
Бұл тұрғыда елімізде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мысалы, былтырдан бері отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Нәтижесінде орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, кейінгі бес жылда әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар екі есе азайыпты.
Халқымыз қай кезде болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдырымен бірге қарастырған. Балам жақсы болсын десең, ең әуелі өзіңді түзеп, үлгі көрсете алуың керек. Жеткіншектердің есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуын қаласақ, жас кезінен анаша, есірткі, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауын, ешкімнің ала жібін аттамауын қатаң қадағалауымыз қажет. Әдепті болу қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. Біз сол үшін балаларды еліміздің ертеңі, Әділетті Қазақстанның болашағы деп ұғынып, олардың тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек.
Осы орайда «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеуге арналған жобаларының маңызы зор. Биыл «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасы іске асырылуда.
Мұндағы басты мақсат- өскелең ұрпақты қоғамның заңдары мен нормаларын бұлжытпай орындауға, құқықбұзушылықтың алдын алуға тәрбиелеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, адалдық пен адамгершіліктің маңыздылығын түсіндіру.
Президенттің ұйытқы болуымен қолға алынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған басты міндет. Бұл тұрғыда жастардың санасына жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бүгінгідей жұмыстарға да ерекше мән беріледі.
Жыл басынан бері «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайту бойынша барлық жерде ауқымды профилактикалық жұмыс жүріп жатыр. Біздің аймақта да осындай кездесулер облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен орынбасары Серік Сәлемовтің тікелей қатысуымен өтуде. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту бойынша облыстық прокуратура мен полиция департаменті, облыстық ардагерлер кеңесі кешенді шаралар өткізуде. Мәселен, ақпан айында облыстық полиция департаментінің бастамасымен кең көлемде өткен «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» атты жастар форумын ерекше атап өтуге болады. Сол сияқты кеше ғана 6 тамыз күні «Заң мен тәртіп. Әділ қоғам» атты облыстық ардагерлер форумы өтіп, облыс жұртшылығына ҮНДЕУ қабылдап, жариялады. Ақпан айында біздің филиал мен полиция департаменті арасында бірлескен меморандум жасалды. Ал 2023 жылдың қараша айында «ЖАҢАРУ» бірлестігі облыс әкімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара ынтымақтастық таныту туралы келісімге қол қойылған болатын.
Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент қоғамдағы 5 кеселге, яғни нашақорлыққа, лудоманияға, тұрмыстық зорлық- зомбылыққа, буллинг және агрессияға, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы күрес жариялады. Ал биыл 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы «Адал азамат» деп өзгертілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалардың құқықтарын қорғау бойынша ауқымды заңнамалық, стратегиялық іс-шаралар іске асырылды. Атап айтқанда, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны үшін жауапкершілікті қатаңдататын нормалар еңгізілді. Баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынып, әкімшілік жауапкершілік көзделді. Құрылыс компаниялары терезелерге құлыптар немесе қауіпсіздік тетіктерін орнатуға міндеттелді. Балаларды саудалаудың алдын алу шаралары күшейтілді. Сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі нығайтылды. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары мамандарының штат санының нормалары бекітілді. Тәлімгерлік институты енгізілді.
Бүгінде еліміздегі жасөспірімдер арасындағы суицид ең өткір әрі күрделі әлеуметтік мәселе болып тұрғанын айту керек. Жұртшылық мұның басты себебі - мектептегі буллинг, тұрмыс тауқыметі мен отбасындағы зорлық-зомбылық деп есептейді. Қазақстан балалар арасындағы суицид деңгейі ең жоғары мемлекеттердің (2008-2009 жылдарында) ондығынан біртіндеп шығып, бүгінде 20-орынға тұрақтады. Десек те, Жамбыл облысының балалар суициді бойынша Түркістан облысынан кейін екінші орында тұрғаны өкінішті-ақ.
Бүгінде Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес 16 жасқа толған жастармен еңбек шартын жасауға болады. Сол сияқты 15 жасқа толған балалармен оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, 14 жасқа толған оқушылармен кино ұйымдарында, театрларда, цирктерде денсаулығына және имандылық дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға немесе орындауға қатысу үшін еңбек шарты жасалуы мүмкін. 14-16 жас аралығындағы жұмысшылар үшін жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан аспайды, ал 16-18 жастағыларға аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс.
Бала еңбегін заңсыз пайдаланған тұлғалар еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 86-бабының 3-тармағына сәйкес айыппұл төлейді.
Ата-ана бала үшін ең ұлы ұстаз. Сондықтан «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Баланың алған тәлім-тәрбиесі ата-ананың берген үлгі-өнегесіне тікелей байланысты екенін осыдан-ақ ұғуға болады. Енді ғана етек жеңін жинап, өмірге жаңа бейімделіп келе жатқан жасөспірімдерді теріс әрекеттерден қорғау-үлкендердің міндеті.
Еліміздің болашағы - жастардың құқықтық мәдениеті, құқықтық сауаттылығы және қауіпсіздігі мен қоғамдағы тәртібі туралы аз айтылып жатқан жоқ.
Бір жылдан бері ата-аналар мен мектеп мұғалімдерінің полиция қызметкерлерімен бірге түнгі рейдтерге шығып, көшелер мен ойын-сауық орындарында мезгілсіз уақытта балалардың жүрмеуін қадағалауы өз жемісін беруде. Соның нәтижесінде елімізде осы жылдың бірінші жартыжылдығында 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға төмендепті. Ал өткен жылдың қорытындысымен жасөспірімдер арасындағы қылмыс 6 пайызға қысқарған. Бұған, сонымен қатар, құқық қорғау органдарының профилактикалық және құқықтық-ағарту жұмыстарын күшейтуі де себеп болған.
Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауға бейімделуі мүмкін. Бірі қылмысқа тұрмыстық жоқшылық салдарынан барса, енді бірі жасөспірімдерге қосылып, өзінің қалай қылмыс жасап қойғанын байқамай да қалады. Енді бірі тіпті еркінен тыс қылмыстың құрбаны болуы мүмкін.
Баланы түнде қараусыз қалдырғаны үшін әке-шеше жазасыз қалмайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442- бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені үшін 4194 ата-ананың жауапкершілігі қаралған. Сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 142 мекеме иелері Әкімшіліік құқықбұзушылық туралы кодекстің 132-бабымен жауапкершілікке тартылған. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері балалардың ата-аналарына үш айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салады. Ал көңіл көтеру орталықтарының иелеріне он айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды», деп айтқан еді.
Бүгінгідей іс-шаралар жастар арасында құқықтық сана мен тәртіпті арттыру, құқықбұзушылықтың және қылмыстың алдын алу, жасөспірімдерге оң тәрбие беру мен олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосады. Мәселен, биыл наурыз айында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында жасөспірімдер қылмысын азайту бағытындағы мәселелер қаралды. Комиссияның алдында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ляззат Қызылқұлованың, ювеналдық полиция мен жергілікті органдардың есебі тыңдалды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар облыс бойынша 42,1 пайызға төмендеген.
Президент 2022 жылғы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасында: «Балалардың арнаулы мекемелерін Балаларды қолдау орталығы ретінде қайта құрамыз. Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алатын кәсіби отбасыларға балаларды орналастырудың баламалы нысанын енгіземіз»,-деп мәлімдеген еді. Тапсырма талабы-нәтиже. Қазір елімізде осындай 35 Балаларды қолдау орталығы бар. Онда 1,2 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Бұрынғы атауын 5 жекеменшік Балалар үйлері ғана сақтап қалды. Сондай-ақ 20 Сәби үйі, балаларға арналған 18 медициналық-әлеуметтік мекеме, 10 Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, 13 Жасөспірімдер үйі, 14 Балалар ауылы жұмыс істеуде.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметіне сүйенсек, бұдан бес жыл бұрын жетім бала саны 24239 болса, қазіргі уақытта 20798 балаға дейін төмендеген. Нәтижесінде, Балалар үйлерінде тұратын жеткіншектер саны 2019 жылғы 4,6 мыңнан биыл 3,8 мыңға дейін азайған. Десек те, елімізде бала асырап алу жайы мәз емес. Өйткені, 5 мыңнан астам азамат бала асырап алу кезегінде тұрса да, 2023 жылы небәрі 194, 2024 жылы – 153 бала ғана жаңа отбасын тапқан.
Бүгінде мемлекеттен әр жетім балаға орташа есеппен 7,5 миллион теңге бөлінеді. Биыл көзделген 38,7 миллиард теңгенің 7,5 миллиард теңгесі отбасыларда тұрып жатқан 17660 балаға (барлық жетімнің 82,6 %), 31,2 миллиард теңгесі жетімдерге арналған 115 мекемеде тәрбиеленіп жатқан 3727 баланы (17%) асырауға жұмсалатындығын ескерсек, мемлекетке оларды қабылдаушы отбасылардың тәрбиесіне беру ұтымды және тиімді екенін көрсетеді.
2024 жылдың 30 желтоқсанында жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасылар туралы арнайы заң қабылданды. Кәсіби тәрбиешілердің әрбір балаға кемінде 15 шаршы метр тұрғынжайы болуға тиіс, жетім балалардың банк шоттарынан ақша алуға құқығы жоқ. Олардың тұрғынжайын иеліктен шығару, соның ішінде айырбастау, сыйға тарту, өтеусіз пайдалануға беру, кепілге салу, бөлу бойынша мәмілелер жасауға тыйым салынған. Баспанасы жоқтарға тұрғынжай алуға құқы сақталады. Жетім балаларды алдын-ала таңдауға рұқсат етілмейді. Ағайынды ұл-қыздарды ажыратуға да жол берілмейді. Он жасқа толған балалар кәсіби отбасына өздерінің келісімімен ғана беріледі.
Кәсіби отбасына берілген әрбір баланы күтіп-бағуға ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 39320 теңге жәрдемақы төленеді. Ал кәсіби тәрбиешілердің қызметіне ақы ретінде әрқайсысына 70 АЕК, яғни 275240 теңге беріледі. Кәсіби отбасы туралы заң биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл - еліміздің ертедегі «жетімін жылатпайтын жұрт» ұғымын жаңғыртқандығын көрсетеді.
Енді балалар қауіпсіздігі тақырыбына тоқсалсақ. 2024 жылы елімізде 200-ден аса бала терезеден құлап, олардың 12-сі мерт болған. Биыл жыл басынан бері елімізде 91 баланың терезеден құлап кеткені белгілі болды. Оның 9-ы оқиға орнында көз жұмса, 82-сі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. 2023 жылдан бастап «Қауіпсіз терезе» акциясы жүруде. 2024 жылы 30 мыңнан аса қауіпсіздік құлпы орнатылған.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның 27-2-бабының 2 және 3-тармақтарына қосымша өзгерістер еңгізілді. Онда «құрылыс салушы терезенің қауіпсіздігін құлыптармен және қауіпсіздік тетіктерімен қамтамасыз ету жөніндегі барлық шаралар кешенін орындауға міндетті» делінген. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесіне құрылыс компанияларын терезелерге құлыптар немесе қауіпсіздік тетіктерін орнатуға міндеттейтін нормалар енгізілген. Осы орайда ата-аналар өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты әкімшілік құқықбұзушылықтардың да саны кейінгі 3 жылда 3,5 есеге, яғни 2020 жылы 5 мың оқиғадан 2024 жылы 19 мың жағдайға дейін артып кеткен. Былтырдан бастап жаңа тұрғын үйлердің терезелеріне қауіпсіздік құлыптарын орнату құрылыс компаниялары үшін міндетті талап ретінде енгізілген. Десек те бала қауіпсіздігі ең алдымен, ата-ананың жауапкершілігінде екенін ұмытпауымыз керек.
Тағы бір маңызды мәліметке назар аудармасақ болмайды. 2024 жылы облыста жүргізілген 5966 сауалнаманың нәтижесінде жеңіл тәуекел деңгейіндегі 5324, орта тәуекел деңгейіндегі 445, жоғары тәуекел деңгейінде 197 отбасы анықталыпты. «Агрессорлармен» психологтар жұмыс істеп, оларды толыққанды өмірге бейімдеу шаралары жүргізіліпті. Өткен жылдың төртінші тоқсанында 89 әйел мен 230 бала дағдарыс орталықтарына орналастырылған. Республика бойынша бүгінде 40-тан астам дағдарыс орталығы жұмыс істейді екен. Олар жедел көмек көрсетіп, уақытша баспана мен қажетті қолдау ұсынады. Одан бөлек «111» ұлттық сенім телефонының да маңызын атап өткен жөн. Бұл байланыс тетігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға тәулік бойы көмек көрсетуге арналған. 2025 жылдың 5 айында облысымызда отбасылық-тұрмыстық сипаттағы қылмыстар саны күрт өсті. 2024 жылы 13 дерек тіркелсе, 2025 жылдың бес айында 81-ге жетті. Биыл бес айда 2297 арыз-шағым түскен, оның 1998-і бойынша әкімшілік іс қозғалған. 284 азамат қамауға алынып, 145 адамға ішімдік ішпеу немесе отбасына жақындамау туралы талап қойылған.
Қазіргі қоғамда жастар тәрбиесі – ел болашағының негізі. Жас ұрпақтың саналы, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуы үшін оларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеумен қатар, құқықтық сауаттылығын арттыру аса маңызды. Жастар заңды білу арқылы өз құқықтары мен міндеттерін түсінеді, қоғамда орын алатын түрлі қауіп-қатерлерден қорғана алады. Сонымен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің, отбасының және оқу орындарының басты міндеттерінің бірі. Сол себепті құқықтық тәрбие беру, ақпараттық қауіпсіздікке үйрету, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру сияқты шаралар жастардың жан-жақты әрі қауіпсіз ортада дамуына жол ашады.
Қасымхан Төлендиев,
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры