
2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша Жамбыл облысында халықты скринингтік тексеруден өткізу жұмыстары белсенді түрде жүргізілді. Бұл шараның нәтижесінде мыңдаған адам өз денсаулығына қатысты маңызды ақпарат алды. Жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған тексеруден 58 342 адам өтті. Бұл – жоспарланған 93 917 адамның 62,1 пайызы. Олардың 7,2 пайызынан, яғни 4 216 адамнан ауру белгілері анықталды. Қант диабеті бойынша да дәл осындай көлемде тексеру жүргізіліп, 545 адамнан (0,9 пайыз) дерттің белгілері табылды. Глаукомаға қатысты жүргізілген скрининг нәтижесінде 55 адамда (0,1 пайыз) бұл қауіпті аурудың алғашқы белгілері байқалды.
Әйелдер денсаулығына қатысты зерттеулер де назардан тыс қалған жоқ. Сүт безі қатерлі ісігін анықтау мақсатында 29 188 әйел маммографиядан өтті. Бұл – жоспарланған 48 661 әйелдің 60 пайызы. 40 жастан асқан әйелдер үшін мұндай тексерулер аса маңызды. Себебі бұл жас шамасында қатерлі ісіктің даму қаупі айтарлықтай жоғарылайды. Жатыр мойны обырын ерте анықтауға бағытталған цитологиялық зерттеуден 25 984 әйел өтті, бұл жоспардың 65,5 пайызын құрайды.
Тоқішек пен тікішек қатерлі ісігін анықтау үшін 35 736 адам тексеруден өтті. Бұл – 60,7 пайыздық көрсеткіш. Соның ішінде 320 адамнан (0,9 пайыз) ауру белгілері табылды. Барлық анықталған жағдайлар бойынша азаматтар диспансерлік есепке алынып, тиісті емдеу шаралары басталды.
Скринингтің басты құндылығы – дертті ерте анықтау арқылы асқынуға жол бермеу. Аурудың алғашқы кезеңінде жүргізілген ем әлдеқайда тиімді әрі нәтижелі болады. Сондықтан скринингтен уақытылы өту – әрбір адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі мен қамқорлығының көрінісі. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын бұл тексерулер тегін әрі қолжетімді. Тек ниет пен уақыт болса жеткілікті.
Денсаулық – баға жетпес байлық. Оны қорғау мен сақтау – әр адамның өз қолында. Скрининг – ұзақ әрі сапалы өмірдің жолындағы сенімді қадам. Бүгін тексеріліп, ертеңгі күніңізді қауіпсіз етіңіз.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі