
Министр өз сөзінде Жапония үкіметіне және көрмені ұйымдастыру комитетіне осы беделді халықаралық шараны жоғары деңгейде дайындап, өткізгені үшін шын жүректен алғысын білдіріп, бүгінгі күннің еліміз үшін маңыздылығын атап өтті.
– Бұл іс-шара қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылған. Іс-шара екі елдің географиялық қашықтығына қарамастан, рухымыздың жақын екендігін білдіреді. Себебі бізді дәстүрлер мен аға буынға деген құрмет, білім мен еңбекке деген жоғары мән байланыстырады, – деді Арман Шаққалиев іс-шараның ресми ашылу салтанатында.
Сондай-ақ министр 1991 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері екі ел арасындағы сауда, инвестиция, ғылым, білім, экология және технология салаларында тұрақты ынтымақтастық дамып келе жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Акиёси Като Осакадағы EXPO-да өткен еліміздің Ұлттық күнімен қазақстандық делегацияны құттықтап, өз сөзінде мәдени алмасудың өзара түсіністікті, ынтымақтастықты және екі ел арасындағы екіжақты байланыстарды дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Дүниежүзілік көрме қонақтары үшін Қазақстанның Ұлттық күнін мерекелеу шеңберінде EXPO аумағында қазақстандық балуан, төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульниковтың, ұлттық киімдегі әртістер мен батырлардың қатысуымен ауқымды шеру ұйымдастырылды.
Іс-шараның көркін кешкісін «Expo Hall Shining Hat» сахнасында қазақстандық өнер иелерінің қатысуымен өткен концерт қыздырды. Ауқымды мерекелік бағдарлама шамамен 3 мың көрерменді жинады. Концерт қазақ мәдениетінің байлығын паш еткен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің әуендерімен әрленді. «Sarmad» және «Art Dombyra» ансамбльдерінің этно және фольклорлық ырғақтарымен нақышталды. Опера солистері Зарина Алтынбаева мен Алтынбек Әбілданың керемет дауыстарымен қазақ өнері паш етілді. Сондай-ақ концерт «Бірлік» ансамблінің бірегей би қойылымдарымен және Қазақстанның көптеген басқа да талантты әртістерінің өнерімен есте қалды. Кеште Құрманғазы Сағырбайұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Латиф Хамидидің, Евгений Брусиловскийдің және халық сүйіспеншілігіне бөленген өзге де сазгерлердің туындылары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар іс-шара барысында көрме аумағында Астана қаласы мен Ұлытау өңірінің инвестициялық және туристік әлеуетін көрсететін стендтер қойылды. Қазақстандық павильон келушілер арасында өте танымал екенін айта кеткен жөн. Оған келген қонақтар саны 900 мыңға жетті.
Еске сала кетсек, биыл Жапонияның Осака қаласында «EXPO – 2025» дүниежүзілік көрмесі басталды. Ұйымдастырушылардың дерегі бойынша ауқымды іс-шараға 160 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысуда. 28 миллионнан астам келуші келеді деген болжам бар. Көрме 2025 жылдың 13 сәуірі мен 13 қазаны аралығында өтуде. Өткізу орны ретінде жасанды Юмешима аралы таңдалыпты. EXPO-ның басты тақырыбы – «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру», ол үш бағыт арқылы ашылады: «Өмірді құтқару», «Мүмкіндіктерді кеңейту» және «Өмірді біріктіру».
Сауда және итеграция министрлігінің
баспасөз қызметі