
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023–2027 жылдарға арналған жаңа балабақшалар ашу жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 13,2 мың орынды қамтитын 172 мектепке дейінгі ұйымашылды. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1%-ын мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүмкіндік берді.
Қамтуды арттыру құрылыс жүргізу, қолданыстағы балабақшаларды кеңейту, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында шағын орталықтар ашу, сондай-ақ «ақша балаға беріледі» қағидатына негізделген ваучерлік қаржыландыру арқылы іске асырылып жатыр.
Жаңа қаржыландыру тетігі 19 қала мен 7 ауданда енгізілді. Оның нәтижесінде 300 мыңға жуық бала балабақшаға баруға мүмкіндік алып, кезек 44%-ға қысқарды.
Сонымен қатар, балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер саны4,2 мыңнан 5,5 мыңға дейін артты. Бұдан бөлек, 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылуда.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 11,8 мыңнан астам балабақшада 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде.