
– Кітапханамызда жыл өткен сайын көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған қызметтер ауқымы кеңейіп, заманауи инклюзивті жобалар жүзеге асырылуда. Кітапхананың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Кітапхана қорында 4 форматтаға кітаптар сақталады. Олар, бедерлі-нүктелі шрифттағы әдебиеттер, жайпақ баспалы шрифтағы әдебиеттер, дыбыстандырылған әдебиеттер және бедерлі графикалық құралдар. Біздің басқа кітапханалардан басты ерекшелігіміз де осында. Зағиптарға, басқада топ мүгедектері мен қосымша қала тұрғындарына да қызмет көрсетіледі. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында кітапхана 1 490 оқырманға қызмет көрсетсе, оның 451-і – зағип жандар. Кітапхана қорында 40 мыңнан аса кітап бар. Жыл басынан бері қор 77 жаңа басылыммен толықты, оның ішінде Брайль қарпінде жарық көрген 19 кітап бар. Жүзеге асып жатқан жаңашыл бастамалардың бірі – «Мобильді кітапхана» жобасы. Жоба аясында арнайы орталықтарға QR-кодпен жабдықталған аудиокітаптар орнатылып, олардың қолжетімділігі артты. Сонымен қатар, биыл кітап оқуды дәріптеу мақсатында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы басталғанын білесіздер. Жоба шеңберінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Біз – Жеңістің ұрпағымыз» атты республикалық эссе жазу байқауы ұйымдастырылды. Брайль жүйесінде өткен бұл байқауға облысымыздан, Алматы, Павлодар, Астана, Шымкент және басқа қалалардан 50-ден аса қатысушының жұмысы ұсынылды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Біздің кітапхана – тек кітап оқитын орын емес. Бұл – оқырман өзін білім мен мәдениеттің, руханияттың бір бөлшегі ретінде сезінетін орта. Біз оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін жаңа жобалар мен заманауи бастамаларды қолға алудамыз. Себебі кітапхана шығармашылық пен ізденістің орталығына айналуы тиіс, – дейді Т.Күзенова.
Айта кетейік, кітапхана ұжымы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына – 2025» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестиваліне қатысып, «Айрықша қажеттілігі бар азаматтарға арналған үздік кітапхана» номинациясын жеңіп алған.
Сымбат ҚУАНЫШ