Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Донор болу – азаматтық парызымыз

Донор болу – азаматтық парызымыз
Автор
Қазіргі құлағы түрік көпшілік республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы соңғы кезде еліміздің медицина саласында қол жеткізген жетістіктері жайында мол мәлімет алуда. Атап айтқанда, қазақстандық хирургтер Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, жүрек, сүйек кемігін, жүрек алмастыру операцияларын ойдағыдай іске асыруда. Айта кеткеніміз жөн, кейбір мемлекеттерде ағза алмастыру операциялары әлі қолға алынған жоқ.

Трансплантологияның даму тарихына көз жүгіртсек, 1902 жылы австриялық хирург Е.Ульманн оташылар қоғамының кезекті отырысында алғаш рет бүйректі зертханалық жағдайда трансплантациялау отасын (иттің бүйрегін ешкіге отырғызған) іске асырғаны жайлы хабарлама жасады. Хирургтың бұл бағыттағы жұмысын АҚШ-тың Чикаго университетінің клиникасында А.Каррель жалғастырып, 1904 жылы бүйрек алмастыру операциясын жүргізді. Сөйтіп, трансплантологияны дамытуда сіңірген еңбектері үшін АҚШ ғалымдары арасында тұңғыш рет Нобель сыйлығына ие болған ғалым Алексис Каррель болды.

Әлем ғалымдарының ізденістерінің арқасында 1953 жылы Биллингэм, Брент және Медава «жасанды бүйрек» аппаратын ойлап шығарды. Көп ұзамай дәрігерлер Хьюм, Меррил және Торн алғаш рет адамдарға бүйрек алмастыру оталарын жасап, тәжірибеге енгізді.

Бауырды алмастыру проблемалары бүйректен кейін екінші болып қолға алынды. Бұл бағытта 1955-1965 жылдары зертханалық-тәжірибелік зерттеулер иттер мен жануарларда түбегейлі жүргізілді (әсіресе Уэлчу бастаған топ). 1963 жылы 6 рет адамға бауыр алмастыру отасы жасалды. Бірақ оның барлығы сәтсіз аяқталды. АҚШ және Англия ғалым-дәрігерлері Штарцль,Марчоро (Чикаго), Кэли бауыр алмастыру ісінде ерекше қол жеткізді. 1969 жылы ота жасалған 91 аурудың 10-ы ғана тірі қалды. Ал 1970 жылдың басында әлемде 133 науқасқа бауыр алмастыру отасы жасалып, оның 12-сі тірі қалды.

Қазақстанда ағзаны трансплантациялау (бауыр алмастыру) операциясы тұңғыш рет Алматы қаласындағы А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми зерттеу хирургиялық институтында 1997 жылы жасалды. 2000-жылдары профессор Жақсылық Досқалиев бастаған ғалым-оташылар бауыр циррозында бауыр жасушаларын алмастырып салуды тәжірибеге енгізді.

2009 жылдан бастап елімізде лейкоз ауруларына шалдыққан балаларға сүйек майын алмастыру операциясы жасала бастады. Егер 2009 жылы елімізде органдар мен сүйек майына бар-жоғы 4 ота жасалған болса, 2012 жылы олардың саны 74-ке жетті.

Қазіргі кезде трансплантация экспериментті биология мен медицинада ауто- (өз тіндерін трансплантациялау), гомо- (сондай түрдің донорынан трансплантациялау) және гетеротрансплантация (басқа түрдің донорынан трансплантациялау, мысалы, итке қояннан) кеңінен қолданылады. Трансплантатқа қойылатын басты шарттар: мәйіт жас адамдікі болғаны жөн; қан қысымы қайтыс болғанша қалыпты деңгейде болуы; қатерлі ісік немесе жұқпалы аурумен ауырмағандығы; ауруханада қайтыс болуы (немесе адам қайтыс болар алдында бірнеше сағат ауруханада болғаны) қажет.

Осыдан 13 жыл бұрын біз мұндай ота жасау туралы тек армандап келсек, енді Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын қолдауының арқасында үлкен мүмкіндікке қолымыз жетіп отыр.

Ғалым-дәрігерлердің айтуынша, жасанды жүрек адам өмірін 6-10 жылға, ал жүректі трансплантациялау емделушінің өмірін 20-25 жылға дейін ұзартады екен. Еліміздің заңы көз жұмған науқастың органын туыстарының рұқсатымен трансплантациялауға рұқсат береді. Соған қарамастан, ешкім туысының органын донорлыққа қимайды.

«Енді донор болған адамның туыстарына мемлекет тарапынан көмек беру туралы өзгерістерді Денсаулық сақтау кодексіне енгізіп жатырмыз. Ол өзгерістер күшіне енсе, бәлкім сонда халықтың түсінігі өзгеретін болар», дейді денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

Өйтпегенде, бүгінгі таңда елімізде орган алмастыру кезегінде тұрған 5 мыңнан астам адамның арман-тілегін орындау мүмкін болмай қалады. Сол 5 мыңның тең жартысы бүйрек алмастыру кезегінде тұрғандар. Олардың басым бөлігі 35-40 жастағы науқастар. Арасында өмір бойы диализ алып жүргендер де бар. Бірақ соның бірлі-жарымы ғана операция үстеліне жатады. Көп жағдайда бүйректі туыстары береді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жүректі трансплантациялауға Қазақстан тарихында алғаш рет келісім берілді. Анасының жүрегін Жәнібек Оспановқа, бүйрегін Евгений Курц атты азаматқа беруге келісім берген жігіттің ерлігі өзгелерге үлгі болса, қанеки. Марқұм Галина Воротникованың жүрегі мен бүйрегі екі адамның өмірін ұзартып, олардың жақындарын қуанышқа бөледі. Донордың ағзасын алуға келісім берген отбасының игілікті ісі таңдану мен қошеметке лайық. Себебі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, донордың немесе оның туысқандарының тірі кезінде бас тартқан жағдайда ағзаларын алу процесі жүргізілмейді. Ал егер донор болса, Қазақстан ішкі ағзаларды трансплантациялауға дайын. Ол үшін қазір елімізде мықты кадрлық, интеллектуалдық, ғылыми және ресурстық әлеует те, жақсы материалдық-техникалық база да бар.

Біздің елімізде бүйрек ауыстыру операциясы А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында 1978 жылдан бастап жасалуда. Осынау уақыт аралығында Қазақстанда мыңнан астам науқастың бүйрегін алмастырды. Бүйрек алмастыру операцияларын 2013 жылы Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында профессор Мәди Биғалиев Оңтүстік Корея хирургтерімен бірлесе отырып, облыстық әкімдіктің қолдауымен іске асырды. Осы емдеу мекемесінде бір жылдың ішінде 11 науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Сәл кейін бауыр алмастыру оталары енгізілді. Әрине, бұл шымкенттік әріптестеріміздің үлкен жетістігі екенін мойындауымыз керек.

Ұзақ уақыт өтпей бүйрек және бауыр алмастыру оталарын ақтөбелік дәрігерлер де жасады. 2025 жылдың көктемінде бауыр трансплантациясын Қызылорда қаласының медициналық орталығында алматылық профессор Болатбек Баймаханов бастаған дәрігерлер бригадасы іске асырды. Оның алдындағы жылдары ондаған науқасқа бүйрек сәтті алмастырылған еді. Тараз қаласындағы профессор Сейтхан Жошыбаев жетекшілік ететін кардиохирургия орталығында да өткен жылдары 13 науқастың бүйрегі алмастырылған болатын. Әттең, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен жекеменшік клиникаларға трансплантациямен айналысуға тиым салынып, негізсіз тежеліп қалды. Әйтпесе тиісті құрал-жабдықтары жеткілікті, мамандардың дайындығы жоғары еді.

Дегенмен, бізде жоғарыда атап өткеніміздей, науқас ағзасын алмастыратын донорлық бүйрек, бауыр, жүрек және басқа органдар тапшы, яғни донор жоқтың қасы. Болған күннің өзінде донор болатын адамның денсаулығы жарамайды немесе қан тобы, иммундық жүйелері сәйкес келмейді. Сонымен қатар, кейде діни ағымға беріліп, ұлттық менталитетке ұрынып трансплантацияға кедергі жасалып жататыны жасырын емес.

Жынысы, тегі, нәсілі, табиғаты, өмір сүру ортасы, тіпті ішіп-жейтін тамағы мүлдем бөлек ағзаның бүйрегін жатсыну мүмкін бе немесе бөтен адамның органы қаншалықты сіңісіп кетеді деген сауал кімді де болса бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Нефрологтардың айтуынша, бүйрек (жүрек, бауыр және басқа да ағзалар) адамның жынысына, жасына, ұлтына қарамайды, тіндер иммунды-биологиялық жағынан сәйкес келсе жарай береді. Демек, бүйрек ауыстыру үшін жаңа бүйрек пен науқас адамның ішкі ағзасының 12 факторы толық сәйкес келуі шарт. Сонда ғана ауыстырылған бөгде бүйрек қалыпты жұмыс істейді.

Бүйрегі алмастырылған азаматтар жіті бақылауда болады. Себебі, науқастардың қан қысымы көтеріледі. Бұл – біріншіден. Екіншіден, ауыстырылған бүйрек қанша дегенмен өзге адамдікі болғаннан кейін, ағзада түрлі ауырсынулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан олар тұрақты түрде дәрі ішіп жүруі тиіс. Оларға арнайы тізімге енген дәрілер ақысыз беріледі. Тым ерте басталып, жанға батпай жүре беретін қауіпті аурудың алдын алу үшін шаншу, сыздау сынды белгілері біліне басталысымен-ақ, мамандарға қаралып, тиісті ем қабылдауы керек. Емделу үшін дәрігер тарапынан нақты диагноз қойылуы шарт. Өкінішке қарай, кейбір жағдайда ертерек басталған бүйректің созылмалы жетіспеушілігін дәл анықтау қиынға соғады. Өйткені, жылдар бойы белгі бермеген кесел салдарынан бүйректің көптеген нефрондары өліп қалуы мүмкін.

Иә, қазақстандық дәрігерлер ел сенімі мен үмітін ақтап, халық денсаулығын сақтау ісіне елеулі үлес қосуда. Оларды алда талай биік мақсаттар күтіп тұр. Соңғы жылдары елімізде жүрек, бауыр алмастыру оталары сәтті жасалып, отандық медицинаның алға басуы, ілгері жылжуы байқалса, алдағы уақытта ұйқы безін, ішек, эндокриндік бездерді және де басқа күрделі ағзаларды алмастыру операциялары күтіп тұр. Өкінішке қарай, жоғарыда атап өткеніміздей донор мәселесі (әсіресе, жүрек, бауыр, бүйрек сияқты органдарды табу) елімізде толық шешімін тапқан жоқ. Жүрек, бауыр, бүйрек секілді органдарды ауыр сырқаты бар жандарға алмастыруға сол донорлардың тапшылығы қолбайлау болып отыр. Әзірше көбіне қандас туыстары ғана (әкпесі сіңлісіне, анасы қызына, әкесі баласына... тағы да басқа) бауырының бір ағзасын өзінің ең жақын туысына «сыйлап» жатыр. Инсульт, жол апатынан қайтыс болған кісілердің органдарын тек басқа ұлттардан «алуға» мүмкіншілік болып тұр да, біздің қандастарымыз бұл іске үрке қарап, донорлыққа келісімін бермеуде. Егер бұл мәселе шешілсе, қаншама адамның өмірін ұзартуға, оларға және оның жақындарына бақыт сыйлауға мүмкіншілік туар еді, шіркін!

Жалпы донор болу (мысалы, қан тапсыру) – әрбір адамның азаматтық парызы. Мыңдаған адам жыл сайын қан доноры болып, небір сырқатқа шалдыққан таныстарына, туысқан-бауырларына қолұшын беріп, қан тапсырып жатады. Олар өзінің сол абзал әрекетімен басқа бір өмірі қыл үстінде тұрған жанға өмір сыйлайды. Донор болу – қайырымдылығы мен рахымы мол адамдардың қолынан келетін құптарлық іс. Ол үшін адамның сана-сезіміне донорлық қызметтің қаншама пайдалы екенін сіңіре бергеніміз жөн. Әлдебір себептермен ол дүниеге аттанып бара жатқан жан өзінің жүрегін, бауырын, немесе бүйрегін мына жалпақ дүниеде ауыр сырқаттан қиналып жүрген пендеге «сыйлап» кетсе несі артық. Оның жүрегі басқа біреудің кеудесінде соғып тұрса, бүйрегі басқа жанның өмірін ұзартып жатса, оның несі бар! Сөйтіп, өлімнен кейін де өмір бар екенін басқаларға, жалпы қоғамға көрсетіп жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар