Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті – Тоқаев

Соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті – Тоқаев
Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды arainfo.kz

Президент ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы алар орнына кеңірек тоқталып, мәртебелі мұғалімдерді алдағы келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтады.

– Ең алдымен, баршаңызға дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуы құтты болсын! Бұл – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселесіне арналған өте маңызды басқосу. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, – деді Президент өз сөзінде. 

Сондай-ақ, Президент соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өскенін де тілге тиек етті. 

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады.

Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.

«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар