
Қазақта қыз баланы «оң жақта отырып қалмасын» деп ерте тұрмысқа беру тәжірибесі де болғаны рас. Оған себеп – көшпелі дәуірдегі қазақ қоғамында қыз бала 13-15 жасында бойжеткен саналған. Ал 16-17 жасында ұзату – қалыпты жағдай. Бұл – биологиялық емес, әлеуметтік түсінік. Оның үстіне руаралық одақ құру, қалыңмал мәселесі, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік түсінігі де ерте отбасын құруды заңды әрі қажет деп тапқан.
Қыздың ұзатылуын тек отбасы емес, бүкіл ауылдың, рудың абыройы ретінде қараған. «Оң жақта отырып қалды» деген сөз – тек уақыттың өтіп кеткенін емес, қыздың бағы жанбағанын, отбасылық әлеуетін іске асыра алмағанын меңзейтін жағымсыз ұғым болды. Ал бүгінде бұл ұғым қаншалықты орынды? Әрине, уақыт алға жылжыған сайын бұл түсінік өзінің бастапқы мағынасынан алшақтап барады. Қазіргі әлеуметтік, экономикалық, құқықтық жағдай – қыз балаға білім алып, өзін дамытып, өмірлік серігін саналы түрде таңдау мүмкіндігін береді.
Жалпы дәстүрді ұлықтау – ұлттық тәрбие негізі. Бірақ сол дәстүрді заман талабына сай зерделеп, жаңаша түсіну – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Қыз баланы «оң жақта отырмау» үшін емес, бақытты болсын деп ұзату керек. Бақыт – жаспен емес, таңдаумен өлшенетін құндылық болғандықтан «жеті рет өлшеп, бір кескен» де жөн шығар дейміз. Алайда кәрі қыздар армиясы жылдан-жылға көбейіп барады. Отызды еңсеріп, қырықтың қырқасына шыққан сүрбойдақ жігіттердің қатары да дәл сондай. Қазіргі жастардың 30-40 пайызы отау құруға дайын еместігін айтып, құлықсыздық танытатынын мамандар да растап отыр.
Бұрынғының жастары ес біліп, етек жинай сала шаңырақ көтеріп, бала сүйіп, кіші мемлекеттің қамына кірісетін. Ал қазіргі жастар неге отау құруға асықпайды? Неге кей жігіттер тұрмыс құруды үнемі кейінге шегере береді? Сүрбойдақтықтың басты себептері – жеке таңдау ма, әлде экономикалық қысым ба? Ұзақ уақыт үйленбей жүріп қалу қоғамның қандай көзқарасына тап болады және бұл олардың шешіміне қалай әсер етеді? Жалпы сүрбойдақтар бақытсыз ба, әлде өз таңдауына риза ма?
Сұрақ көп, ал жауап одан да асып түсетінін, әрі сан алуан екенін осы жазбаны дайындау барысында түсіндік. Жалпы қоғамдағы стереотиптер мен қысымдар, әсіресе үлкендердің «Қашан үйленесің?» деген сұрағы сүрбойдақтарды мезі еткені анық. Ендеше, отызында орда бұзуға, тіпті әрі-беріден соң қырқында қамал алуға асықпай жүргендер не дейді? Жалпы сүрбойдақтардың көбеюі өмірлік серік табудағы қиындық, шешім қабылдаудағы сенімсіздік пе, әлде еркін өмірге үйренудің себебі ме?
Негізі сүрбойдақтың бірі білімін толықтырып, тіл үйреніп, шетел асып кетуді мақсат тұтса, енді бірі қызмет бабымен биіктеудің амалын ойлап, алашапқын болып жүр. Оның үстіне ер адамның да, қыз баланың да атқарар қызметінің бәрі қолжетімді, яғни тірліктен қиналып жүрген ешкім жоқ. Кір-қоңды кіржуғыш машина жуып-шайып, кептіріп, ыдыс-аяқты да арнайы машина тазалап бере қояды. Ешкім үй жинап әбігерге түсіп жатпайды, себебі азын-аулақ ақшаға бұл шаруаны да тындырып бере қоятын арнайы қызметкерлер жетіп артылады.
Қыздар да дәл сондай «Бір сағаттық күйеу» онлайн жүйесінде еңбек етіп жүрген ер-азаматтарды жалдап, ток көздерін жөндетіп, шеге қақтырып, басқа да ұсақ-түйек тірлігін істетіп ала қояды. Яғни қыздар ерлердің, ер-азаматтар қыз баланың қамқорлығына тәуелді емес. Бәрі оп-оңай шешіліп қойған. Демек, бастысы қаражатың болса, қалауын тауып, қар жаудыратын заман туып тұр. Сондықтан үйлену мәселесі кейінге ысырылып қала беретін сыңайлы.
Қарапайым ауылдықтардың бағыт-бағдары мүлде бөлек. Бірі бақшада, бірі жан бағып, енді бірі мал соңында жүр. Таңнан тұрып, күн батпай тыным таппайтын бұл тіршілік – ерте есеюге, ерте жауапкершілік алуға жетелейді. Бірақ сол еңбек пен қарапайым өмір салты кейде сүрбойдақтыққа да апарып соғады. Әрине, ауыл жігіттері отбасын құруға қарсы емес. Керісінше, олар ерте үйленуді, бала-шағалы болуды өмірдің заңды жолы деп біледі. Алайда үйлену оңай да, шаңырақ ұстап қалу – қиын. Кейде алып келген қыздары ауылға бейімделе алмайды. Ауыл тіршілігі қалада өскен немесе заманға бейім өмір салтын қалаған қыздарға ауыр тиеді.
Нәтижесінде біреуі қалаға кеткісі келеді, ал біреуі ауылдан аттап шыққысы жоқ. Осылайша ортақ шешім табылмай, отбасылар ыдырап жатады. Кей жігіттер бұдан кейін қайта үйленуге жүрексініп, жалғыздыққа үйреніп алады. Тағы бір басты себеп – ауылда тұратын қыз тапшы. Қозы-лақ бағып, бірге өскен қатарлас қыздардың көбі қалаға оқуға кетіп, сол жақта қалып қояды. Ал кейбір қыздар тұрмысқа шыққаннан кейін де ауыл тіршілігіне көндіге алмай, үйге қайта оралып жатады. Осыдан соң жігіттер де ойланып, тағы да қайталануынан күмәнданып, асықпайтын болған.
Сүрбойдақтық кейде еріксізден, кейде таңдау болмағандықтан қалыптасқан мәселе болып тұр. Бала күнінен мал бағып, шаруаға жегілген жігіттердің өмірі – қарапайым, бірсарынды. Ал сол өмірмен біте қайнасып, үйлесе қоятын жар табу қиын. Себебі қазіргі қыздар – саналы, талапшыл, еркіндікке үйренген. Олар үшін ертеңгі өмір тек «күйеуге тию» емес, өзін табу, дамуға ұмтылу. Әуелі материалдық жағдайды ойлайтын нәзікжандылар тұрмыс құруға келгенде тізгінді тарта тұруды жөн көреді. Сөйтіп, қыздардың көпшілігі ілім қуып, жастық шағын сарп етсе, жігіттердің дені материалдық жағдайын түзеп алайын деп уақыт өткізіп алады екен. Оның үстіне әйелдер ғана жұмыс істейтін ортада қызмет ету де өмірлік жар табуға кедергі келтіреді.
Етектен тартар тағы бір қауіпті құбылыс – кеш некенің кесірі кәрі қыздармен ғана шектелмей, олардың дүниеге ұрпақ әкелуі де қиындай түседі. Дәрігерлер тұрмысқа кеш шыққан қыздардың үштен бірінің ұрпақсыз қалуы мүмкін екендігін айтады. Қазіргі қоғам кәрі қыздар проблемасын алдымен шешіп алуы қажет. Бірақ қайтіп? Біреулер тоқал алу мәселесін түбегейлі шешу керек дейді. Оған кеңестік идеологиямен құрсауланған бәйбішелер дес бере ме? Егер екі-үш әйел алу туралы заң шықса, шағын мемлекеттердің «соғысы» басталып кетуі кәдік. Сонымен бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Сондай-ақ елімізде «кәрі қыздардың» көбеюі демографиялық ахуалымызды дамытуға үлкен соққы екені сөзсіз.
Тағы бір айта кетерлігі, мәселені түбегейлі шешудің жолы жеңгетайлық дейтіндер де табылады. Алайда екі жастың жаманын жасырып, жақсысын асырып, үйленуіне сеп болатын жеңгетайлардың да бүгінде аузы күйген. Оған себеп – жастардың мінезі. Өйткені бүгінгі жастардың психологиясы мүлдем бөлек. Эгоизм дертіне тұсалғандар «менікі дұрыс» деп, отбасын сақтап қалуды емес, өзінікін жөн деумен-ақ діңкелейді. Мұндайда «машайық қашыпты» дегендей, ертеңгі күні «сен тауып бергенсің» деген өкпе мен наладан жеңгелеріміз айналып қашатын болған.
Көн етіктіні менсінбей, көк етіктіні іздеп жүргенде уақытын өткізіп алатындардың дені жоғары білімді. Ал «тақиялы періштелердің» саны да аз емес. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Енді сүрбойдақтардың өзіне кезек берсек
Айжан, 41 жаста
МАХАББАТТЫҢ МІНСІЗ ФОРМАСЫН КҮТКЕНІМЕ 41 ЖЫЛ
Білесіз бе, мен өмірімде кәрі қыз атанамын деп ойламаппын. Кішкентайымда мен де басқа қыздар сияқты ақ көйлек киіп, ұзатылып бара жатқанымды елестететінмін. Бірақ өмір басқа жолға салып жібергенде бәрі жай ғана сағым болып қала береді екен. Мен әскери салаға еріксіз келген жоқпын. Қалағаным – осы. Ерлермен тең дәрежеде жұмыс істеп, өзімді жалаң сөзбен емес, шенмен дәлелдегім келді. Сол үшін бәріне дайын болдым.
Бастапқыда ата-анам қарсы болды. «Қыз баланың жолы басқа. Әскерде жүріп кімге керек боласың?» деді. Бірақ мен тыңдамадым. Менде тек алға ұмтылу ғана болды. Өмірім бір кестеге салынған сәтте ояну, жұмыс, сап, жиналыс, жаттығулардың соңында сабылдым. Солай жүріп талай жыл зымырап өте шықты. Мен шен көтердім. Мен марапат алдым. Мен мойындалдым. Бірақ мені «әйел» ретінде ешкім көрмеді.
Қайда барсам да, алдымен мені әскери адам ретінде қабылдайды. Бірде-бір еркек менің көзіме қарап «сенің жаның нәзік» демеді. Олар мені өзіндей көрді. Ал өздерінен мықты әйелді кім сүйсіне қабылдасын? Менімен сөйлескен жігіттер көп. Бірақ бәрі де бір сәтте әлсіздік танытты. Бірі менің табысыма, бірі менің мінезіме, бірі уақытымның жоқтығына шыдамады. Ал шын мәнінде, мен жай ғана әйелмін. Таңертең иіссу сеуіп, біреудің «Бүгін сен сұлуланып кеттің» дегенін естісем дейтін сәттерім аз болмады. Бірақ мен ерте жастан өзімді темірдей қатты болуға үйретіп тастадым. Тым қатты әскериленіп кетіппін. Жеңілтек болғам жоқ. Уақыт өткізу үшін кездесу, ойын, уәделер – мен үшін емес еді. Мен махаббатты ауыр еңбек сияқты көруші едім. Қарапайым жүрек лүпілін де тәртіппен басқаратын адамға айналдым. Мүмкін, сол қателік шығар.
Қазір 40 жастан астым. Айналадағылардың сұраулы көзқарасынан қашқым келеді. Әр мереке сайын «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген бірауыз сұрақ мені бір жыл артқа лақтырып жібереді. Бәрі менің шенімді, қызметімді, жетістігімді көреді, бірақ ішімдегі бос орынды ешкім байқамайды. Мен шаршадым. Тіпті кейде бәрін тастап, жай ғана үйде отырып, біреудің жары, бір баланың анасы болғым келеді. Бірақ ол өмір маған бұйырмады.
Мүмкін, мен махаббаттың өзі емес, «мінсіз» формасын күттім. Енді кеш сияқты. Кейде терезеге қарап ұзақ отырамын. Бір ыстық құшақ жетіспейді. Бір жұмсақ сөз. Қарапайым жан жылуы. Бірақ мен оны көзіммен емес, жүрегіммен іздеймін. Ал жүрек үнсіз қалғалы қашан?!
Ақжігіт, 45 жаста
ЕНДІ ҮЙЛЕНСЕМ ТЫМ КЕШ ЕМЕС ПЕ?
Өмір деген байқалмай ағатын өзен секілді. Жұрт айтқанда ғана өзімнің уақытым өтіп, сүрбойдаққа айналып бара жатқанымды мойындаймын. Иә, кейде өзім де сенбеймін. Бәрі кеше ғана сияқты еді. Жастық шақ, мақсат, үлкен арман. Ал қазір өзім арман еткен кабинетте отырғанымда көп нәрсені өткізіп алғанымды сезінетін болдым. Қызмет – менің жалғыз серігім. Таңертең кеңсеге келем, кешке қайта шығам. Әр күн жоспар, есеп, тапсырма. Ал ішкі жандүниеммен ешкімнің шаруасы жоқ.
Бастапқыда бәрі жай ғана кейінге қалдырылған шешім еді. «Биыл жұмыс қызып тұр, келесі жылы үйленермін» деп жүре бердім. Бірақ келесі жыл да дәл солай өтті. Уақыт менің алдымнан емес, жанымнан сырғып өте берді. Ал мен жұмысымды тастап, біреудің жүрегіне үңіле алмадым. Үңілгім келген. Бірақ қорықтым. Қарбаластан босай алмай, сезімге орын бермей жүре беріппін. Бәрінен оздым деп жүріп бір күні соңыма қарасам, керісінше, менің қатарым алға озып кетіпті. Оларды бала-шағасы қоршап алыпты да, мен жалғыз қалыппын.
Бір кезде ұнатқан қыз да болды. Қол созым жерде жүрді. Бірақ мен үнемі уақытым жоқ дедім. Бірге қыдыруға шыға алмадым. Демалысқа да уақытым жоқ еді. Онымен болуға – көңіл ғана емес, жауапкершілік те керек қой. Ал мен жұмыс пен махаббатты қатар алып жүре алмадым. Сол қыз үйленіп кетті. Менің орнымда болуға тиіс адам басқа біреуге айналды. Ал мен тағы да «уақыт бар» деп алаңсыз жүре бердім.
Айналамның бәрі үйленіп болды. Бала-шағасы бар, күнде балабақша, мектеп, үй шаруасы жайлы сөйлеседі. Ал мен тыңдап тұрып күлген боламын. Бірақ ішімді үнсіздік жайлап алған. Тіпті кейде сол әңгімелерден қашып кеткім келеді. Себебі ол өмір маған бұйырмады. Бұйырған жоқ емес, мен өзім бас тарттым. Енді қайтып келмейтін сәттерді сағынышпен еске алу ғана қалған сияқты.
Енді міне, кешке үйге келем де үнсіздікпен бетпе-бет қалам. Тыныш үй, бұрынғы теледидар. Сағат тоқтап қалған сияқты. Кейде ыстық тамақтан да бұрын бір жылы сөз жетіспейді. «Жұмысың қалай өтті?» деп сұрайтын жан керек. «Саған сенем, жаным» дейтін адам керек. Мен енді ол бос орынды ақшамен, мансаппен толтыра алмайтынымды түсіндім. Қазір мен бәріне уақытым болғанын қалаймын. Бірақ уақыт мені күтпепті. Ол өз жолымен жүре берген. Мен сүрбойдақ болғым келген жоқ. Жай ғана асықпадым. Есесіне бәрінен қалып қойдым. Енді айналама қарасам – бәрі алға кеткен. Мен ғана бір жерде қалып қойыппын. Бір өзім. «Енді үйленсем тым кеш емес пе?» деген ой маза бермейді...
Махмуд, 37 жаста
АУЫЛДА ТҰРАТЫН КЕЛІН БОЛСА...
Ауылдың таңы белгілі – құс үнімен оянасың. Түнгі шықпен жылтырап тұрған бақша. Таңғы қора иісі. Тіршілік осылай басталады біз жақта. Мен осының бәріне көзімді ашқалы үйреніп кеткем. Бірақ адам жүрегі үйреніп кетсе де бір нәрсе жетпей тұратынын кейін түсінеді екен. Мен – 37 жастамын. Жалғызбын. Иә, үйленбей қалған еркектің хикаясы тым көп емес, бірақ өте ауыр. Ауылда еркек жалғыз қалса, оны бірден байқайды. Ауылдың тілі өткір, көзі қырағы. Ал мен үндемей жүре берем. Себебі менің де өз себебім бар.
Жастайымнан еңбекке ерте араластым. Әкем ерте кетті. Үйдің беткеұстары, асыраушысы мен болдым. Анама сүйенген жоқпын, анам маған сүйенді. Мал бағып, жер жыртып өстім. Құрдастарым тойға барып жүргенде мен шелектеп су тасып, таңға дейін шөп үйіп жұмыс істедім. Менде сезім болды, бірақ уақыт болмады. Менде махаббат болды, бірақ мүмкіндік болмады. Ауылда бір қызды ұнаттым. Қарапайым, жымиысы жұмсақ. Бірақ мен оған ешқашан сезімімді ашық айтпадым. Қорықтым. Қарапайым ауыл баласының бойындағы ең қатты қорқыныш – біреуге ұнап, бірақ лайық болмау. Сөйтіп жүргенде ол басқа біреуге тұрмысқа шықты. Өзгеше өмір іздеді. Мені күтпеді. Мен ол үшін ештеңе де істей алмадым.
Содан кейін ауылда қалғым келді. Қайда барамын? Анам қартайып бара жатыр. Үйді кім ұстайды? Қораны кім қарайды? Ауылдан қалаға барып, үйленіп, қайта ауылға келу қазірдің өзінде мүмкін емес нәрсе сияқты. Алып келген қыз ауылға үйрене алмайды. Оған интернет керек, сауда керек, серуен керек. Ал менің өмірім – күнде таңертең сиыр сауу, күнде кешке қора тазалау. Бұл – романтика емес. Бұл – шынайы өмір.
Жылдар өте берді. Үйленем деген ой кейін шегінді. Ауылда қыз да азайды. Қаладан келген қыздар – мұнда бір күнге ғана. Ертең қайта кетеді. Ал мен сол ауылда қалып қоямын. Бастапқыда «жасы келіп қалды» деген сөз жай естілетін. Кейін ол сөздің салмағы ауырлай бастады. «Қашан үйленесің?» деген сұрақтан шаршадым. Шаршамай қайтейін, мен де адаммын ғой. Мен де біреудің күйеуі, бір баланың әкесі болғым келеді.
Бұрын түнде ішімнен: «Құдайым, маған адал жар бере көр!» деп үнсіз тілейтінмін. Қазір баласы бар келіншек болса да қарасса болды, ауылдың тыныс-тіршілігіне шыдаса болды деп ойлаймын. Үйде пештің шоғын қозғап отырып, бір адамның аялы алақаны жетіспейтінін сезем. Бірақ ол алақан менің өмір салтыма бейім бола ала ма? Ол – мен үшін әлі де сұрақ.
Кейде өзімді кінәлаймын. Кейде бар кінәні тағдырға сілтей саламын. Бірақ бір нәрсе анық – мен махаббатты құр жіберіп алған адаммын. Үйде жалғыз, бұрышта қатқан нан жеп отырып бәрін ой елегінен қайта өткізем. Мүмкін, өмірді емес, кезінде жүректі тыңдау керек болған шығар. Бірақ әлі де үмітім сөнбеді. «Бірге шаңырақ көтеремін, ауылда тұрамын» дейтін қыз болса қуанар едім. Бірақ енді бетіміздің әрі кетіп, шашты қырау шала бастағанда ондай қыз жолығар ма екен деп уайымдаймын. Тек үмітімді сөндірмеймін, бәрі жақсы болатынына сенемін.
Кейіпкерлеріміздің ғұмырына байыппен қарасақ, бірі уақытынан бұрын ержетіп, өмірдің ауырын ерте көтеріп, отбасын кейінге шегерген. Екіншісі – карьера қуып, қызмет пен құрметтің тасасында жүріп, жүрек үнін естімей қалған. Ал енді бірі – ауылда қалып, ата-ананың тілегін орындап жүргенінде өз арманының үнін естуге шамасы жетпеген. Бірақ бәрінің көзінде мұң, кеудесінде сағыныш бар. Кешіккен өмірге, өтіп кеткен сәттерге, айтылмай қалған сөздерге, жолықпай қалған жандарға өкініші бар. Жалғыздық – сырттай сыр бермегенмен, іштен кеміретін тылсым дерт. Кісінің күйін де сұрамайды, шеніне де қарамайды. Түн ішінде терезеге қарап, үнсіз күрсінуге мәжбүр етеді.
Сүрбойдақ болу – ұят емес. Бұл – заманның салқыны, жауапкершіліктің ауыр салмағы, кейде еркіндіктің өтемі. Бірақ адам жаратылысы – жалғыздыққа емес, жұп болуға, жан серігін табуға арналған. Сүрбойдақтардың тағдыры – тек олардың ғана емес, бұл бүкіл қоғамның үнсіз әңгімесі. Біз естімейтін, бірақ іштей бәріміз түсінетін үнсіз уайым. Ал ең қиыны – кеш түсіну. Өткен уақытты кері қайтара алмайсың. Бірақ алда әлі де үміт бар. Себебі жүрек тірі. Ал тірі жүрек – сүйе де алады, күтеді де, сенеді де...
Қоғам әртүрлі тағдырлардан тұрады. Бірі – кешіккен махаббатқа өкініп жүрсе, бірі – еркіндікті серік етіп, жалғыздықты шынайы өмірдің бір көрінісі деп қабылдайды. Бірақ осының бәрінде бір нәрсе маңызды – бұл жай ғана таңдау емес, бұл – өмірдің бағыты. Сүрбойдақтық – жеке адамның ғана мәселесі емес. Бұл – ұлттық құрылымға, болашаққа әсер ететін ортақ проблема. Егер біз бір-бірімізге түсіністікпен қарап, жалғыздарды шеттетпей, жүрекке жол таба білсек, бәлкім, кешіккен махаббат та, кешікпей келген отбасы да бақытқа айналар ма еді…
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ