
Қазақстан Республикасының 2015 жылы 23 қарашада бекітілген еңбек нормаларын реттейтін заңында «демалыс» деген сөзге келесідей анықтама берілген екен: «демалыс – жұмыс орны мен осы Кодексте белгіленген жағдайларда орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыскердің жыл сайынғы демалуын қамтамасыз ету немесе әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату». Яғни демалыстың еңбек жағдайында екі түрі бар. Ол жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы және әлеуметтік демалыстар. Мұның ішіне апта сайын демалатын күндеріміз бен мерекелік демалыс күндері де кіреді.
Елімізде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес орташа алғанда жиырма төрт күнтізбелік күн есебінде белгіленген. Әрине, бұл белгілі бір заңнамалық құжаттармен қарастырылған қосымша демалыстарды қоспағанда. Демек, жыл ішінде кез келген еңбек шартын жасасқан жалдамалы жұмысшы жыл ішінде барлығын қоса есептегенде кемі 24 күн ақы төленетін еңбек демалысын алуға құқылы. Бұл Еңбек кодексінің тынығу уақытын реттейтін 7-тарауында көрсетілген. Ал әлем бойынша «ақылы еңбек демалысы» деген ұғым алғаш ХІХ ғасырдың екінші жартысында Францияда ғана пайда болғанын біліп пе едіңіз?! Расында, бұл кезеңге дейін арнайы өндіріс орындарының өз талаптары, еңбек адамдарының құқын қорғау, оларға жағдай жасау қажеттілігі сөз болғанға дейін адамдардың басым көпшілігі өндіріске емес, жеке шаруашылығына тәуелді болып, әдетте діни мереке күндерінде ғана өздеріне демалыс жариялаған. Соның бірі – алғашында тек жексенбі, кейін оған қосылған сенбі күнгі демалысы христиан нанымы бойынша енген мереке күндері саналған.
Ал ауылшаруашылығы, шағын шеберханалар сынды кәсіп түрлері тек маусымдық жұмыстар жасағандықтан жыл мезгіліне қарай демалысқа шығып отырған. Адам санасымен қоса қоғамдық қатынас пен өндірісте де эволюциялық дамудың, өндіріс орындарының кеңейіп, құлиеленушілік кезеңі тәмамдалып, «жалдамалы жұмысшы» ұғымы пайда болумен қатар, олардың да өз талаптары, құқықтары мен міндеттері айтыла бастады. Ол – екіжақты қатынастан туындаған қажеттілік еді. Дегенмен қарапайым жұмысшылардың еңбек құқығы ХХ ғасырдың ортасына дейін ысырылып келгеніне тарих куә.
1853 жылы ІІІ Наполеонның жарлығы мен мемлекеттік қызметкерлерге алғаш рет 15 күндік ақысы төленетін еңбек демалысы берілген. Бұл үрдіс арада 18 жыл өткенде Британияда жалғасын тапқан. Британия патшайымы Виктория мемлекеттік мерекелер туралы заңға қол қойып, Англия мен Ирландияның қызметкерлері төрт, ал Шотландия қызметкерлері бес мерекелі күнде ақылы демалысқа шығу мүмкіндігіне ие болған. ХІХ ғасырдың соңына қарай Еуропаның біраз жұмысшылары да ақылы еңбек демалысына шыға бастады. Әдетте олардың қатарында фабрика басшылары мен аға менеджерлері болған. Парижде 1900 жылы метро қызметкерлері, 1905 жылы электротехника өнеркісібінің мамандары, 1906 жылы газ өндіруші зауыт жұмысшылары он күннен, ал 1907 жылдан бастап 12 күннен ақылы еңбек демалысына шыға бастаған. Ал сатушылар мен кеңсе қызметкерлері бір апталық демалыс алуға тек 1913 жылы рұқсат алған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Францияда еңбек демалысын алу құқығы өзге де сала қызметкерлеріне беріле бастады. Алғаш рет қарапайым жұмысшылардың ақылы еңбек демалысына шығу мәселесін 1911 жылы британдық кәсіподақ ұйымы – тред-юнион конгресі көтеріп, нақты жұмыстар жүргізе бастаған.
Тарихтан белгілі, қарапайым жұмысшы мен жұмыс берушілердің арасында еңбек құқығын реттеуге байланысты түрлі митингілер, келіссөздер, тіпті үлкен қақтығыстар да орын алған. Тіпті 8 наурыз мерекесінің өзі де жұмысшы әйелдер құқығын қорғаудан туындаған мейрам екенін білеміз. Сондай келіссөздер арасында 1910 жылы Америка президенті Уильям Говард Тафт жұмыс өнімділігін арттыру үшін қызметкерлерге жылына екі-үш айлық демалыс беру керектігін де ұсынған екен. Алайда ол ұсыныс конгресте жарамсыз деп ұйғарылып, мәселе қайта көтерілмеген. Дегенмен кей салаларда қосымша демалыстар берілу арқылы екі айға жуық ақысы төленетін еңбек демалыстары қарастырылған. Соның ішінде мұғалімдердің еңбек демалысы барша әлем бойынша ең ұзақ ақылы еңбек демалысы болып саналады. Әлем бойынша ең көп демалатын мұғалімдер Қытайда тұрады. Оларда демалыс екі рет беріледі. Оның бірі – жазда екі ай болса, қысқы жаңа жыл мерекелерінде бір айға жуық демалысы тағы бар. АҚШ, Финляндия, Ресей, Қазақстан және өзге де ТМД мемлекеттерінде орташа алғанда мұғалімдер екі ай демалады екен. Ал ең аз демалатын мұғалімдер жапондық ұстаздар екенін ашық дереккөздерден аңғаруға болады. Олар өзге де қызметкерлер сияқты бір айға жуық мерзімге демалысқа шығады.
Шын мәнінде, қызметкердің еңбек өнімділігі еңбек демалысының ұзақтығы емес, оның сапасын арттыратынын да ұққан жөн. Ол үшін оны дұрыс ұйымдастырылып, алдын ала жоспарлау да керек.
Ал қазақстандық жұмысшылар КСРО құрамында болған барша мемлекеттер сияқты 1918 жылы 14 маусымда Лениннің бекіткен ережесіне сай «ақылы еңбек демалысын» алуға құқылы болды. Ол кездегі еңбек демалысының ұзақтығы екі апта еді.
Ақылы еңбек демалысы туралы мәселе халықаралық ұйымдармен кейін де, нақты айтқанда, 1936, 1948, 1970 жылдары көтерліп жүрді. Өйткені бұл кездері әлі де болса ақылы еңбек демалысы берілмейтін салалар әртүрлі мемлекеттерде бар еді. 1970 жылы халықаралық еңбек ұйымы жылына бір рет берілетін ақылы еңбек демалысының ұзақтығын екі аптадан кемі үш аптаға дейін созу керектігін де белгілеген. Ал 1980 жылдары бұл мерзім жылына 4 аптадан кем емес, яғни 28 күнге дейін созылды. Алайда Еуроодақ тарапы мұндай ақылы демалыстардың болуына өз қарсылықтарын да жеткізген. Бұл даудың нүктесі 1993 жылы 23 қарашада қойылды. Британия өкіметі өз кезегінде мұндай мәселелер ұжымдық еңбек шарты негізінде реттелуі керектігін ұсынған.
А Қ Ш – та еңбек демалысының көлемі 10-14 күн. Оның өзінде заң жүзінде азаматтарына ақылы еңбек демалысына кепілдемесі жоқ. Кей компанияларда қызметкерлері еңбек демалысына шықпай жұмыс істейді немесе демалыс мерзімінде тиісінше ақы алмайды. Мұндай үрдіс жапондықтарда да байқалады екен. Олардың демалыс ұзақтығы бір компанияда жұмыс жасаған мерзіміне қарай есептелетін көрінеді. Соның өзінде ең ұзақ еңбек демалысының көлемі 20 күннен аспайды. Сондай-ақ бұл мемлекеттерде мереке күндерінде еңбек ақысы сақталмайтындығы да айтылады.
Бұл мәліметтерді кез келген адам ашық дереккөзден оқи алады. Ізденемін деген адамға шектеу жоқ. Қызығы, біздер соншама қызығатын мемлекеттерде адам құны оның жұмыс өнімділігімен ғана өлшенеді. Яғни қай жерде де қара жұмыстағы халықтың басым көпшілігі әлінің жеткенінше күнелтеді. Салыстырмалы түрде өз еліміздің азаматтарына мемлекетіміздің берері мүмкіндіктері мен кепілдемелері әлдеқайда көп екенін ұғамын.
Құрметті оқырман, еңбек демалыстарыңыз сәтті болып, жаңа күш-қуатпен орындарыңызға оралуларыңызға тілектеспіз.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі