
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткен байқаудың басты мақсаты – Абай шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті, ана тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын жаңғырта отырып, өлмес ғибратының өміршеңдігін насихаттау, жастарды ақын поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Сайысқа қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңнің шарты бойынша үміткерлер «Абайдың ұлы мұрасы» тақырыбында ақынның шығармашылығы мен ел тәуелсіздігін байланыстыра отырып, өзінің қатысуымен 2 минуттық бейнеролик (үй тапсырмасы) дайындауы қажет. Ал екінші кезеңде қатысушылар М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзінді немесе А б а й Құнанбаевтың бір қарасөзін мәнерлеп жатқа оқыды. Үшінші айналымда ақын өлеңдерін оқып және әндерін нақышына келтіріп шырқады. Б а й қ а у ғ а Тараз қаласынан және әр ауданнан 17-35 жас аралығындағы 13 үміткер қатысты. Ұйымдастырушылардың бекіткен ережесі бойынша қатысушы байқауға жан-жақты ізденіп, үлкен дайындықпен келуі қажет.
Үміткерлердің өнерін А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, танымал театр және кино актері Жүніс Әлімбеков, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралардық өткізілетін облыстық орталығының драма студия жетекшісі, республикалық, халықаралық балалар театрлары байқауларының лауреаты, көркемсөз шебері Айнагүл Есімбекова, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Аяулым Жаманқұл бағалады.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демеккші, байқау қорындысы бойынша бас жүлдені тараздық Ерлан Нұрланов жеңіп алды. Жүлделі бірінші орын Шу ауданынан келген Нұрғожа Жалғасқа бұйырды. Ал Арзуми Әбдіқадыр екінші орынға лайық деп танылса, Орынкүл Юнусова мен Мөлдір Сұлтанқұл үшінші орынды өзара бөлісті. Жүлдегерлер мен қатысушыларға арнайы алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ