Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бос орындар жәрмеңкесі жұмыссыздықты азайтады

Бос орындар жәрмеңкесі жұмыссыздықты азайтады
Ашық дереккөз
Бүгінде жұмыссыздықты азайту, жастарды жұмысқа тарту мақсатында бірқатар шара ұйымдастырылып, оң нәтиже беруде. Мәселен, елімізде жыл басынан бері 250 мыңға жуық азамат жұмыс тапса, оның 134 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Қазіргі таңда елімізде еңбек нарығын тұрақтандыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан халықты, әсіресе жастар мен әлеуметтік жағынан осал топтарды жұмыспен қамтуға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар қолға алынған. Жыл өткен сайын жұмыссыз азаматтардың саны азайып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Бұл жайында орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вицеминистрі Асқар Биахметов айтқан болатын. Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейін төмендету және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында 48 мың азамат қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстарына тартылыпты. Бұған қоса 30 мыңнан астам қазақстандық «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздері бойынша білім алған.

Сонымен қатар бизнес бастамаларды ынталандыру мақсатында 4 200 тұрғын өздерінің бизнес-идеяларын іске асыруға арналған 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға ие болған. Жыл басынан бері субсидияланатын жұмыс орындарына мансап орталықтары арқылы 114 мыңға жуық адам жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 81 мыңнан астамы ақылы қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік осал санаттағы 10 мыңнан аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. Бұдан бөлек 8 мыңға жуық жас маман жастар тәжірибесінен өтсе, 1,5 мың өрен «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы еңбек жолын бастаған. Еңбек нарығында ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарламалар да іске асырылуда. Тарқата айтсақ, 69 азамат «Ұрпақтар келісімшарты», ал 13 мыңға жуық егде жастағы тұлға «Күміс жас» жобасы шеңберінде жұмыспен қамтылған. Вице-министрдің айтуынша, бұл көрсеткіштер еңбекке қабілетті халықтың түрлі санаттарына жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікпен айналысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Сонымен қатар еліміздің Премьер - Министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға қарай 3,3 миллион қазақстандықты, оның ішінде 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыру бойынша нақты бағыт-бағдарды айқындап бергенін атап өткен болатын. Ол өз сөзінде халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатқанын айтты. – Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысша мамандықтар жылы аясында еңбек адамының статусын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Олар заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Бүгінде елімізде ауқымды логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салада цифрлық жаңашылдықтар белсенді енгізілуде. Жалпы кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, – дейді Олжас Бектенов. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне аталған бағыттағы жұмыстарды салалық министрліктермен және өңірлік атқарушы органдармен тұрақты үйлестіруді, сондай-ақ қажетті жедел әрекет ету шараларын дер кезінде қабылдауды міндеттеді. Бұл орайда еңбек нарығындағы өзгерістердің толыққанды есебін жүргізу қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, жұмыс орындарын құру үдерісінің сапалы мониторингін қамтамасыз ету мақсатында «Инновациялық жобалар навигаторы» ақпараттық жүйесі әзірленген. Аталған платформа жаңа жұмыс орындарының нақты санын, олардың еңбек нарығы сұраныстарына сәйкестік деңгейін, сондай-ақ жұмыс берушілердің жұмыспен қамтуға қатысты жоспарларының орындалу барысын кешенді түрде қадағалауға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар облысымызда да жалғасын табуда. Мәселен, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кезекті бір аппараттық кеңесте жауаптыларға жұмыссыз азаматтарға нақты қолдау көрсетіп, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануды, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырған болатын.

 – Барлық деңгейдегі әкімдердің негізгі міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікпен айналысуына жанжақты қолдау көрсету. Әсіресе еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту арқылы олардың табысын арттырып, мемлекетке тәуелділігін азайтуымыз қажет. Жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аудару керек. Олар жұмыс іздеп, әр қалада сабылып жүруі тиіс емес, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, 2025 жылы өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс, көліклогистика, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салаларда еңбек ресурстарын тиімді пайдалану мен халықты табысты жұмыспен қамтуға бағытталған барлығы 65 647 жаңа жұмыс орнын құру жоспары бекітілген. Басқарма басшысы бүгінгі күнге дейін 25 918 әулиеаталықтың нақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Бұл көрсеткіш жоспардың біршама бөлігін құрап, еңбек нарығындағы белсенділіктің жоғары деңгейде екендігін білдіреді. Жыл басынан бері кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстар, қысқа мерзімдіі бағдарламалары, қоғамдық жұмыстар, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және субсидияланатын жұмыс орындары сынды бағыттар аясында 28 912 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Атап айтқанда, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарыы мен мемлекет тарапынан субсидияланған еңбек орындарына 22 753 адамға жолдаған. Оның ішінде 8 330 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, жұмыс орнын ұсынушымен арада ұзақмерзімді еңбек шарттарын жасасқан.

Мұнымен қоса Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» жөніндегі стратегиялық тапсырмасын орындау мақсатында облыста 2 222 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Жыл соңына дейін қосымша 10 312 азаматты қамтитын жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр екен. Тағы да бір айта кетерлігі, облыс бойынша 98 жоба электронды еңбек биржасының деректер қорына енгізіліпті. Аталған жобалар әртүрлі экономикалық салаларды қамтып, инновациялық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік бағыттағы бастамаларды іске асыруды көздейді. Осы жобалар аясында 442 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып, бекітілген жоспар аясында нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, жыл басынан бері Тараз қаласында 751 өрен тұрақты жұмыспен қамтылып, олардың басым бөлігі ақпараттық технологиялар саласындағы бағдарламашы (IT-программист) мамандығына және медицина бағыты бойынша жұмысқа орналасуда. Алайда жыл соңына дейін әлі біраз уақыт бар болғандықтан жастарды жұмыспен қамтуға қатысты статистикалық деректердің толыға түсетіні сөзсіз.

– Отыз бес жасқа дейінгі жастарды, оның ішінде жоғары оқу орындары мен колледждердің жаңа бітірген түлектерін алғашқы кәсіби тәжірибемен қамтамасыз ету мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның негізгі шарттарына сәйкес жұмыс істеу мерзімі он екі айды қамтиды және бұл кезеңде жұмыс берушілер түлектің мамандығына сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Мұндай мүмкіндік жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіби дағдыларын қалыптастыруына және болашақта тұрақты жұмыс табуына септігін тигізеді. Тараз қаласында да аталған бағдарлама белсенді түрде іске асырылып отыр. Жыл басынан бері 310 түлек жалақысы толығымен субсидиялану шарты бойынша «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында мекемелерге жолданған. Бүгінде жолданған 310 түлектің ішінен 41 жас маман тұрақты жұмысқа орналасқан. Бағдарлама жастар үшін мамандық бойынша тәжірибе жинап, әрі қарай тұрақты жұмыс табуға септесетін тиімді жол екені анық, – дейді Тараз қалалық мансап орталығы директорының орынбасары Ерғали Асамбайұлы.

Дегенмен жастардың жұмыс табуда тәжіриьенің жетіспеуі, еңбек нарығындағы бәсекелестік дағдыларының нарық талабына сай болмауы, жалақы көлемінің және жұмыс шартының үйлеспеуі сияқты қиындықтар жиі кездеседі. Осы мақсатта өңірімізде жұмыс берушілер жастарға жан-жақты кеңес беріп, жас кадрларға деген сұранысты жоғарылатуда. Олар өндіріс, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, ауылшаруашылық салаларына мамандарға сұраныс білдіруде. Осы мақсатта өңірде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай іс-шараларда жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер тікелей жүздесіп, талаптар мен еңбек шарттарын нақты талқылай алады. Нәтижесінде көптеген азаматтар бірден жұмысқа қабылданып, еңбек нарығындағы белсенділіктерін арттыруда. Мәселен, жақында Тараз қаласындағы «MART» сауда орталығында Тараз қалалық мансап орталығымен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастырумен «Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен болатын. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру реформасын жүзеге асыру. Сонымен қатар қала аумағындағы жұмыссыздардың жұмысқа орналасуына ықпал ету, оларды еңбек нарығындағы жағдаймен таныстыру, өз бетінше жұмыс іздеп табуына көмектесу және жұмыс іздеуде кәсіби бағыт-бағдар беру, лажы болса тұрақты жұмысқа тарту секілді шаруалар да басты міндеттердің бірі. Біз сөз етіп отырған жәрмеңкеге қала аумағындағы тұрақты жұмысқа 50-ден астам жұмыс берушіден 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, осындай іс-шаралар аясында жастарды қолдау жалғаса бермек.

 – Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі – жұмыссыз жүрген жастарға өзіне лайықты мамандық табуға, жұмыс берушілерге қажетті кадрлармен танысуға мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңы. Бүгінде еңбек нарығында білікті кадрларға сұраныс өте жоғары. Қоғамда жұмысшы мамандығына деген көзқарасты өзгерту – біздің басты міндетіміз. Сондықтан бүгінгі іс-шара жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастар үлесін азайту және жас азаматтардың еңбек нарығына араласуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр,– деді Дауыл Ынтықбайұлы. Жәрмеңкеге келушілерге орталық мамандары жастарды жұмысшы мамандықтарын таңдауға ынталандыру, кадрлар даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту мақсатында кеңес беру жұмыстарын жүргізді.

– Жәрмеңкеге өзімнің таңдаған мамандығым бойынша ұсынылып отырған бос жұмыс орындарын көруге арнайы келдім. Сонымен қатар өзімнен кейінгі қарындасым мен інілерім үшін де лайықты жұмыс қарап жатырмын. Жұмыс іздеуші жастарға арналған мұндай іс-шаралар жұмысқа тезірек орналасуға ықпал ететіні анық. Мәселен, бұл жәрмеңкеде елуден астам жұмыс беруші әртүрлі сала бойынша қызмет орындарын ұсынып отыр. Жәрмеңкеге келуші жастардың бір бөлігі өз мамандықтарына сәйкес келетін орындарды бірден таңдап, тиісті құжаттарын тапсыруда. Сонымен қатар жұмыс беруші тарап өкілдері әрбір үміткерге жан-жақты кеңес беріп, еңбек шарты мен талаптары жөнінде толыққанды ақпарат ұсынуда. Мен өз мамандығым бойынша нақты бос орын таба алмағаныммен, қарындасым мен інілерім үшін бірқатар жұмыс берушілердің байланы с деректерін жазып алдым. Алдағы уақытта сол мамандармен хабарласып, олардың нұсқаулықтары негізінде әрекет етіп, бауырларымды тұрақты қызметке орналастыруды көздеп отырмын. Сөзімді толықтыра кетейін, өзім 2024 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, математика бағытында мамандық иесі атандым. Алдағы уақытта өз біліктілігімді одан әрі шыңдап, еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуды алдыма мақсат етіп қойдым, – деді Тараз қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Нұғмансая.

Іс-шара қорытындысы бойынша жәрмеңкеге 400-ге жуық жұмыссыз жас қатысқан. Олардың қатарында жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, тәжірибесі бар мамандар, сондай-ақ алғашқы жұмыс орнын іздеп жүрген азаматтар бар. Осы іс-шара барысында қатысушылар түрлі саладағы жұмыс берушілермен тікелей жүздесіп, бос орындар жайлы толыққанды ақпарат алды. Кәсіпорын өкілдері өз мекемелерінің қызмет бағытын, еңбек талаптары мен жалақы көлемін, әлеуметтік жеңілдіктерін жан-жақты таныстырды. Нәтижесінде ұйымдастырушылар 120- ға жуық түйіндемені қабылдап, оларды тиісті жұмыс орындарына жолдады. Олардың ішінде 36 үміткер бірден жұмысқа қабылдану мүмкіндігіне ие болса, оның 21-і тұрақты жұмыспен қамтылып, еңбек келісімшарты негізінде жұмысқа кірісетін болады. Ал қалған 15 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында тиісті мекемелерге жіберілді.

Осындай жәрмеңкелер аясында бірнеше азамат өзіне қатысты мамандық иелері атанары сөзсіз. Бір күн ішінде ондаған азаматтың жұмыс табуы өңірдің өркендеуіне сеп болары анық. Сондай-ақ жастар үшін мұндай жәрмеңкелер еңбек нарығына тез араласып, кәсібилі біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік береді.

        Мұқағали БАЛТАБАЕВ

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар