Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ербол Қарашөкеев су нысандары мен егістік алқаптарды аралады

Ербол Қарашөкеев су нысандары мен егістік алқаптарды аралады
Ақәділ Рысмахан
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандары мен Тараз қаласындағы егістік алқаптарды, су шаруашылығы және өнеркәсіп нысандарын аралап, жұмысымен танысты, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің Баспасөз қызметі

Iссапар аясында өңірде егін және мал шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына назар аударылып, шаруалардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектері тыңдалды.

Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарының алғашқы нысаны ретінде Жуалы ауданындағы «Теріс-Ашыбұлақ» су қоймасына барып, оның қазіргі жай-күйімен және су жинау, бөлу мүмкіндіктерін көрді.

1963 жылы пайдалануға берілген су шаруашылығы нысанының жалпы аумағы 24 шаршы километрді құрайды. Орташа тереңдігі – 28,2 метр. Бөгеттің ұзындығы – 1 860 метр. Су қоймасының жобалық сыйымдылығы – 158,6 миллион текше метр. Су өткізу қабілеті – секундына 36 текше метр. Аталған су қоймасы арқылы 21 039 гектар жер суарылады.

«Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Қайрат Амановтың айтуынша, 2019 жылы су қоймасындағы бөгеттің дымқыл беткейі мен жотасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2026-2028 жылдар аралығында су қоймасын Ислам даму банкінің қаржысы есебінен қайта жаңғырту жоспарланып отыр.

– Климаттың өзгеруі тіршілік пен табиғатқа айтарлықтай әсер етуде. Мұндай жағдайда су тапшылығы мәселесі бұрынғыдан бетер өзекті бола түседі. Сондықтан қолда бар су ресурстарын ұқыпты әрі тиімді пайдалану, заманауи суару технологияларын енгізу – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің басты жолы. Бұл бағытта нақты әрі жүйелі шаралар қабылданып, шаруашаларға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі «Aznur Agro» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылыс барысымен танысты. 

2023 жылы Жамбыл ауданының Көлқайнар ауылдық округінде құрылған кооператив егін және мал шаруашылығымен айналысады. Қарамағында 223 гектар егістік және 2 000 гектар жайылым жері бар. 180 гектар алқапқа тамшылатып суару, ал 43 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілген.

Ербол Қарашөкеев «Қызыл-Дихан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде де болды. Кооперативке тиесілі жалпы жер көлемі – 1 510,9 гектар. Оның ішінде 1 240 гектары – егістік, 1 099,61 гектары – суармалы жер, 134,9 гектары – шабындық, 6 гектары – жайылым. Шаруашылықтың иелігінде 9 дана трактор мен өзге де ауыл шаруашылығы техникалары бар. 

Биыл 250 гектарға күздік бидай, 350 гектарға жаздық арпа, 70 гектарға дәндік жүгері, 60 гектарға қант қызылшасы, 10 гектарға пияз, 187 гектарға көпжылдық шөп егіліп, 313 гектар жерге сүрі орналастырылған. 

Облыс әкімі Жамбыл ауданындағы «Саза» және «Айтақ» каналдарының қазіргі жағдайын тексерді.

Бұл күні өңір басшысы «Тараз» индустриялық аймағында өнеркәсіптік жобаларға арналған дайын өндірістік алаңдарды және «TRZ Agro» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасының құрылысын көзбен көрді.

Сондай-ақ Байзақ ауданында орналасқан «Сеңкібай» мен «Өтеміс» каналдарын қайта құру жобасы аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын жеке бақылауына алды. Бұдан бөлек, Мырзатай ауылында жаңадан бой көтерген ветеринариялық пунктті аралады. 

Ербол Қарашөкеев «Нұрлы-жай» шаруа қожалығында барды. Қожалықтың қарамағында 45 гектар егістік пен 3 500 гектар жайылым жер бар. Материалдық-техникалық базасы 22 бірлік ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған. 8 адам тұрақты еңбек етеді. Шаруашылықта 850 бас мал ұсталады, оның ішінде 200-і –  асыл тұқымды мүйізді ірі қара. Қазіргі уақытта 50 бастан жоғары тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. 

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда тауарлы сүт фермаларының үлесі ерекше. Мұндай жобалар бір жағынан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орындарын ашады. Мемлекет тарапынан бұл бағытқа қолдау жалғасады, – деген Ербол Қарашөкеев құрылыс жұмыстарын жедел әрі сапалы орындауды талап етті. 

Жұмыс сапары аясында «Ақжол-Агро», «Дүйсебай», «Момбек», «Абулсинов И», «Өркен» сияқты бірқатар шаруа қожалықтарын аралап көрді.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар