
Қай кезеңде де жұмысшы мамандар ел экономикасының берік іргетасы саналды. Бұл түсінік уақыт өткен сайын өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда да қарапайым еңбек адамына деген сұраныс пен құрмет арта түсуде. Өйткені елдің әлеуметтікэкономикалық дамуы, халықтың күнделікті тынысы дәл осы жандардың еңбегінің арқасында қамтамасыз етіледі.
Осындай азаматтардың бірі – Аса ауылының тұрғыны, өмірінің қырық жылға жуық уақытын байланыс саласына арнаған Жеңіс Әбдіғалиев. 1966 жылы Жамбыл ауданында дүниеге келген ол бала күнінен еңбекке бейім болып өсті. Ата-анасының қарапайым тұрмыс-тіршілігі мен еңбекқорлығы Жеңіс Сейдіғалиұлына үлкен өмірлік сабақ болды. 1983 жылы мектепті тәмамдаған соң әскер қатарына алынып, азаматтық борышын абыроймен өтеп келді. Әскердегі тәртіп пен шыңдалу оны болашаққа нық қадам басуға үйретті.
1987 жылы Жеңіс Әбдіғалиев «Қазақтелеком» мекемесіне кабель дәнекерлеуші ретінде жұмысқа орналасып, содан бері 38 жыл бойы бір салада табандылықпен қызмет етіп келеді. Байланыс жүйесінің тұрақты әрі сапалы болуы – оның тікелей еңбегінің нәтижесі. Бұл мамандық сырт көзге қарапайым көрінгенімен, аса жоғары жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан елді мекендердегі байланыс жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Жеңіс Сейдіғалиұлының күнделікті атқаратын міндеті. Кабель дәнекерлеушінің бір күндік жұмысы бірнеше ауылдың, тіпті бүтін бір ауданның байланыс жүйесін қалпына келтірумен тығыз байланысты. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ ел өміріндегі маңызы зор мамандық. – Әр адам өз орнында адал қызмет етсе, мемлекеттің іргесі мығым болады. Мен – дәнекерлеушімін, бірақ соның өзі тұтас бір елдің тынысына әсер етеді. Жұмысшы болу, елге адал қызмет ету – кемшілік емес, керісінше, үлкен абырой. Жастар осыны түсінсе екен деймін. Елді көтеретін – еңбек. Ал еңбек ете білетін адам – қай кезде де бағалы, – дейді ол. Бұл сөз – өмірлік тәжірибеден туындаған шынайы пайым. Өйткені қазіргі заманның тыныс-тіршілігі дәл осындай мамандардың біліктілігі мен еңбегіне тәуелді.
1989 жылы шаңырақ көтерген Жеңіс Сейдіғалиұлы бүгінде бір қыз, екі ұл тәрбиелеп, он немеренің қызығын көріп отыр. Балаларына еңбекқорлықты, қарапайымдылықты, адалдықты үйретіп, өмірлік ұстанымын іспен жеткізіп отырады. Ол: «Қандай мамандықты таңдасаң да адал бол. Мейлі құрылысшы, мейлі жүргізуші, мейлі дәнекерлеуші бол – ең бастысы, саған ел сенетіндей болсын», – деп балаларының тәрбиесіне қатты мән беріп келеді.
Жеңіс Сейдіғалиұлына «Қазақтелеком» мекемесінің ұжымы да, ауылдастары да ерекше құрметпен қарайды. Бір салада үздіксіз еңбек етіп, кәсібіне адалдық танытқан мұндай азаматтар көпке үлгі. Ол ешқашан марапат пен атақ үшін жұмыс істеген емес, басты мақсаты – елге адал қызмет ету.
Күн сайынғы тыныштығымыз бен тіршілігіміздің артында дәл осындай бейнетін бұлдамаған, маңдай терін елге арнаған жандар тұрғанын ұмытпауымыз керек. Қала мен ауылдың арасындағы алшақтықты сездірмей, еліміздің түкпір-түкпірін заманауи байланыс жүйесімен қамтамасыз етіп отырған ұжымдағы әрбір жетістіктің артында Жеңіс Сейдіғалиұлы сынды мамандардың маңдай тері бар. Қазіргі уақытта жаңа технологиялар қарыштап дамығанымен, байланыс жүйесінің тұрақтылығы мен сапасы дәл осы көзге көрінбейтін, бірақ еңбегі ерен адамдардың қолында екені айқын.
Аружан КҮНТУБАЙ,
журналист.
Жамбыл ауданы