Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразда тағы бір «Студенттер үйі» пайдалануға берілді

Таразда тағы бір «Студенттер үйі» пайдалануға берілді
Алтынбек Қартабай
Облыста бай-бағландардың өз мүддесі үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандары жетерлік. Біздің айтпағымыз, қалталылар арасында жаратылысынан жаны жомарт, «Бәрі де елге болсын» деген ниетпен күн кешетіндері халық қажеттілігі үшін қандай да бір нысанды не құны қымбат мүлікті елге басыбүтін сыйға тартатыны. Әрине, олар қаржысын қайда жұмсарын білмегеннен немесе мақтангершіліктен емес, «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін!» деген тәмсілді жадында мықтап ұстағаннан осындай азаматтық кейіп танытып жатады.

Облыста бай-бағландардың өз мүддесі үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандары жетерлік. Біздің айтпағымыз, қалталылар арасында жаратылысынан жаны жомарт, «Бәрі де елге болсын» деген ниетпен күн кешетіндері халық қажеттілігі үшін қандай да бір нысанды не құны қымбат мүлікті елге басыбүтін сыйға тартатыны. Әрине, олар қаржысын қайда жұмсарын білмегеннен немесе мақтангершіліктен емес, «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін!» деген тәмсілді жадында мықтап ұстағаннан осындай азаматтық кейіп танытып жатады.

Одан бөлек кәсіпкерлердің кейбірі мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік маңызы бар нысандарды өз қаржысына салып, ары қарай жергілікті билікпен бірлесе жұмыс істейді. Бұл мемлекеттікжекешелік әріптестік аясында жүзеге асатын шаруа. Кәсіпкер мен жергілікті жердегі мемлекеттік құрылымның ынтымақтастығы арқылы атқарылып жатқан мұндай істің де мемлекет пен халық үшін пайдасы көл-көсір. Қалталы азаматтар қаржысын той-томалаққа жұмсамай, балалардың тәрбие-білім алуына, білім қуған жастардың тұрмыстық жағдайын жақсартуына арнауы ел дамуына қосылып жатқан шынайы үлес деуге болады. Сөз арасында «жастардың тұрмыстық жағдайы» деуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені ауыл баласы қалалық жерге оқуға түссе, оларды ең алдымен жатын орын қинайтыны баршаға аян. Сондықтан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында студенттер үшін қандай да бір жатақхана бой көтерсе, оны қоғам құлшына құптайды.

Кеше Тараз қаласында осындай бір «Студенттер үйі» пайдаланылуға берілді. «Jastar Fest: Жаңа бастама – жаңа баспанадан» жобасы аясында, әлеуметтік серіктестік негізінде салынған бұл «Студенттер үйі» Абай атындағы Ж амбыл гуманитарлық жоғары к олледжінің білім алушыларына арналған. 120 орындық жатақхана жеке кәсіпкер Меиз Рыспаеваның жеке қаржысы есебінен салыныпты. Аталған жатақханада колледж студенттері үшін барлық жағдай жасалыпты. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі. – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі – ең көне білім ошағының бірі. Бұл – қазақтың талай ғұламалары шәкірттерге дәріс оқыған білім мекемесі.

Бүгінгі іс-шара мен үшін ерекше сипатқа ие. Өйткені биыл хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы еліміз бойынша кең көлемде аталып өтіп жатса, Абай атындағы осы оқу орны студенттерді баспанамен қамтуда. Бұл игі істің Халықаралық жастар күнімен тұспа-тұс келуі де нұр үстіне нұр болып тұр. Осы ретте колледждің әлеуметтік серіктесіне үлкен алғыс білдіргім келеді. Ғимарат студенттердің үлкен жетістіктерінің бастамасы болуына тілектеспін! Заман талабына сай салынған бұл мекеме жастардың лайықты тәрбие алуына, жақсы достар табуына, ел үшін жемісті қызмет етуіне септігін тигізе берсін, – деді басқарма басшысы.

Бұдан кейін құрылтайшы Мадияр Дәуленов сөз сөйлеп, колледж атынан кәсіпкер М.Рыспаеваға алғыс хат табыс етілді. Жатақхананың лентасы қиылып, жұртшылық жаңа ғимаратты аралап көрді.

– Бір бөлмеде 4 студент бірге жатады. Мұнда оқу және демалыс орындары, асхана мен киім жуу бөлмелері бар. Норматив бойынша бір бөлме 24 шаршы метр болуы қажет болса, ал мұндағы бөлменің әрқайсысы – 33 шаршы метрден. Демалыс бөлмелерінде теледидар орналасқан. Сонымен қатар қабырғаға арнайы стенд орнаттық. Ол жерге студенттер өзіне не қажет екенін жазып, іліп қоятын болады. Біз жатақхана тұрғындарының талап-тілегін осы арқылы шетінен орындайтын боламыз, – деді Мадияр Әсембекұлы.

Колледжде 2-курс студенті Аяла Амангелді бұрын «Болашақ» колледжінің Жамбыл даңғылында орналасқан жатақханасында жатып оқыпты. Ол жерге айына 17 мың теңге ақы төлесе, ал мұнда айына 23 мың теңге төлемек.

 – Байзақ ауданының Жаңатұрмыс ауылынанмын. Ауылға барып-қайту үшін 2 мың теңгеден 4 мың теңге жолақы кетеді. Сол үшін жатақхана бізге ауадай қажет болып жүрген. «Болашақ» колледжінің жатақханасының бөлмесі тар әрі екі қабатты темір төсек болғандықтан астыңғы қабатына жатуға қыздар таласып қалатын. Мына жатақхананың салынуы бізді шынымен қуанышқа бөлеп тұр. Себебі колледж жолдың қарама-қарсы бетінде орналасқан. Біз мұнда үш туысқан қыз бірге жатпақшымыз, – деді А.Амангелді.

Алғашқы ек-үш ай студенттер 23 мың теңге төлесе, жатақхана бөлмелері студенттерге толғаннан кейін төлемақы көлемі біршама азайтылатын көрінеді. Қазірдің өзінде жатақханаға жатуға 66 студенттен өтініш түсіпті.

Бұдан кейін іс - шара «Jastar Life Talks» мотивациялық форумымен жалғасып, түрлі салада жетістікке жеткен жас мамандар мен танымал тұлғалар студент жастармен кездесіп, мотивациялық ойларымен бөлісті. Мақсат – жастарға шабыт беріп, арманға сенуге, әрекет етуге үндеп, өмірлік және кәсіби бағыттарын анықтауға қолдау көрсету.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар