
Соңғы жылдары елімізде сауда инфрақұрылымы жаңарып, заманауи форматта қызмет көрсету ісі алға жылжып келеді. Негізінде сауда айналымының өсуі тұтынушылық сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, осы жылдың алты айында сауда көлемін ұлғайту жоспары 8 пайыз болып межеленсе, бірінші жартыжылдықта сауда көлемі 8,4 пайызға өсіпті. Осылайша тауар айналымы 31,4 триллион теңгені құраған. Оның ішінде көтерме сауда 9,2 пайызға ұлғайып, 21,2 триллион теңгеге, бөлшек сауда 6,6 пайызға артып, 10,2 триллион теңгеге жеткен. Сауданың өсуі көтерме саудада 45 пайыздан асатын негізгі 9 тауар есебінен қамтамасыз етіліпті. Бұл мұнай және мұнай өнімдері, газ, тұрмыстық техника, ұялы телефондар, фармацевтика, машина жасау өнімдері мен астық және темекі саудасы арқылы орындалған. Аталған тауарлар бойынша жыл соңына дейінгі болжамды сату көлемі 26,4 триллион теңгені құрауы тиіс. Ол үшін ең алдымен мұны ішкі өндірістің өсуі есебінен қамтамасыз ету қажет.
– 6 айдың қорытындысы бойынша барлық өңірлерде өсім байқалады. Ең үлкен үлесті қамтамасыз еткен 5 өңірге барлық тауар айналымының 72 пайызы тиесілі. Бұл – Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары. Өсу қарқыны бойынша Түркістан облысы 69,3 пайызбен, Ақмола облысы 45,4 пайызбен және Павлодар облысы 22,3 пайызбен көш басында тұр.
Саудадағы өсімді қамтамасыз етудегі үш негізгі бағыт бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бірінші заманауи сауда форматтарын дамыту ісі қолға алынды. Бұл ретте ынталандыру механизмдері айқындалды және тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданды.
Ішкі сауда субъектілерін қолдауға биыл 5,2 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 3 миллиардқа жуығын сауда субъектілері игерді. Бұл қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын кеңейтуге және 500-ге жуық кәсіпкердің тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін бюджеттен тағы 2 миллиард теңге бөлуді күтіп отырмыз. Негізгі капиталға инвестиция тарту жұмыстары да сәтімен жүргізілуде, ол бойынша 1 220 миллиард теңге инвестициялық қаржы тарту жоспары бекітілген. Сауда саласындағы 33 нысаннан тұратын, жалпы сомасы 168,4 миллиард теңгені құрайтын жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін базарларды жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Екінші электрондық сауданы дамытуға мән берілді. Жарты жыл ішінде интернет арқылы тауарлар мен қызметтерді сату және сатып алу көлемі, яғни Е-com 10 пайыздан астам өсті және бізге бөлшек сегментте 1,5 триллион теңге берді. Оның 1,3 триллион теңгесі 6 ірі маркетплейспен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, олар «Kaspi.kz», «Halyk market», «Forte», «Jusan», «Ozon», «Wilberries» секілді электронды сауда алаңдары.
Екінші жартыжылдықтағы негізгі драйверлер – бұл өнімді бір жерде жинақтап, екінші жерге жеткізуде аса маңыздылыққа ие 4 «DarkStore» орталығын толыққанды іске қосу. Сонымен қатар тауарды сатушыдан сатып алушыға жеткізу қызметін толықтай атқаратын 2 «Фульфилмент» орталық құрылысын аяқтау да осы міндет аясында атқарылады.
Бүгінде «Қазпошта» акционерлік қоғамының мультимодальды орталықтар желісінің құрылысы басталды. Сондай-ақ биыл Қазақстан-Қытай бағыты бойынша көтерме электрондық платформаны (В2В) іске қосу жоспарлануда.
Үшінші – жасырын сауданың төмендеуі. Бұл бағытта министрлік тауарларды каталогтау және қадағалау бойынша шараларды іске асыруда. Заңнамалық деңгейде тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жалпы жіктеуіші енгізіледі, таңбаланатын тауарлардың тізбесі кеңейтіледі. Қаржы министрлігімен және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп, ұлттық тауарлардың каталогы (ҰТК) және электрондық тауарлардың каталогтарын біріктіру аяқталуда. Екінші деңгейдегі банктер арқылы базарлардағы тауар айналымын цифрландыруға және олардың ақша ағындарының ашықтығын арттыруға бағытталған «Digital bazar» жобасы іске асырылуда.
Жалпы еліміздің сауда саласындағы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сауда өсімін қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар қабылдануда, – дейді Арман Абайұлы.
Тауарлардың ұлттық каталогы және электрондық тауарлардың каталогтарын біріктіру туралы тарқата айтар болсақ, келер жылдан бастап ұлттық тауарлар каталогы нарықтың барлық қатысушылары үшін міндетті болмақ. Бұл ретте мемлекет ұлттық тауарлар каталогын іске қосуға мүдделі. Себебі осы арқылы бизнес операциялары жеңілдейді және бұл тұтынушылардың өнімдер туралы толық ақпаратқа қол жеткізуі үшін тауарлар туралы сенімді ақпарат көзіне айналады деген сенім бар. Бұл жөніндегі мәліметті ҚР Сауда және итеграция министрлігінің баспасөз қызметі таратқан болатын. Аталған мәліметте: «Бүгінгі таңда бірдей тауарлар туралы ақпарат шашыраңқы болып келеді. Өндірушілердің атауы бір басқа, дистрибьюторлардың атауы бір бөлек, ал бөлшек сауда желілері көбінесе өздерінің анықтамалықтарын жасайды. Бұл қайталануға, құжат айналымындағы қателерге, өнімді сәйкестендіру мен салық шегеріміне байланысты мәселелерге әкеледі. Сипатталған фрагментациядан арылу мақсатында ұлттық тауарлар каталогы құрылып жатыр. Ұлттық тауарлар каталогы орталықтандырылған цифрлық жүйе ұсынады, ол жүйеде әрбір өнім элементіне бірегей NTIN коды және құрамы мен шығарылған елінен бастап өлшем бірлігі мен брендіне дейін міндетті атрибуттары бар құрылымдық карта тағайындалады. Карточкалар модерацияланады және тауар айналымының барлық қатысушыларына – өндірушілерден бастап базарлар мен кассалық жүйелерге дейін қайта пайдалану үшін қолжетімді.
Компанияның ішкі анықтамалықтарынан немесе салалық жіктеуіштерден айырмашылығы, ҰТК мемлекеттік сандық каталог болып есептеледі. Каталогта өнім карталары біркелкі ережелер бойынша жасалады, ақпарат тексеріледі және қайталанбайды. Сонымен қатар жүйе негізгі цифрлық платформалармен біріктірілген. Кәсіпорындарда тауарларды сипаттау үшін шығындар мен уақыт қысқарады. Карталарды 1С немесе маркетплейске қолмен енгізудің қажеті жоқ, өйткені ұлттық тауарлар каталогынан дайын картаны пайдалану жеткілікті. Бұл әсіресе үлкен ассортименті немесе экспорттық-импорттық операциялары бар компаниялар үшін маңызды. ҰТК сонымен қатар мемлекеттік жүйелермен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді және тауарларды нарыққа шығаруды тездетеді.
Мемлекет үшін ҰТК тауар айналымын бақылаудың, «сұр» схемаларды қадағалаудың, жалған ақша жасаумен күресудің және қосымша құн салығын жинауды арттырудың тиімді құралы. Бірегей NTIN кодтарының және басқа цифрлық платформалармен байланысының арқасында тауарлардың жолын қадағалау және заңбұзушылықтарды анықтау оңайырақ болады. Тұтынушылар үшін бұл ашықтық пен қауіпсіздікті білдіреді. Өнімдердің құрамы, өндіруші және сертификаттау туралы ақпарат онлайн кассаларда, базарларда және басқа да өзара әрекеттесу нүктелерінде қолжетімді болады.
Бүгінгі таңда ұлттық тауарлар каталогы пилоттық кезеңнен өтіп жатыр. Қатысушылар арасында дистрибьюторлар, ірі сауда желілері және электронды сауда алаңдары бар. Осылайша, «Anvar», «Small», «Magnum» сауда орындары жүйеге мыңнан астам өнім жүктеп қойған. «Ozon», «Halyk Market» сияқты маркетплейстер қазірдің өзінде ҰТК-мен бірлесіп интеграцияны сынақтан өткізіп жатыр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы барлық тауарларды сату үшін ҰТК-дан NTIN кодын пайдалану міндеттеледі. Бұл нарықтың барлық қатысушыларына, яғни өндірушілерге, импорттаушыларға, дистрибьюторларға, сауда желілеріне, маркетплейстерге және тіпті бақылау-кассалық машиналармен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерге қатысты. ҰТК-ға қосылу тауар айналымына қатысушылар үшін қазірдің өзінде қолжетімді. Жоба негізінде оқу материалдары, нұсқаулықтар мен жаппай қосылуға арналған интерфейстер дайындалып жатыр. Кәсіпорындар жүйемен бүгіннен бастап жұмыс істей бастайды және соңғы сәтте асығыстықпен орын алатын ықтимал қателіктерді болдырмайды. Жаһандық цифрландыру және ашықтық талаптарының күшеюі жағдайында ҰТК болашаққа маңызды қадам жасауға дайын. Ұлттық тауарлар каталогы ашық, қауіпсіз және тиімді тауар нарығын құрудың негізі болып саналады», – делінген.
Бұл жаңашылдықтардың мәніне келсек, бұл – сауда саласын заман ағымына сай дамыту. Осы ретте өз өңіріміздегі сауда саласының жай-күйін сөз етер болсақ, аталған салада оң динамика қалыптасқан, яғни өсім бар. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі сауда көлемі 459 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда өсім үрдісі сақталыпты. Бөлшек және көтерме саудада да тұрақты өсім қамтамасыз етіліп, инвестиция көлемі айтарлықтай ұлғайыпты. Сауда инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде.
– Облыс аумағында осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында ішкі сауда көлемі 459 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі 103 пайыз деңгейінде қалыптасты. Оның ішінде бөлшек сауда айналымы 258,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға артты. Ал көтерме сауда көлемі 199,6 миллиард теңгені құрап, 3,7 пайыздық өсім көрсетті.
Сауда саласына инвестициялар тарту бойынша осы жылға 42,7 миллиард теңге көлемінде жоспар бекітілген. Оның ішінде қаңтар-маусым айларына 13,2 миллиард теңге бөлу көзделсе, жартыжылдық қорытындысы бойынша нақты игерілген қаржы көлемі 15,1 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59 пайызға жоғары, былтыр осы мерзімде 8,9 миллиард теңге қаржы игерілген болатын, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.
Сауда орындары талапқа сай болуы үшін базарларды жаңғырту да басты мәселенің бірі. Мұның артында сауда орындарын қазіргі заман талаптарына сай халыққа қолайлы етіп ұсыну мәселесі тұр. Өйткені санитарлық талаптар сақталып, өнім мұнтаздай таза жерде сатылса, сатушылар тұтынушыға сапалы өнім ұсынса, бұл сауда мәдениетінің жоғарылағанын және инфрақұрылымның жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бір жағынан кәсіпкерлерге жасалған жағдай, қала тазалығы мен көркіне қосылатын үлес болып есептеледі. Осы ретте, яғни өңірдің сауда инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алыныпты. Атап айтқанда, Тараз қаласында орналасқан «Береке», «Жібек жолы», «Салтанат» және «Якка сарай» сауда базарларын жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда аталған нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ