
Семинар отбасылық институтты нығайту, әйелдердің рөлін арттыру, жастар арасында жауапты неке мәдениетін қалыптастыру сынды өзекті тақырыптарды қамтыды. Іс-шараға Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы арнайы шақырылып, «Әйел – отбасы шамшырағы» тақырыбында мазмұнды уағыз-насихат айтты. Наиб имам өз сөзінде отбасылық бақыттың негізі жауапкершілік пен өзара құрмет екенін атап өтті.
– Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірінің алдындағы құқықтар мен міндеттерді толық әрі шынайы орындауына тікелей байланысты. Тәуелсіз Қазақстан болашағының іргетасы да осы әрбір шаңырақта қаланады. Бақуатты, берекелі отбасы қоғамымыз бен мемлекетіміздің берік тірегі десек, артық айтқандық емес, – деді Бақытбек Бауыржанұлы.
Имам өз насихатында асыл дініміз Исламда ер мен әйелдің отбасындағы рөлі нақты белгіленгенін, әр тараптың өзіне тиесілі құқықтары мен міндеттері бар екенін түсіндірді. Оның айтуынша, жарасымды неке – тек сезімге емес, сенімге, құрметке, ортақ жауапкершілікке негізделген болуы шарт.
– Асыл дініміз мұсылман отбасының іргетасының нық әрі берік болуын мақсат тұтады. Ол үшін ең алдымен жақсы жар таңдаудың маңызы зор. Бабаларымыз: «Екі жақсы қосылса, өлгенінше дос болар. Екі жаман қосылса, өлгенінше өш болар» деп бекер айтпаса керек. Бұл – өмірлік тәжірибеден шыққан терең тұжырым. Шаңырағы шайқалмай, түндігі бүтін, түтіні түзу бақытты отбасы қатарында болу үшін ерлі-зайыптылар бір-біріне деген сүйіспеншілікті, түсіністікті, құрметті, ең бастысы міндетті дұрыс атқаруы қажет, – деді Бақытбек Бауыржанұлы.
Семинар барысында елімізде жиі көтерілетін маңызды әлеуметтік мәселе – ажырасу оқиғаларының жиілеуі де сөз болды. Имам бұл мәселеге де тоқталып, жастардың некеге немқұрайды қарауы, жанұядағы рөлдерді дұрыс түсінбеуі сынды түйткілдер ажырасуға алып келетінін айтты.
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, соңғы жылдары ажырасқан отбасылар саны өсіп келеді. Кезінде «екі жарты, бір бүтін» болып бас қосқан жастардың арасына не себепті жік түседі? Неге олардың арақатынасы суып, сүйіспеншілік азаяды? Міне, осы сұрақтардың жауабын іздесек, көбінесе себеп – ер мен әйелдің өз міндеттерін білмеуі немесе орындамауы. Отбасындағы жанжал, түсінбеушілік, тіпті зорлық-зомбылық секілді жағдайлар – рухани білімнің аздығынан, жауапкершіліктің жоқтығынан туындайды, – деді Б.Бауыржанұлы.
Семинарда тек уағыз ғана емес, қатысушылардың ой-пікірлері де тыңдалды. Әйел-аналар мен жас келіншектер өзара пікір алмасып, отбасындағы әйелдің орны, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, сабыр мен шүкірдің маңызы сияқты тақырыптарда ой қозғады.
Семинардың басты идеясы – отбасы құндылығын қайта жаңғырту, ұлттық тәрбиенің алтын діңгегін сақтау. Себебі отбасы – тек әлеуметтік бірлік емес, ұлттың рухани өзегі, мәдениет пен тәрбиенің алғашқы мектебі.
Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай көпшілікпен еркін сұхбат құратын, дін мен дәстүр үндестігін дәріптейтін кездесулер жиі болса деген тілектерін білдірді.
Айжан ӨЗБЕКОВА