Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әскерде көп нәрсенің қадірін түсіндім

Әскерде көп нәрсенің қадірін түсіндім
Ашық дереккөз
Мектепті Алматы облысының Талғар ауданындағы Жалқамыс ауылында аяқтағаныммен, студенттік жылдарымды Тараз қаласында өткіздім. Жастығымның қызық кезеңдері көне шаһарда өткендіктен осы қалада еңбек етіп қалуға шешім қабылдадым. Жоғары оқу орнын тәмамдап, облыстық жастар ресурстық орталығында еңбек жолымды бастадым.

Жұмыс істеп жүрген кезімде жылына екі рет әскерге шақыру қағазы келіп тұратын. Басында аса назар аудармай, «1 жыл уақытты босқа өткіземін бе?» деген ойдың жетегінде жүре бердім. Сөйтіп жүргенде 2 күннің ішінде шешім қабылдап, әскерге аттанып кеттім. Содан Қарағанды қаласындағы Ұлттық Ұланның 6505 әскери бөлімінен бір-ақ шықтым. 40 күн шеберлігімізді сонда шыңдадық. Басында м ен үшін бәрі таңсық болды. Әскери тәртіп, қатал қағидалар еркіндікте жүрген әрбір жігіт үшін қиынға соғады. 40 күннен соң әскери ант қабылдап, Абай ауданындағы 7-жеке атқыштар ротасына аттандық. Сол жерде жауынгерлік қызметті үйрендік. Әскери қызмет қиын болғанымен қызығы қатар жүреді. Бірде осындай қызық оқиға болды.

Таңғы жаттығуымызды жасап, жуынып болғаннан кейін әдетте сарбаздар өздері ұйықтайтын бөлмелерді тазалап жууға кіріседі. Қарулас досым Д.Әбденов екеуміз де өз кезегіміз бойынша бөлмені тазалауға бет алдық. Әрине, жас болғаннан кейін бір-біріңмен алысып ойнайсың. Әзілдесіп, жұдырықтасып тұрғанымызда ротаның барлық бөлмелерін, аймағын камерадан қарап отыратын кезекші жетіп келді. «Сендерді рота командирі шақырып жатыр» деді ебіл-дебіл болып. Екеуміздің көңіл күйіміз бірден түсіп кетті. Басымыз салбырап рота командирінің алдына бардық. Барсақ, ол кісі ашуланып отыр екен. Шынымен төбелесіп жатыр деп ойлап, бізге ұрысып та алды. Жалғыз ақталар сөзіміз «Капитан мырза, кінәлімін» деп айту. Ол кісіні де түсініп тұрмыз. Төбелестен денеге зақым келеді дегені шығар. Содан екеумізге шелекпен су алып келуді тапсырды. Міндетті түрде ішінде шүберек болуы керектігін айтты. Айтқанын орындап, алып келдік. Мұқият тексеріп алды да «Жаза ретінде екеуің осы шелекті 1 ай бойы көтеріп жүресіңдер» деді. Екеуміз бір-бірімізге қараймыз. Солай шелегімізді қолға ұстап, кабинеттен шығып кеттік.

Күн тәртібі бойынша казарма алдында күнделікті офицерлер, сержанттар және жеке құрамның қатысуымен жиын өтетін. Сол жиын барысында рота командирі екеумізді шақырып, жеке құрамның алдында тағы да ұрысты. Әлгі шелекті қолға ұстап жүретінімізді де қатаң ескертті. Жиыннан кейін күлкіге қалдық. Бірақ сол шелекті 1 сағат та ұстап жүрмедік. Рота командирінің де есінен шығып кеткен секілді. Қазір еске түссе, еріксіз езу тартамыз.

Өзім Жамбыл облысының атынан түрлі деңгейдегі ақындар айтысына қатысып, жүлдегер атанып жүргенмін. Сол өнерім ротадағы офицерлер мен сержанттарға қызық көрінді. Көптеген мерекелерде арнау айтып, ән шырқап, ротада аздап абырой жинадым. Бірде 6 айдан кейін жаңа буын келіп қосылды. Орысша «молодойлар» деп жатады ғой. Сол жаңа буынның арасында да айтысқа қатысқан, сөзге шешен бір жігіт бар екен. Оны сырттай естіп қалдым, бірақ мән бермедім. Бір күні бақылау пунктінде қызметімді атқарып тұрсам бір сарбаз жетіп келді. «Сені шақырып жатыр» деді. «Не болып қалды екен?» деп барсам, әлгі ақын жігітке шапан кигізіп, қолына домбыра ұстатып, сахнаға шығарып қойыпты. Көрермен ретінде жиналған барлық офицерлер мен сержанттар бізді күтіп отыр. Тәуекел деп айтысты бастап кеттік. Тойда, аста, құдалықта айтысып жүрген маған әскерде айтысқан қызық көрінді. Ел қыран-топан күлкіге қарық болды. Ротамызда қатал Оспанов деген сержантымыз болатын. Ұрысқанда жер-жебіріңе жететін.

Сол айтыста қызды-қыздымен:

Несіне жарысасың бестіменен,

Бүгін бір шайқас болды кескілеген.

Жарқын-жарқын сөйлейсің, інішегім, Б

ақытқа жете алмаған ешкім ерен.

Бірақ оған таңғалмаймын, баласың ғой

Оспановтың айғайын естімеген,– деп төкпелеттім.

Бізде бұзықтау, ротада бәрі именетін Базарбаев деген сарбаз болатын. Бір қызығы рота командирінің де тегі Базарбаев. Содан айтыстың соңына таяу қарсыласым әлгі бұзық сарбаз Базарбаевтан қорықпаймын деп қағып салды.

Сонда мен: Бұл өмір бір күн бастан көшеді ғой,

Қарсылас осы айтыстың шешені ғой.

«Базарбаевтан қорықпаймын» деген сөзі,

Әншейін былжыраған өсегі ғой.

Кеше келген баласың, біліп қойшы,

Біле жүрсең өркенің өседі ғой.

Жетінші ротадағы мәселені,

Тек Базарбаевтар шешеді ғой, – деп айтып жібердім.

Осы айтыс біткен соң әлгі сержант Оспановтан бір айқай естіп алдым. Бірақ не үшін екенін сол күйі түсінбедім. Ал рота командирі Базарбаев жеке жолығып, өзімнің айтқан шумағымды маған айна-қатесіз жаттап айтып бергенде қатты таңғалдым. Сол жерде ризашылығын білдіріп кетті. Осылай 365 күннің қалай өткенін байқамаппыз. Айтпақшы, сол 1 жыл ішінде мені сарбазы емес, інісіндей көрген капитан Ержан Кусановқа алғысым зор. «Өнерлі жігіт екенсің» деп арқамнан қағып, дұрыс жолға бағыттады. Бір қызығы, әлі күнге дейін аға-іні ретінде араласып, хатхабар алысып тұрамыз. Мен үшін 1 жылдық әскери өмір көзді ашыпжұмғанша өте шықты. Әскерде ата-ананың, туыстың, бауырдың, уақыттың қадірін түсіндім.

Медеу МЫРЗАТАЕВ,

облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар