
Ел мен жер алдындағы жауапкершілікті жастайынан сезіне білген Ерасыл Т.Рысқұлов ауданының тумасы. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін 2023 жылы «Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мамандығы бойынша аяқтаған жас маман бүгінде облыстық деңгейдегі бірқатар қоғамдық бастаманың бел ортасында жүр.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған жылы Ерасыл облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасына бағдарламашы болып жұмысқа қабылданады. Жас маман ретінде ол жаңашыл ой-пікірлерімен, белсенді көзқарасымен ерекшеленіп, жастар ресурстық орталықтары ұйымдастырған іс-шаралардың сәтті өтуіне өз ықпалын тигізді. Бұл қызметті Ерасыл үлкен жауапкершілік пен өмірлік тәжірибе қалыптастырған маңызды кезең ретінде бағалайды.
Қазіргі таңда Ерасыл облыстық жастар ресурстық орталығының мониторинг және әлеуметтік зерттеулер бөлімінде жастармен жұмыс жөніндегі маман ретінде қызмет атқарады. Оның мойнына жүктелген міндет аз емес. Әр аудан мен қалалардағы жастар ресурстық орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, ай сайынғы есеп-қисапты, жастар паспортына қатысты мәліметтерді жинақтап, оларды жүйелі түрде талдап отырады. Сонымен қатар, Ерасыл облыс көлемінде өтетін қоғамдық және патриоттық бағыттағы маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға белсене қатысып, негізгі үйлестіруші ретінде танылып жүр. Әрбір бастама жастарды тәрбиелеуге, олардың белсенділігін арттыруға және елдік сананы қалыптастыруға арналған.
– Осы кезге дейін өзім жетекшілік еткен жобалардың арасында мазмұны мен ауқымы жағынан ерекшесі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы. Табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың азаматтық белсенділігін арттыруды көздеген акция өзінің өзектілігімен және нақты нәтижелерімен ерекшеленді. Аталған науқан аясында облыстық үйлестіруші ретінде, сондай-ақ «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жетекшісі ретінде бұл бастаманың сапалы орындалуына атсалысуға тырыстым. Акция шеңберінде жыл басынан бері өңірімізде барлық ауданды қамтығанда 576 экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 18 981 жас тартылды. Жалпы 56,5 тонна күл-қоқыс жиналып, аудардарды қосқанда 5 мыңға жуық тал көшеті отырғызылды. Оның 1 300-ін бір ғана облыстық жастар ресурстық орталығы отырғызғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ жалпы аумағы 300 мың шаршы метр аумақ тазаланды. Атқарылған жұмыстар жалаң статистика емес, жастардың елге деген жанашырлығын, ортақ іске деген ықыласын, туған жердің тазалығына, көркіне бейжай қарамайтын көзқарасын айқын аңғартатын нақты дәлел, – дейді Ерасыл Алмасұлы.
Тазалық пен тәртіп – мәдениетті қоғамның өлшемі. Осы орайда, Ерасылдың жетекшілігімен акция басталғалы тұрақты түрде Тараз қаласындағы саябақтар мен ықшамаудандарда, балалар алаңшалары мен демалыс орындарында көгалдандыру, сырлау және тазарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Игі істің алғы шебінде жүрген кейіпкеріміз бен командасының еңбегі облыс тұрғындары тарапынан да жоғары бағаланды.
Сондай-ақ, кейіпкеріміз елден ес, ерден дес кеткен қиын сәттерде де шетте қалған емес. Мәселен 2024 жылғы су тасқыны кезінде облыстағы жүздеген ерікті жастың ұйымдасуына мұрындық болып, көмек керуендерін жасақтауға атсалысты. Жүзге жуық ерікті сол апат аймағына азық-түлік, киім-кешек секілді қажетті заттарды жеткізуде белсенді қызмет етіп, 460 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберген.
Сәуір айында Ерасыл облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының волонтерларымен бірге Астана қаласында өткен «Таза Қазақстан» экофестиваліне қатысты. Ел астанасында ұйымдастырылған бұл ауқымды іс-шараға Мемлекет басшысының өзі арнайы қатысып, экологиялық бастамаларға белсене атсалысқан жастарға алғысын білдірді.
Сол республикалық іс-шарада Ерасыл Болысбек пен оның командасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды.
– Мемлекет басшысының өзі еңбегімізді елеп, беделімізді көтеріп жатқан сәтте жүрегімде толқу мен қуаныш қатар тұрды. Құрметке бөленгенімді еңбегімнің бағаланғаны ғана емес, болашақта да осы сенім үдесінен шығу үшін аянбай еңбек етуіме берілген үлкен міндет деп қабылдадым. Елдің үмітін ақтап, өзім қатарлы жастарға үлгі болу үшін әлі де талмай ізденіп, қоғам игілігі жолында қызмет ете беремін, – дейді Ерасыл Алмасұлы.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев бұл марапатты Ерасылдың еңбегіне берілген әділ баға, жастар саясатына қосқан нақты үлесінің нәтижесі деп есептейді. Оның айтуынша, әріптесінің табандылығы мен жауапкершілігі бүгінде көп жасқа үлгі бола алады.
– Президент марапатын жастар саясаты саласында аянбай еңбек етіп жүрген бүкіл жас маманға көрсетілген сенім мен қолдаудың көрінісі деп білеміз. Ерасылды жұмыс барысында өзіне жүктелген міндетті тиянақты орындап қана қоймай, жаңа бастамаларға ұйытқы бола білетін, креативті көзқарасы мен жауапкершілігі жоғары маман деп сеніммен айта аламын. Оның әрбір ісінен ізденіс, әр шешімінен салаға деген жанашырлық байқалып тұрады. Бүгінде көптеген жас қызметкерге бағыт-бағдар беріп жүрген азамат ретінде әріптестері арасында беделі жоғары, – дейді А.Қадралиев.
Бүгінгі қоғамға үлгі болар, ел ертеңін ойлаған жастар керек десек, Ерасылдай азаматтарды алға шығарып, еңбегін елге жария ету – біздің де міндетіміз. Себебі дәл осындай жандардың арқасында ауыл гүлденеді, қала жаңарады, мемлекет нығаяды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ