмелерге жай ғана ермек үшін қатыспайды. Әрбір үйірмедегі өздеріне тән әрі қажетті деп тапқан дүниелерін шын пейілдерімен меңгеріп алады. Музыкалық кештерде бірі тамылжыта ән шырқаса, енді бірі әуен ырғағына ілесіп, талшыбықтай мың бұрала би билей жөнелгенде, бұл орталықтың берері мол екеніне көзің жетеді.

Мекемеге  келген кісілерде қартаюға уақыт жоқ, қайта өмір сүруге деген құлшыныс арта  түсетіндей. Жастар мен үлкендер арасындағы шынайы қарым-қатынас орталықтың басты құндылығы. Олар өздерін қоғамның қажет бөлшегі ретінде сезінеді. Күнұзақ құрбы-құрдастарымен бірге уақыт өткізгенде жүздеріне күлкі үйіріліп, жандары жадырап сала береді. Әрқайсысының жанарында өмірге деген құштарлық қайта тұтанады.

Аталар шахмат пен дойбыда шеберліктерін сынға салса, әжелер шәй үстінде сыр шертіп, ақылымен бөліседі. Үлкендер бір-біріне қолдау білдірудің үлгісін көрсетеді. Бұл орталық бүгінде қариялардың  рухани тірегіне айналып отыр. Осындағы кісілердің жеткен жетістіктері мен алғыс хаттары- ортақ жұмыстың шынайы жемісі. Бір ғана күлкі, бір ғана жылы сөз бұл жерде мыңдаған қуанышқа тең. Өздерін қадірлі тұлға ретінде сезінеді. Белсенді өмір сүру орталығы қариялар үшін екінші үй ғана емес, өмірінің жалғасына айналғандай, -дейді орталық социологы Раушан Әлжанова.

 

Шабыт құшағында

Орталық түрлі байқаулар мен интеллектуалды ойындар, сән-салтанаты келіскен  мерекелік кештерді жиі ұйымдастырады. Түрлі ойындарды ортаға ұсынып, келушілердің көңілін аулайды.

Жақында ғана ардагерлердің шығармашылығын насихаттау және қолдау мақсатында «Би – ұлт мәдениетінің биік шыңы» атты би байқау өтті. Бұл сайыс қариялардың сахна төрінде мың бұрала билей алатынын, олардың әлі де талай асуды бағындыруға лайық екенін дәлелдеді.

Сахна төріне алғаш болып шыққан «Жетіген» тобы «Асатаяқ» биімен өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналды. Одан кейінгі кезекте «Золотой возраст», «Интрига»,  «Шабыт»,  «Гармония»,  «Фламенко» топтары «Махаббат вальсі»,  «Қара жорға», «Өзбек», «Тонго»,  «Галактика» билерін орындап, талайды тәнті етті. Зейнеткерлер бірде құстай қалықтап, қанат жайып, көрермендерді ерекше тыныш күйге бөлесе, енді бірде астына мінген арғымақтары қос құлағын қайшылағандай күйге еніп,  дала төсін толассыз дүбірге толтырып, шапқылап жүргендей әсер қалдырды. Ал енді бірде мәдениеттің жоғары деңгейін көрсеткендей бір-біріне иіліп, ілтипат білдірген ата-әжелердің әрқайсысы өз өміріндегі шынайы жұбымен ортаға шығып, вальс биледі.

Маңдайын әжім торласа да, жүрегіне қаяу түспеген қарттардың тартысқа толы би сайысы өз мәресіне жетіп, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар да анықталды. Байқау қорытындысы бойынша «Жетіген» және «Интрига» би топтары  І орын биігінен көрінді. Екінші орынды «Золотой возраст «Гармония» және «Галактика» топтары еншіледі. Ал «Шабыт» және  «Гармония» би топтары үздік үштікті түйіндеді.

Орталықта ата-әжелердің мың бұрала би билеуі, дене бітімін қалпында сақтауы үшін  арнайы мамандар жұмыс істейді. Бидің әрбір қимыл-қозғалысын үйретіп, көмектесіп, сахнаға шығуына себепші болған орталықтың хореографтардың да еңбегі ерен. Олар өз кезегінде қарттарды би өнеріне баулып жүр.

– Мен үшін би тек қимыл-әрекет қана емес, бір адамның бойындағы жан мен тәннің үйлесімі. Жалпы өмірге деген махаббаттың бір көрінісі де мен үшін осы би. Қазір мен орталықта қарттарға биден сабақ беріп жүрмін. Бұл жай ғана жұмыс емес, бұл жүрекпен жасалатын іс деп қабылдадым.

Қарт кісілердің өмірлік тәжірибесі мол болғанымен, кейде жалғыздық, денсаулықтың әлсіреуі, белсенділіктің төмендеуі оларды ішкі қуатынан айыратыны рас. Сол кезде би сабағы олар үшін қайтадан өмірге деген қызығушылығын оятуға себеп болады. Соған көзім жетті. Сабақтарыма келетін қарттардың алғашында ұялып, өздеріне сенімсіз болатынын көріп жүрмін. Бірақ бір аптадан кейін олардың жүзіне күлкі үйіріліп, денелері сергіп, рухтары көтеріліп, жайнап шыға келеді.

Бидің адам ағзасына да тигізер пайдасы өте көп. Ол денені шынықтырады, көңілді көтереді, жүректі қуантады. Ең бастысы жалғыздықтан арылтып, ортаға бейімделуге көмектесетін ең мықты құрал. Сабақ кезінде біз қазақтың ұлттық билерінен бастап, түрлі халықтың билерін үйретеміз. Қарттардың өз жастық шақтарын еске алып, би қимылдарын ерекше ықыласпен орындайтыны қуантады. Олар әрбір жаттығуды үлкен жауапкершілікпен атқарады. Сондықтан да мен үшін би сабақтары тек өнер үшін емес, жанға жылу сыйлап, үлкенге құрмет көрсетудің, көңіл сергітіп, жүректегі сезімдерді сыртқа шығарудың бір түрі. Қарттар болашаққа жол сілтейтін жүрегі жылылыққа толы мейірім иелері. Олардың өмірге деген құлшынысын ояту, менің алдыма қойған өмірлік басты мақсаттарымның бірі. Сондықтан аталарым мен апаларымды сондай қатты жақсы көремін, – дейді хореограф Айғаным Серікова.

Бір байқағанымыз, бұл орта тек дене жаттығуын жасап, уақыт өткізетін орын емес, сонымен қатар өмірдің сан тарау соқпағынан өткен жандардың ішкі сырын төгетін мекен. Мәселен, зейнеткер Аманқұл Нұрманәліұлы көп алдында әлі талай өнер көрсетуге дайын екенін айтады.

– Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында туып-өстім. 40 жылдан астам уақыт қаржы саласында қызмет атқарып, 2015 жылы зейнетке шықтым. Облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңестерінің ұсынысымен және облыс әкімінің ұйғаруымен ашылған орталық бүгінде жан жадыратар жылы ұяға айналды. 2024 жылдың басынан осы орталыққа келіп ем алып, түрлі жаттығу құралдарымен шынығуды әдетке айналдырдым.

Мұнда ашылған көркемөнерпаздар үйірмелері тіпті керемет  болды. Жасымнан ән-биге құмарлығым бар еді, ә дегенде-ақ сол үйірмеге қатыстым. Жұбайым Күлзипа екеуміз домбырамен ән айтып, биге де қатысып, көп ұзамай меңгеріп алдық. Жетекшіміз – хореограф Айғаным қызымыздың арқасында «Золотой возраст» отбасылық би тобын құрып, біраз жетістіктерге жетіп жүрміз. Менің басқаруыммен «Ғұмыр-Дария» ұлттық аспаптар ансамблі құрылып, нәтижелі жұмыс атқарып келеміз.

Былтыр маусым айында Қырғыз Республикасындағы Шолпан ата шаһарында, Ыстықкөлдің жағасында  өткен «Әлем достығы-2024» халықаралық фестиваліне орталықтың өнерпаздары және «Әулиеата» ардагерлер ансамблімен бірге қатысып, ән-биден жүлделі орындар алып қайттық. Жалпы біздің облыстан барған ардагерлер жоғары дәрежеде өнер көрсетті.

Облыс және Тараз қаласы ардагерлер кеңестерінің жанынан құрылған «Әулиеата» ардагерлер ансамблінің мүшесімін. Биыл ақпан айында Алматы қаласындағы «КТК» телеарнасының шақыруымен «Кел, шырқайық» бағдарламасына да барып, бірінші, екінші орын алып қайттық. Жалпы, осы орталықты ашуға себепші болғандарға және оны ашқан облыс, қала әкімдеріне айтар алғысымыз орасан зор. Себебі,  біріншіден, денсаулығымызға пайдалы іс-шаралармен айналысамыз. Тіпті бос уақыт таптырмайды.

Екіншіден, өзіміз қатарлы замандас-достар таптық. Қандай да бір мерекелік іс-шара болса белсене қатысып келеміз. Жуырда ғана орталықта ардагерлер арасында ән байқауы өтіп, домбырамен жеке ән орындап, үшінші орын алдым. Ал «Золотой возраст» би тобының құрамында «Махаббат вальсін» билеп, екінші орынға ие болдық. Осы орайда «Белсенді ұзақ өмір» орталығының басшылары мен қызметкерлеріне алғысымды  білдіргім келеді. Деніміз сау болса, әлі де талай мерекелерде өнер көрсетуге дайынмын, – дейді Аманқұл Нұрманәліұлы.

Әжім торлаған жүздерінен мейірім төгіліп, әрбір әңгімесі бір дәуірдің куәсіндей болған үлкен кісілердің орталыққа келгелі балаша қуанып, түрлі үйірмеге қатысып жүргенінің өзі бұл орталықтың расымен қажет екенін ұқтырады. «Орталық өмірімнің екінші көктеміне айналды» деген Мырзагүл Төлебайқызы мекемеге  былтырғы қаңтар айынан бері келіп  жүр екен.

– Орталықта біз сияқты зейнеткерлер үшін өте керемет мүмкіндіктер қарастырылған. «Ғұмыр-Дария» ансамблінің мүшесімін, сондай-ақ «Жетіген» би тобында өнер көрсетемін. Еңбек терапиясына қатысамын. Қалалық «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» атты байқауға қатысып,  жүлделі бірінші орынға ие болдым. Сонымен бірге осы орталықта түрлі ем шараларын қабылдаймыз, спорттық жаттығулар жасаймыз. Йога, буындық гимнастикамен де айналысуға мүмкіндігіміз бар. Қарттарын сыйлаған облыс және қала әкімдігіне, мекеме ұжымына біздей зейнеткерлердің алғысы шексіз!

Бұл жерге алғаш келген күннен бастап, өмірге деген көзқарасым мүлде өзгерді. Бұрынғыдай емес, енді әр күнім мазмұнды өте бастады. Шіркін, адам баласы қартайғанда еленіп, қуанышқа бөленсе, содан артық бақыт бар ма екен?! Осы орталықта күн сайын шат күлкі, жылы шырай, сыйластық пен жан жылуы сезіліп тұрады. Әрбір дайындық сәті шынайы шабыт шақырады. Қимыл-қозғалыс жасап, би билеп жүргенде өзімізді қайта жасарғандай сезінеміз. Көңіл күйіміздің жоғары болып, күлімдеп жүруіміздің өзі жеңіс. Бұл бірлік пен шабыттың жемісі.

Орталыққа келгелі түрлі жаттығу жасап, тек денені ғана емес, жанды да тыныштандырып, көңілге шуақ сыйлап жүрміз. Ең бастысы өзіңнің әлі де қоғамға керек екеніңді сезінудің, өмірден шет қалмағаныңды білудің әсері бөлек. Күн сайын осында келіп, бір-бірімізге демеу болып жүргеніміздің өзі үлкен байлық іспетті.

Мекемеден  рухани демеу, үлкен жүректен шыққан ықылас сезініп, нағыз қамқорлықты бастан кешіріп жүрміз. Әр сөзімізге құлақ түріп, әр бастамамызды қолдаған басшылыққа дән ризамын.  Өмірдің осы бір кезеңінде ардагерлердің қадірін арттырып, құрметтеп жатқан қоғамды байқап, болашаққа сеніммен қарайсың, – дейді ол.

 

Өмірге құштарлық өрге бастайды

Қызмет алушы Нақтай Әбдешімқызы жолдасы Берікжан екеуі алғанынша бұл орталықты өз көздерімен көріп қайтуға келген. Сөйтіп мұндағы атмосфера бірден ұнап, тізімге жазылыпты.

– Буын гимнастикасы, йога, шахмат, ән, би, қолөнер, денсаулыққа керектінің бәрі осында болып шықты. Қызмет берушілердің жылы лебізі, қабылдауы ұнаған соң, бірден тіркелдік. Жаңа бір өмір басталғандай күй кештік. Негізі зейнеткерлікке шыққанда, көңіл күйің бұзылып, енді өзіңді қоғамға керегің жоқтай сезінесің.

Орталық бізді белсенді болуға, ән айтып, би билеп, әртүрлі іс-шараларға қатысуымызға көп себін тигізді. Ұлттық аспаптар ансамблі құрылды. Содан ардагерлермен бірге түрлі шығарманы орындай бастадық. Бүгінде осы орталықтың арқасында ән айтып жүрмін. Халық әндерін  тамылжыта шырқаймын. 40 жылдай экономика саласында еңбек еткен мен әп-сәтте әнші болып шыға келдім. Ән айтуға баулып, сахна мәдениетін үйретіп жүрген мәдени іс жөніндегі ұйымдастырушы Нұржамал Тілеуқұлқызына, баянмен дайындайтын Сымбат Тиянақбайқызына алғысым шексіз.

Былтыр Қырғызстандағы Шолпан ата қаласында өткен халықаралық фестивальде мен халық әні «Гүлдерайымды» орындап, екінші дәрежелі дипломмен марапатталдым. Біз үшін бұл үлкен абырой болды. Өмірге деген құлшыныс, талпынысымыз артып, мерекелік іс-шараларға қатысып жүрміз.

Әдемі қартаюды абырой санап, әрбір орталықтан үйренген өнерімді жетістік деп білемін. Қариялардың өмірі ұзақ әрі мәнді болып, ұрпаққа өнеге, үлгі боларлық із қалдырардай еңбегінің жемісін көрсе деген тілек бар. Мұндай орталықтың барының өзі көңілге демеу, – дейді Нақтай Әбдешімқызы.

Мадиярхан Кузбаев та орталықта жұбайы екеуі бірлесіп ән салып, хорға катысып, үлкен сахналарда өнер көрсетуден алдына жан салмай келеді. Жасы егде тартқан адамға әрбір қуаныш үлкен абырой іспетті, жүрегін тербейді. Ол мұнда өнерден бөлек денсаулыққа пайдалы,  рухани тәрбиеге қатысты тиімді қызмет алуға болатынын сөз етті.

–Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере бағып, үйде отырған уақытта осы орталыққа келіп, сергіп қайтамыз. Бұл думанды орта қариялардың көңілін көкке жеткізіп отыр.

Мекеме ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет етіп, ауқымы үлкейе түссе екен дейміз. Орталықтың осындай қарттардың ізгі істеріне ұйытқы болып, қоғамға пайдасын тигізіп жүргені қуантады. Көптеген адамдардың үмітін оятып, өміріне жаңа леп сыйлағанының өзі мәртебе. Әрдайым қолдау көрсетіп, ізгіліктің шырақшысы болып тұратын орталықтың бүгінде қолға алған ісі кішінің үлкенге құрметі іспетті. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді», «Қарты бар үй-қазынасы бар үй» демекші, үлкендердің батасын алған елдің ұландары болашақта жаман болмайды.

«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы  қарттардың өмірін мағыналы етіп, қоғаммен етене араласуына жол ашатын қайырлы бастаманы қолға алып отыр. Бұл орталықта әрбір аға буын өкілінің жан дүниесі байып, денсаулығы нығайып қана қоймай, жаңа достар тауып, көңіл көкжиегін кеңейтеді.  

Мұнда ұйымдастырылған әрбір шара қарттардың сергектігін сақтап, өмірге деген құлшынысын арттыруға қызмет етеді. Ендеше, орталықтың игілікті ісі жалғасын тауып, ақсақалдар мен әжелеріміздің ұзақ та бақытты ғұмыр кешуіне себепкер бола берсін, – дейді М.Кузбаев.

Біз сөз еткен орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Бастысы қызмет алушылардың көңілінін шығып отыр. Айтқандай мұндағы ардақты жандарды спортпен шынықтырып, өнерге баулып жүрген – арнайы мамандар, өз ісінің шеберлері. Олар әрбір қатысушының денсаулығына жанашырлықпен қарап, салауатты  өмір салтын насихаттауда алдына жан салмай қызмет етіп келеді.

Орталық өмірге деген құштарлықтың, сергектіктің, рухани байлықтың айқын көрінісі. Осы жолда аянбай тер төгіп жүрген арнайы мамандар тек дене тәрбиесін емес, жанның да саулығын көздеп, әрбір қызмет алушыға жаңа үміт пен жаңа тыныс сыйлап жүр. Адам өмірінің бағасын арттыратын шынайы ізгілік жолы осы орталыққа алып келері сөзсіз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар