
Талғат Бекниязов – Тараз қаласының тұрғыны. Жастайынан еңбекке бейім болып өскен ол кез-келген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, өз ісін асқан қызығушылықпен атқарады. Қоғамға таңсық болып көрінген кәсіп түрімен де айналысуға да осындай қасиеті жетелегені сөзсіз.
– Осыдан сегіз жыл бұрын, яғни 2017 жылы Алматыға қыдырып барған едім. Сонда сәні мен сәулеті келіскен ғимараттардың сыртқы келбеттеріне тамсана қарадым. Тараз қаласында жоқ үйлердің көрінісі менің қызығушылығымды арттыра түсті. Сол мезетте «Неліктен Тараз қаласында осы істі қолға алып көрмеске?» деген ой келді. Осы ойдың жетегінде жүріп, іздене түстім. Термопанельдерді қолдан жасап, оны орнату ісімен айналысатын жігіттермен танысып, бірге жұмыс жасауға бел будым. Жаныма Әділбек есімді досымды шақырып, екеуміз бірге үйреніп, біршама уақыт айналысып жүрдік. Бұл қызмет түрі тек Алматы қаласында қарқынды дамыған екен. Араға уақыт салып, жыл аяғында Тараз қаласына келіп, алғашқы тапсырыстарды қабылдап, өз қолымызбен жасап көрдік. Өнімді дайын күйінде Алматыдан алдырып, тек қана оны орнатумен айналыстық. Қолымызға ақша түсе бастады. Ақырындап шағын кәсіпке айналдырдық. Тапсырыс көлемі артқан кезде өнімді Алматы қаласынан қайта-қайта алдыра беру де қиындай түсті. Содан кейін тағы да ойланып, «Неге осыны өзіміз жасап шығармаймыз?» деп өз-өзіме сұрақ қойып, жан-жақты зерттеуге көштік. Мұның ауқымы өте үлкен екендігі зерттеу жұмыстарынан кейін белгілі болды. Сөйтсек термопанель жасау Өзбекстан, Ресей, Украина және Молдовада өте үлкен айналымға шыққан екен. Әрі танымалдылығы да жоғары. Осылайша 2022 жылы «KAZ DECOR» деп атын қойып, үлкен цех аштық, – дейді Талғат Амантайұлы.
Расында қоғамға енді танымал бола бастаған жұмыспен айналысу, таңсық дүниені тірлікке айналдыру төзім мен тұрақтылықты қажет етеді. Кейіпкеріміз бір кәсіпті ашу жолында бірнеше сыннан өткенін, қиыншылықтар туындап, алғашында көкейіне қорқыныш ұялағанын да жасырмады.
– Кәсіпті ашу оңай болмады. Ең әуелі барлық жұмысты Әділбек досым екеуміз атқардық. Жанымызға ешқандай адам тартпадық, жұмысшы қабылдамадық. Себебі қолымызға түсіп жатқан қаражат жеткіліксіз болды. Таңнан түнге дейін тынымсыз жұмыс жасадық. Табыс артып, тапсырыс көбейген уақытта жұмысқа адамдарды қабылдай бастадық. Қазір цехта он беске жуық адам еңбек етуде. Әрқайсысының өз міндеттері бар. Одан бөлек 9 шеберлер тобы бар. Әр топта 5-6 шебер жұмыс атқарады. Біз тапсырысты қабылдаған уақытта нысанды толық қамтып, сол бойынша келісім орнатылатынын жеткіземіз. Яғни әрбір метріне дейін материал көлемі де есепке алынып, соған қарай бағасы белгілі болады. Біз үйдің сыртқы жұмыстарына арналған дүниелерді жасаймыз, шикізатты өнім шығарамыз. Полифасад мейрамхана, мешіт және тұрғын үйлердің сыртын безендіруге арналған. Ол пенопласт пен бетонның қосындысынан жасалады. Полифасаттың неше түрлі өрнектері болады. Мұның бір артықшылығы қыста су жібермейді, жазда ыстық өткізбейді. Және оның пеноплэкс нұсқалары да бар. Бірақ олар тез жанып кететіндіктен біз оны мүлдем қолданбаймыз. Полифасадтың сапалы жасалуын жеке өзім қадағалап отырамын. Сапалы болғандықтан жиырма – жиырма бес жылға дейін қалыбын бұзбай, толық сақталады. Дегенмен бұл сәндік үшін көп қолданылады. Сонымен қатар түрлі формадағы декорлар да бар. Олар терезе мен есіктің жақтауларына, іргетасқа қолданылады. Үйдің іргетасына арналған 3Д декорлар артқы қабатынсыз болады. Яғни бұл декорлар оның желініп кетпеуі үшін өз пайдасын тигізеді. Бізге тапсырыстардың басым көпшілігі «Арай» алқабынан, коттеджді қалашықтардан түседі. Ол жердегі бір үйге кететін уақыт төрт күн. Яғни, осы аралықта шикізатты өндіріп, толық орнату жұмыстары да аяқталады. Соған қажетті материалдардың бәрі дайын болады. Ал бізге бір күнде бір үй емес, үш-төрт үйден тапсырыс түсіп отырады. Сондықтан біздің жұмысшылар қысы-жазы демалмайды. Дегенмен бұл қыста істелетін дүние емес. Бірақ біздің өңірде ауа райы жылы болғандықтан, жұмысымыздың тоқтамауына септігін тигізіп отыр. Қаладан бөлек Меркі, Құлан, Шу, Қордай аудандарынан да тапсырыстар келеді. Облыстағы бірнеше блогерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің, көптеген тұрғындардың үйлерінің, ғимараттардың, Қордайдағы Масанчы ауылының мәдениет үйінің сыртқы көрінісін де біздің жігіттер жасады. Жалпы термопанельдердің барлығы еуропалық стильде жасалады. Сол себепті 2027 жылы шығыс стилін енгізсек деген ойымыз бар. Алайда шығыс стилінде жасап жатқан фирмалар жоқтың қасы. Осыны алғаш болып айналымға енгізсек біз үшін бір жетістік десем артық айтқаным емес, – дейді кейіпкеріміз.
Термопанель жасау және оны орнату оңай шаруа емес. Көптеген жастар мұндай жұмысқа бара бермейді. Талғат Амантайұлы да мұны жасырмай, жастар туралы сөз қозғап, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
– Алғашында жұмысқа адам тарту қиын болды. Жұмыс іздеп келгендердің басым көпшілігі екі күннен кейін қайта келгісі келмейтінін айтып, жұмыстан шығып жатты. Мен де аспаннан түскен адам емеспін. Қара жұмыспен өстім. Көп еңбек етіп, көп ақша табуға тырыстым. Физикалық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыда да жұмыс жасай білу керек. Алайда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмейтін жастар да жоқ емес. Қазір барлық мамандар толығымен өз міндеттерін атқаруда. Дегенмен алдағы уақытта 3Д дизайнерлер, сату мамандары қажет болатыны сөзсіз. Егер жұмыс ауқымы кеңейіп жатса осы мамандарға бос жұмыс орындарын ұсына аламыз. Ешқандай тәжірибесі болмаса да қабылдай береміз. Сонымен қатар жоғары жалақы мөлшерін ұсынуымыз да мүмкін. Алдағы уақытқа жоспарлаған мақсаттарымыз көп. Сол мақсат жолында тынымсыз еңбек етуге әрқашан дайынбыз. Соның бірі де бірегейі Астана, Алматы, Қарағанды және Қызылорда қалаларында қойма мен цех ашуды көздеп отырмыз. Әрине бұл алдағы уақыттың еншісінде, – дейді Талғат Амантайұлы.
Көргенін кәсіп, еңбегін нәсіп қылып жүрген Талғат сынды азаматтар өзінің ғана емес өзгелердің де мол табыс табуы жолында тынымсыз тер төгуде. Береке бейнетпен келеді. Еңкейіп еңбек еткенде ғана еңсеміз тік болады. Біз байыпты бастамасымен көпке үлгі бола білген кәсіпкер жұмысының алға баса беруіне тілектеспіз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ