
Таға жасау өнері үшінші ғасырда пайда болған деседі. Мыңдаған жылдар өтсе де таға өз пішінінен өзгерген емес. Әлем жұртшылығы да тағаны құрметтеп, тіпті ұлы сенім ретінде қолданған. Кейбір ұлттар тағаны төрге іліп қоюды табысты арттырудың, байлыққа жеткізудің жолы деп түсінсе, енді бірі тоқшылықтың белгісі деп топшылаған. Еуропа елдерінің бірнеше қаласы да таға пішініне ұқсас етіп соғылған.
Ал қазақ халқы үшін тағаның орны тым бөлек. Осыдан бірнеше жыл бұрын әрбір үй есігінің жоғарғы бөлігінен тағаның ілініп тұрғанын көп байқайтын едік. Бүгіндері бұл үрдіс кейбір ауылдық жерлерде ғана сақталған. Тағаны іліп қоюдың да өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, бақуатты бай үйлердің есігінде аңдардың басы немесе терісі ілініп тұрған. Ал егер таға ілініп тұрса ол үйден де құр шықпайтыныңыздың белгісі. Міне, осылайша таға арқылы үй жағдайының көрінісін көрсете білген.
Сонымен қатар тағаны жылқының тұяғы таймас үшін және тозбау мақсатында да қолданады. Оның екі түрі болады. Яғни, емшекті таға қыста қағылса, жалпақ таға жазда қағылады. Оның жасалу жолдары да өзгеше болып келеді. Ал таға жасаушылар ел ішінде құрметке ие болары сөзсіз. Бүгінде таға жасайтын ұсталар да аз емес. Мәселен, Меркі ауданында үлкен танымалдылыққа ие болған атбегі Жандос Шанбаев ат баптаумен қатар таға жасау өнерімен де айналысып келеді. Бала күнінен жылқыға құмар болып өскен ол жігітке жеті өнер де аз деп есептейді. Жастайынан ат үстінде жүруге әуестенген Жандос күллі жұртқа көкпаршы ретінде де таныла білген.
– Ауылда өскен қазақ баласы үшін атқа мінуді білмеу үлкен ұят саналатын. Атқа міне білу қазақтың болмысын тану, салт-дәстүрмен сусындау, рухани тәрбие алу деген сөз. Бала күнімізде алғашқы қаз-қаз басқан сәттен бастап-ақ ағаларымыз жылқы жалына жармастырып, бізді атқа үйретуге тырысатын. Бәйгеге шабу, көкпар тарту, тұлпарды күтіп-баптау – осының бәрі балалық шағымыздан бастап бойымызға сіңді. Ағаларымыздың қасында жүріп, бәйге атын баптауды, көкпарға мінетін тұлпарды тәрбиелеуді көзбен көріп, іс жүзінде үйрендік. Асауды жуасытып, оны шабысқа дайындау, тағалау, ер-тұрманын сайлау сынды дүниелерді әрбір қазақ баласы білуге тиіс деп санаймын. Себебі жылқы малы қазақ жанымен біте қайнасып жатыр. Өзім алғаш рет 23 жасымда көкпар аламанында топқа түсіп, тәжірибе жинадым. Жарқын жетістіктерге жетіп, жүлделерге ие болдым. Сол сәттен бастап бұл өнердің тереңіне бойлай бастадым. Бүгінде бәйге мен көкпар үшін арнайы ат баптаймын. Өзім ғана емес, балаларды да ат спортына баулып, бұл салада тәлімгерлік етіп жатырмын. Бәйге болсын, көкпар болсын оның әрбір кезеңі жіті дайындықты қажет етеді. Тұлпардың да, шабандоздың да жан-жақты әзірлігі маңызды. Мысалы, жүйріктің дұрыс тынысы, жем-шөбі, күтімі, шабандоздың тақым шеберлігі мен атпен біртұтас үндестігі бәрі-бәрі үлкен маңызға ие. Бұл жерде бала бойындағы сенімділік, батылдық, табандылық секілді қасиеттер дамып, тұлпармен тіл табысуы артады. Ұлттық спортты ұлықтау, атбегілік өнерді жандандыру ата-бабамыздан қалған аманатымыз. Осы өнерді ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі буынның еншісінде,– дейді Жандос Сырымұлы.
Кейіпкеріміздің пікірімен келіспеске болмас. Себебі ұлттық спорт ұлт болмысының айнасы екені сөзсіз. Қазақ халқы үшін қасиетті деп танылған жылқы түлігін баптау, оның күтіміне қарау да оңай шаруа емес. Осы тұста қарапайым мысалды келтіре кеткен жөн болар. Мәселен, қарапайым тағаның өзі ат баптауда үлкен рөл атқарады. Тұяқ өлшеміне қарай тағаның жасалуы, мініс түріне қарай қалың-жұқалығын назарға алу секілді мәселелер бірінші кезекте тұрады. Кейіпкеріміз бұл бағытты да қоса алып, таға жасау өнерімен айналысып келеді. Оның айтуынша тұлпарға таға қағу жылқыға деген жанашырлықтың белгісі.
– Ат тағалау жылқының жай ғана жарамды жүруі үшін емес, оның шабысқа, күреске, додаға толық дайын болуы үшін қағылады. Сол себепті «Аттың тұяғын таға ұстайды» деген сөз бекер айтылмаған. Бірақ көпшілік біле бермейтін бір жайт бар. Көкпар аты мен бәйге атына тағылатын тағалар бірдей емес. Бұл аттың қандай мақсатқа дайындалғанына байланысты. Мәселен көкпар аттары төзімділік пен күшке сүйенсе, бәйге аттары жылдамдық пен жеңіл қимылға икемделеді. Осыған орай көкпар аттарына тағылатын тағалар қалың әрі мықты болып келеді. Олар көбіне темірден жасалады, салмақты, тозуға шыдамды. Ал бәйге аттарының тағасы жұқа, салмағы жеңіл болады. Негізінен алюминийден құйылады. Себебі артық салмақ тұлпардың шабысына кедергі келтіреді. Ат тағалаудың да өз шеберлері болады. Мысалы өзіміздің ауылда осы істің шебері Әскер деген азамат бар. Біз көбіне көкпар аттарының тағасын сол жігітке жасатамыз. Ал бәйгеге қатысатын тұлпарларға арналған жеңіл тағаларды арнайы түрде Алматыдан алдырамыз. Әскер секілді азаматтардың қасында жүріп, таға жасауды толық үйрендім. Кейбір көкпар аттарына өзім жасаған тағаларды ұсындым. Олар да еңбегіме ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтуда. Ал енді тағаның жасалу жолына тоқталсам. Тағаның өлшемдері әртүрлі болады. Бұл әр жылқының тұяғының өлшеміне қарай таңдалады. Алдымен қатты темір алынып, оны арнайы пеште қыздырып, балқытып, жұмсарту керек. Кейін қатты соққылап, жалпайтып, тұяққа сай иіп жасайды. Тағада тұяққа қадалатын бірнеше шеге болады. Бірақ сол шегелер тұяққа кері әсер етпеуі үшін ортасындағы тесікті міндетті түрде сыртқа қарай ою керек. Әйтпесе аттың тұяғына батып, жарақаттап, ауыртып жіберуі мүмкін. Қазақ халқы тағалаудың да күнін таңдай білген. Дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі халқымыздың ұғымында сәтті күндер. Сондықтан көпшілік осы күндері тағалауға тырысады. Сонымен қатар тағалайтын күні атты суаруға болмайды. Су ішкен аттың тұяғы жұмсарып, тағаланған кезде жарықша пайда болуы мүмкін. Шеге қаққанда тұяғы жарылып кетсе, аттың денсаулығына қатты зиян келеді, – дейді Жандос Сырымұлы.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ