
Жәндіктердің, әсіресе, аралардың жойылуы ауылшаруашылығына үлкен қауіп төндіреді. Аралар әлемдегі азық-түлік дақылдарының 75 пайызын тозаңдандырады. Олардың популяциясының азаюы азық-түлік өндірісіне және жаһандық экономикаға әсер етеді. Көптеген дәрілік заттар табиғи көздерден алынады. Биологиялық әртүрліліктің жойылуы болашақта жаңа дәрілерді шығару мүмкіндігін азайтады. Сондай-ақ, экожүйелердің бұзылуы ауру таратушы жәндіктердің санын арттырып, жұқпалы аурулардың таралу қаупін күшейтеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше биологиялық әртүрліліктің жойылуы жаһандық экономикаға жыл сайын шамамен 10 триллион АҚШ доллары көлемінде шығын әкеледі. Бұл шығындар ауылшаруашылығындағы өнімділіктің төмендеуі мен денсаулық сақтау саласындағы шығындардың артуына әкеліп соғады.
GPS телеметриясы, спутниктік бақылау және жасанды интеллект сияқты заманауи технологиялар жануарлардың қозғалысын бақылауға, браконьерлікті анықтауға және экожүйелердің жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, АҚШ-та тасбақалардың қозғалысын бақылау арқылы фермерлерге шабындықтарды шабуға кеңес беріліп, олардың популяциясын сақтап жатыр. Тағы бір мысал, 1980 жылдары Коста-Рика ормандарының 75 пайызы кесіліп, биоалуантүрлілікке үлкен қауіп төнді. Мемлекет осы мәселені шешу үшін «Экожүйелік қызметтер үшін төлем» (PES) жүйесін енгізді. Бұл бағдарлама арқылы жер иелеріне орманды сақтап, қайта қалпына келтіруге ынталандыру ретінде қаржылай қолдау көрсетілді. Нәтижесінде қазір елдің 50 пайыздан астам аумағы орманмен қайта көмкерілген. Коста-Рика бүгінде өсімдіктерді сақтауды оң жолға қойған ең табысты елдердің бірі ретінде мойындалған.
Алина ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
студент