Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазіргі жастар қандай кітаптарға қызығады?

Қазіргі жастар қандай кітаптарға қызығады?
Автор
Кітап – адамзат өміріндегі құнды құралдардың бірі. Ал сол білім мен даналықтың ордасы саналатын кітап дүкендері рухани байлыққа апарар жолдың бастауы десек, қателеспейміз. Қай заманда болмасын кітап дүкендері адамдардың рухани сұранысын қанағаттандырып, қоғамның мәдени деңгейінің өсуіне өз үлесін қосып келеді.

Қазір оқырмандар қандай жанрға көбірек қызығады, қандай авторларды іздейді, нені сүйіп оқиды? Осы сауалдарға жауап іздеп қаладағы бірнеше кітап дүкенін аралап көруді жөн санадық. Оқырман талғамының таразысы қайда ауғанын өз көзімізбен көріп, кітап нарығындағы жаңалықтармен танысқымыз келді. Алдымен бағытты еліміз бойынша 8 филиалы бар «Kitapal» дүкеніне бұрдық. Кіре сала бізді жылы жүзді сатушы Айгүл Оралбай қарсы алды. Кітап сөрелері көздің жауын алады. Жанр-жанрға бөлінген сан түрлі туындылардың ішінен оқырман не таңдайды екен деген қызығушылықпен сөрелерді аралап кеттік.

– Тараз қаласында біздің екі филиалымыз жұмыс істейді. Бірінші филиалымызда әдеби, классикалық, балаларға арналған жанрлардағы кітаптар болса, екінші дүкенімізде діни, мотивация жанрындағы кітаптар бар. Дүкеніміз тек кітап сататын орын ғана емес, сонымен қатар оқуға деген сүйіспеншілікті арттыратын, рухани орта қалыптастыратын шағын мәдени кеңістік. Қазір кітап оқуға уақыт таппаймыз деп жиі шағымданамыз. Бірақ шын мәнінде адам өзіне қажет дүниеге әрқашан уақыт таба алады. Ең бастысы – ішкі сұранысты ояту. Осы орайда кітап дүкендерінің міндеті тек сату емес, адамды қызықтырып, оқуға баулу, білімге деген құлшынысты ояту екенін есте ұстаған абзал. Бұл үшін дүкен ішіндегі атмосферадан бастап, кітаптарды көркем орналастыруға дейін мән беру керек. Сондай-ақ, оқырмандарымызбен тығыз байланыс орнатуға тырысамыз. Кітап ұсыну барысында олардың пікірлерін тыңдап, келесі жолы сатылымға шығаратын өнімдерді сол сұранысқа сай іріктейміз. Уақыт өте келе сатып алушыларымызбен тұрақты қарым-қатынас орнап, олардың қызығушылығын алдын ала болжауға мүмкіндік туады. Осы мақсатта біз әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, жаңа түскен кітаптар жайлы ақпараттар, оқырманға пайдалы кеңестер, кітаптарға шолу жариялап отырамыз. Бұл тәсіл әсіресе жастардың назарын аударуға көп көмектесуде. Кейде сатып алушыларымыз тек кітап алу үшін ғана емес, рухани тынығу үшін де келеді. Жылы шыраймен қарсы алып, оларға қажетті кеңестер беру арқылы біз кітап дүкенінің тек сауда орны ғана емес, жайлы орта екенін дәлелдеуге көңіл бөлеміз, – дейді дүкен сатушысы Айгүл Оралбай.

Сатушының айтуынша, күн сайын мұнда жиырмаға жуық сатып алушы келеді екен. Әр тұтынушының талғамы әртүрлі. Бірі қазақ зиялыларының шығармаларын іздесе, енді бірі шетел әдебиетіне қызығушылық танытады. Сонымен қатар қаржы, психология жанрындағы кітаптарға да сұраныс жоғары екен. Ал кітаптардың бағалары әртүрлі. Баға кітаптың көлеміне, жанрына, мазмұнына және авторына да байланысты белгіленеді. Кейбір кітаптар көп еңбекті қажет ететін іргелі зерттеулер болса, енді бірі жеңіл оқылатын көркем шығармалар.

Орта есеппен алғанда кітаптардың бағасы 2 000 теңгеден басталып 8 000 теңгеге дейін жетеді. Әрине, бұдан қымбат әрі арзан кітаптарды да табуға болады. Осы ретте баға оқырманның әлеуметтік деңгейін ескере отырып қойылатынын айта кету керек. Біреуге қолжетімді кітап керек, ал енді бірі сирек кездесетін басылым іздейді. Кейде атақты авторлардың шығармаларына сұраныс өте жоғары болады, бұл да кітап бағасына әсер етеді. Сондай-ақ арнайы безендірілген, сыйлыққа арналған, мұқабасы қатты, көп иллюстрациялы кітаптардың да құны жоғары болатыны заңдылық.

– Кейінгі жылдары Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза сияқты классиктердің және қазіргі жас жазушылардың шығармаларына сұраныс артып келеді. Сонымен қатар, әлем әдебиетінің де оқырманы аз емес. Әсіресе мотивациялық, психологиялық бағыттағы шетел авторларының кітаптарын іздейтіндер көп. Оқырмандарымыздың басым бөлігі балалар болғандықтан, біз жас жеткіншектерге арналған арнайы бөлім аштық. Бұл бөлімде балаларға арналған ертегілер, боямақтар, жазу-сызуға арналған дәптерлер мен түрлі-түсті қаламсаптар, қарындаштар секілді кеңсе тауарлары да сатылады, – деп қосып өтті А.Оралбай.

Кітаптардың бағасының қолжетімді болуы оқушылар мен студенттер үшін ыңғайлы. Іздеген кітаптарын арнайы дүкендерден сатып алып, кез келген жерде, қалаған уақытында оқи алады.

– Кейде кітапханалардан іздеген кітабыңды таппайсың. Ал тапқан күннің өзінде ол кітапты өзіңде ұзақ сақтай алмайсың, белгілі бір мерзімде өткізу керек болады. Бір күні жоғары курста оқитын қыздардан кітап сататын дүкендер бар екенін естідім. Демалыс күні қыздар айтқан кітап дүкеніне барып, бірнеше кітап сатып алдым. Жасыратыны жоқ студент болғандықтан ақшаны үнемдеп жұмсайсың. Сондықтан оған дейін кітап дүкеніне бармаппын. Әрі дүкендерде кітаптың бағасы қымбат шығар деген ойда болатынмын. Алайда бұл ойым жалған екен, – дейді студент Анар Өтебай.

Кітап – жүрекпен оқылатын, оймен қабылданатын, жанмен сезілетін қазына. Сондықтан кітап оқуға уақыт табу – өзіңе, болашағыңа, руханиятыңа уақыт табу деген сөз. Жалпы алғанда кітап бағасы – оның құндылығын көрсететін бір ғана өлшем емес. Ең бастысы – кітаптың адамға берер пайдасы мен рухани әсері. Оны ақшамен өлшеу мүмкін емес..

 Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар