
Жаңартылған «Спорттық этика» ережесі 2 бөлімнен тұрады: жалпы ережелер мен тәртіптік қағидалар. Құжатта жаттықтырушы, төреші, спорттық жарыс, спорттық іс-шара, сондай-ақ спорттық этика ұғымдарына анықтама берілген. Спорттық этика – бұл спортшыларға, жаттықтырушыларға және төрешілерге арналған мінез-құлық нормаларының жүйесі ретінде сипатталады.
Ең елеулі өзгерістердің бірі – спортшыларға, жаттықтырушыларға, төрешілерге және спорт саласындағы басқа да мамандарға өз діни сенімдерін ашық түрде көрсетуге тыйым салынуы. Бұл норма діни үгіт-насихат пен миссионерлік қызметке де қатысты. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев бұл тыйымның Конституциямен кепілдендірілген ар-ождан бостандығына қайшы келмейтінін, қайта керісінше барлық қатысушының теңдігін, бейтарап спорттық ортаны қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
– Спорт – бұл тәртіп пен кәсібилікке негізделген алаң. Діни көзқарас – әркімнің жеке мәселесі. Ал спорттық ортада бейтараптық сақталуы тиіс. Бұл – халықаралық талаптарға да сай, – деді вице-министр Серік Жарасбаев.
Жаңа талаптарға сәйкес, спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер енді қоғамдық орындарда мас күйінде болмауы, адам абыройы мен қоғам мораліне қайшы әрекеттер жасамауы, бейәдеп сөздер мен балағаттаудан аулақ болуы, төреші шешіміне ашық наразылық білдірмеуі тиіс. Сонымен қатар жаттығу процесіне қатысты ақпараттарды жария етуге, спорттық беделге нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға, саяси демонстрациялар мен дискриминациялық іс-әрекеттерге қатысуға қатаң тыйым салынады. Діни рәміздер, дұға жасау, марапаттау кезінде діни әрекеттер көрсету, сондай-ақ БАҚ алдында діни ұстанымды ашық білдіру де этикаға сай келмейді.
Жаңа құжатқа сәйкес, енді барлық дене шынықтыру-спорт ұйымдары әрбір қызметкер мен спортшыны еңбек шарты жасалған сәттен бастап Спорттық этика ережесімен таныстыруға, ал құжатты спорттық нысандарда көрнекі жерге іліп қоюға міндетті. Мұның барлығы – тәртіпті күшейту, спорттағы кәсіби мәдениетті қалыптастыру және халықаралық стандарттарға бейімделу бағытында жасалып отырған қадам.
Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы Батырбек Атамқұлов бұл өзгерістердің қоғамда түрлі пікір тудыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда оның айтуынша, қабылданған шешім – мемлекеттің зайырлылық принципін, сондай-ақ көпконфессиялы қоғамдағы бейбіт үндестік пен теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
– Бұл – дінді шектеу емес. Діни сенім – әр адамның ішкі құқығы. Алайда кәсіби ортада бәрі ортақ тәртіп пен бейтараптықты ұстануы керек. Спорт – діни немесе саяси көріністерге емес, әділдік пен құрметке құрылуы қажет. Бұл қадам халықаралық тәжірибемен де үйлеседі. Ендігі кезекте бұл талаптарды сақтау – әрбір спортшы мен жаттықтырушының ортақ жауапкершілігі, – дейді Батырбек Атамқұлов.
Жаңа этика ережелері Қазақстан спортындағы кәсіби тәртіпті нығайтуға, жас спортшыларға оң үлгі қалыптастыруға, сондай-ақ еліміздің халықаралық беделін арттыруға сеп болмақ.
Спорт – қоғамның айнасы. Ал бұл айнада тек тәртіп пен тазалық көрініс табуы тиіс.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ