
Ғалымның Мұхтар Әуезов тарапынан жазылған Абайдың ғылыми өмірбаянынң төрт нұсқасын (1933, 1940, 1945, 1950 жылдар) архив сөрелерінен тауып, бір жерге топтау арқылы «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты кітапты құрастырып шығуында талай сыр тұнып жатқандай. Профессор өзінің ғылыми жаңалықтарында абайтанудың ендігі жолы Мұхтар Әуезовтің ақын еңбектерін танудан, жалпы мұхтартанудан басталуы тиіс екенін тілге тиек етіп: «Біз Абайды танудың, танытудың ендігі жолы Мұхтар Әуезовтің ақын жайлы еңбектерін танудан, соларды зерделепзерттеп білуден, қысқасы, мұхтартанудан басталуы тиіс демекпіз», – дейді. Демек, ендігі жағында Абай өмірін зерттегенде М.Әуезовтің ғылыми зерттеу жұмыстарын негізгі басшылыққа алып, зерделеп-зерттеу арқылы ғана көп нәрсеге қол жеткізе алмақпыз.
Абай шығармаларымен қоса, ақын өмірбаянын да хатқа түсіру жұмысы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бұрын басталғаны туралы М.Әуезовтің: «...революциядан бұрын Абай жөініде ешнәрсе жазылмады, айтылмады деуге болмайды... Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған... Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әралуан сипаттарын, өз шамасынша көпшілікке мәлімдеп отырған үлкендікішілі танытқыш сөздерді, деректерді іске асыруымыз керек», – деген аталы сөзінде өзіне дейін де «Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әралуан сипаттарын» сөз етушілер болғаны туралы меңзей сөйлегені байқалады. Мұхтар Әуезовтің сол меңзей сөйлеген аталы сөзіндегі шындықтың бетін ғылыми негізде ашып танытқан да ғалым М.Мырзахметұлы. «Міне, М.Әуезовтің осы пікірінде айтылған ұлы ақын мұрасын танытқан үлкенді-кішілі айтылып өткен ой-пікірлері мен дерек-мағлұматтарды әдеби-ғылыми зерттеу еңбегін көре тұра көрмедік, біле тұра айтпадық... Яғни бұлардың бәрі де жаңа буын жас ұрпақтың назарынан саналы түрде жасырылды...», – дейді Мекемтас ағамыз.
Мекемтас Мырзахметұлы М.Әуезовтің жоғарыдағы пікіріндегі астары мол бүгулі деректердің көмбесін ашу үшін абайтанудағы ақтаңдақт а р ды ң ( Ә . Б ө к ей х а н о в , А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев. Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы, Т.Абайұлы және т.б.) баспасөз беттеріндегі ертеде жария лан ған еңбектерін 1993 жылы топтастырып, «Абайды оқы, таңырқа» деп аталатын жеке жинақ шығарды.
Абайдың ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасы 1920-1950 жылдар аралығында М.Әуезов тарапынан ұзақ уақыт жазылғаны белгілі. М.Әуезов қаламынан туған Абайдың ғылыми өмірбаянын терең зерттеп білу арқылы ғана ақын жасаған заман шындығы мен шығармаларындағы озат пікірлердің дүниеге келуін, ақын мұрат-мақсаттарын және бізге беймәлім өмірдеректердің сырын біле алмақпыз. Осы 1933, 1940, 1945, 1950 жылдары толықтырып жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасын шаң басып жатқан архивтен шығарып, оларды жүйелеп бір жерге топтап, ғылыми еңбек шығару мәселесі 1982 жылы М.Мырзахметұлы тарапынан көтерілді. Арада он бес жыл өткенде, дәлірек айтқанда, 1997 жылы М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы қарсаңында мәселені көтеруші автордың алғысөзімен «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты оқу құралы көптен күткен оқырмандарына жол тартты. Осы кітаптың «Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы» деген бірінші бөлімінде М.Мырзахметұлы: «М.Әуезовтің Абай өмірбаянын жазғандағы төрт нұсқаның ішіндегі айырмашылықтар мен өзгерістердің сырын терең танып ашып отыру, олардың себебін білу – абайтану тарихы үшін керектің керегі болып табылады», – деп келелі мәселе көтерген. Қазір осы мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынып жатыр.
Мекемтас Мырзахметұлы – Абай шығармаларының текстологиясына ерекше көңіл бөлген ғалымдардың бірі. Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы өмірбаяндық мағлұматтарды жақсы білгені соншалық, сол деректерді қажет жерінде пайдаланып, сөйлеткен. Өмірбаяндық мағлұматтарға ерекше көңіл бөлген ғалым 1976 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бір басылымдағы кемшіліктерді байқап: «Әбдірахман науқастанып жатқанда» өлеңінде:
«Жарылып ауыз ашты,
Жарасы жарасты.
Жарасыз біреуі,
Неліктен ұйқы ашты», – дегендей, Абай қаупінің төркінін дәл танытатын жалғыз шумағын ғана кесіп тастау да әбестік. Қайта осы шумақта айтылған Абайдың деректі ойлары Әбдірахманның ауруы жөнінде СанктПетербургтегі Михайловский атындағы Артиллериялық училищенің архивінде жатқан мәліметтермен бірдей шығуы қай зерттеушіні болса да елеңдеткендей. Классиктерін қастерлеп, ардақтауды орыс әдебиетінің озат та сергек дәстүрінен үйренетін уақыт жетті емес пе? Олар болымсыз соны деректің ізі табылса, барлық баспа орындары жарыса жазып, оқырманға жеткізгенше асығады ғой. Ал редактор артықсынып шығарып тастаған аталмыш шумақ қаншалықты нақтылы деректердің көзі жатқанын түсіндірме арқылы ашып берудің орнына, жеңілге сайып, түсіріп тастағанда не ұттық?», – деп, ақын өмірінде орын алған осы өлеңдегі нақтылы өмірбаяндық фактілерді аша түсу керектігін ескертеді.
Әр жылдары жазылған ғылыми түсініктерде абайтанушылар М.Әуезов ұстанған принципте н ауытқымай, Абайдың кей өлеңдерін міндетті түрде жақшаға алып, мысалы, «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» деген шартты тақырыппен басып келгені байқалады. Осы орайда М.Мырзахметұлы: «Бұлай ететін себебі, Абай өз өлеңдеріне арнайы тақырып қоймағандықтан автор ырқынан тыс, өлең мазмұнын ескертуден туған шартты атаулар екенін білдіруден туған еді. Абай шығармаларының текстологиялық табиғатын жете танығаннан кейін арнау өлеңдердің осылайша жаңа атаулармен берілуін жөн көрген. Арнау өлеңдерді бұлайша атау – шартты тақырып екенін ескертуден туған. Абайдағы арнау өлеңдер тақырыбын осылайша атауды қалыптастырған М.Әуезов дәстүрі келешекте әлі де сан рет жаңғырып басылар Абай шығармаларында сол қалпын бұзбай сақтала бергені дұрыс», – деп ой қозғайды.
Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
абайтанушы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Бауыржантану»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі