Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаржыландыру көлемі азайғанымен, жобалар жалғаса бермек

Қаржыландыру көлемі азайғанымен, жобалар жалғаса бермек
А.Рысмахан
Сәрсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма төртінші сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев жүргізіп отырды. Жиынға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев және облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева 2025 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау жобасына енгізілген өзгерістермен таныстырды.

Басқарма басшысының сөзінше, Үкімет қаулысына сәйкес, республикалық бюджеттен өңірге қарастырылған 465 миллиард теңге субвенция көлемін он пайызға дейін қысқарту міндеттелген. Алайда салалық министрліктермен жүргізілген тиімді жұмыстардың нәтижесінде аталған қаражат сомасы 13,9 миллиардқа қысқартылып, қайта қаралған.

– Облыстық бюджетті нақтылау барысында өзіндік кірістер бойынша жоспарды ұлғайту, бюджет шығындарын оңтайландыру есебінен Үкіметтің 2025 жылғы 18 шілдедегі №543 қаулысына сәйкес облысқа қарастырылған субвенция көлемін 13 миллиард 978 миллион теңгеге, оның ішінде аудандар мен Тараз қаласы бойынша 5,3 миллиард теңгеге қысқарту жүргізілді. Нәтижесінде облыстық бюджеттік комиссияның шешімімен 44 жобаны қысқарту қарастырылған болатын. Яғни, бюджеттік, жобаларды тоқтату, келесі жылға ауыстыру немесе басталмаған жобаларды мүлдем тоқтату бойынша шешім қайта қаралды. Жұмыс қарқыны мен келісімшарттарға сәйкес, қаржыландыру көлемдері бірінші бекітілген сомасынан азайғанымен, жобалар жалғасын тауып, келесі жылға өтпелі болады. Облыстық бюджеттің шығыстары өзіндік кірістерді ұлғайту, үнемделген қаражат және бюджет шығыстарын оңтайландыру есебінен бюджет шығындары жоспарланды, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.

Жиында облыстық мәслихат депутаттары қаржылық шығындардың азайтылуына байланысты салаларда қандай өзгерістер болатындығын сұрастырды. Мәселен, депутат Оралхан Дәуіт денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қатысты, депутат Керімқұл Бегалиев шаруалардың техникасын субсидиялауға қатысты шығындар туралы сауал жолдаса, тағы бір халық қалаулысы Серік Қойбақов кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы субсидиялау, жалға алуға шығындар туралы сауал жолдады.

– Өздеріңізге белгілі, облыста кәсіпкерлікті қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл бұл бағытта 30 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 6 жоба пайдалануға беріліп, 148 мың жұмыс орны құрылды. Аталған бағыттағы шығындар «Jambyl Invest» мекемесінің бюджеттік шығындарына оңтайландырылған. Яғни, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы шығындар осы мекеме тарапынан жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, сессия отырысында Тараз қаласының құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселесі қаралып, бірқатар қағидалар мен облыс әкімдігі жанындағы комиссия құрамдарына өзгерістер енгізілді. Айта кетейік, облыс орталығы аумағының кеңеюіне байланысты бүгінде шаһарда 177 көше атауына өзгеріс енгізілуде.

Сессия отырысында бірқатар депутаттардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына қатысты шешімдер қабылданды.

Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев көтерілген мәселелер ұдайы депутаттар бақылауында екендігін тілге тиек етіп, жергілікті атқару органдармен бірлескен жұмыстың жалғаса беретіндігін жеткізді.

Нұрболат АМАНБЕК

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар