Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Парасат биігіндегі Басқарбек

Парасат биігіндегі Басқарбек
Автор
Жұлдыздай ағып өтіп, небәрі 36 жас ғұмыр кешкен Басқарбек Битанов сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген талапты жас Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Ауыл» газеттерінде жемісті еңбек етті. Қаламы қарымды журналистің жазған туындылары қалың оқырманның көңілінен шығып, республика өміріндегі өзекті мәселелерді көтере білді.

Журналистік сапармен Болгария, Қытай, Чехословакия елдерінде болып, тарихи-танымық және экономикалық тақырыптарда мазмұнды мақалалар, очерктер жазды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін журналист, әсіресе фельетон жанры бойынша ерекше көзге түсіп, қаламгерлік шеберлік таныта білді.

Басқарбек университет қабырғасында жүргенде өзін болашағы үлкен сықақшы-сатирик ретінде танытып, шығармашылық биіктен көрінді. Сөз өнерінде алға суырылып шығып, «Құны жоқ адам» атты туындысы үшін Баубек Бұлқышев атындағы Жастар сыйлығының лауреаты атанды. 1980-1990 жылдары атағы дүркіреп тұрған «Тамаша» әзіл-сықақ театрының белсенді авторы болды.

– Жаратылысынан әзіл-қалжың үшін туған Басқарбектің қылықтары да күлкіге толы болушы еді. Біреудің дауысын, мінез-құлқын айнытпай салудың нағыз шебері болатын. Әсіресе, ұстазы Темірбек Қожекеевтің дауысымен телефон арқылы талайды тысқырғанын күле тыңдаушы едік.

Бірде мынадай қызық болды. Ол кезде Басқарбек «Халық кеңесі» газетінің жауапты хатшысы, мен оның орынбасарымын. Екеуміз бір кабинетте отырамыз. Бір күні Басқарбек көрші бөлмедегі редактордың орынбасары Жұмабек Кенжалинге Қожекеев болып телефон соқты. Амандық-саулық сұрасып болған соң, Жұмабекке тиісе сөйледі.

– Әй, слушай, – деді ол – өзі болған қыз төркінін танымайды деуші еді. Сен бізде бес жыл білім алғаныңды, біздің арқамызда Лениндік стипендиант атанып, депутат болғаныңды ұмытайын деген екенсің. Әйтпесе, менің мақаламның жатқанына екі ай болды, соны неге шығармайсың? – деп дүрсе қоя берді.

Жұмабектің ақталған дауысы көрші бөлмеден естіліп жатты. Бір кезде Басқарбектің «ойыны» бары Жұмабектің де есіне түсті-ау деймін, «Аға, тоқтай тұрыңызшы» деп телефон тұтқасын қоя салып, біздің бөлмеге жүгіріп келді де: «Әй, Басқар, тұтқаны таста» деп бәрімізді күлкіге қарқ қылғаны бар», деп белгілі журналист, марқұм Қыдырәлі Қойтай жерлес інісін сағынышпен еске алушы еді.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Басқарбек кез келген музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын. Ол керемет күйші еді. Басқарбектің үлкен өнеріне Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі сазгер-күйші Нұрғиса Тілендиевтің үлкен баға бергенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.

Басқарбек университет қабырғасында оқып жүргенде, 1978 жылы Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың Дүниежүзілік фестиваліне қатысты.

Басқарбектің қайраткерлігі туралы әріптестері әрдайым тебірене әңгіме қозғайды. Ұлтжанды журналист 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарына қорған болды. Әділдік пен ақиқат үшін күресті.

Кеңес дәуірі кезінде Қазақ КСР-нің астанасы – Алматыда екі ғана қазақ мектебі болғаны ащы болса да шындық. 1990 жылдардың басында қазақтың белгілі сатирик-жазушысы Шона Смаханұлы бастаған бір топ қаламгер үлкен шаһардан қазақ мектептерін ашу жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіп, нағыз ұлтжандылық көрсете білді. Ұлт болашағы үшін атқарылған игі шаралардың бел ортасында белгілі журналист Басқарбек Битанов жүрді. Осы игілікті істердің арқасында сол жылдары Алматыда 25 қазақ мектебі ашылды.

 Жазғанынан жазары көп талантты қаламгер Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов аудандағы Көкдөнен ауылының тумасы. Аудан орталығы – Луговой селосының ежелгі атауы – Құланның қайтарылуына Басқарбек Битановтың сіңірген еңбегі орасан.

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін асыл азаматтың есімі ел есінде, халық жадында. Басқарбек Битанов дүниеден озған соң, туған ауылы Көкдөнен ауылындағы көшенің біріне қаламгердің аты берілді. Аудан орталығы Құлан ауылындағы мәдениет үйінде Басқарбек Битанов атындағы әзіл-сықақ театры жұмыс істейді.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында Көкдөнен ауылында Басқарбектің балалық, жастық шағы өткен үйге мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды. Астанадан, Алматыдан, Тараздан келген жазушылар, журналистер, Тұрар Рысқұлов ауданының зиялы қауымы, ауыл тұрғындары қатысты. Игі іс-шараны Тұрар Рысқұлов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдос Базарқұлов ашып, ауданның құрметті ақсақалы Дүйсебай Ақүрпеков, осы жолдардың авторы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Доқтырхан Тұрлыбек, Жамбыл облыстық «Аq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы, аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев, Басқарбек Битановтың туған ағасы Бейсенбек Алтаев және басқалар сөз сөйлеп, белгілі журналист-жазушы Басқарбек Битановтың биік тұлғасына жан-жақты баға берді. Осы күні өмірден ерте озған, бірақ үлкен істер тындырып кеткен Басқарбек Битановтың рухына арналып, құран бағышталды.

Иә, «Жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері,

Көкдөнен ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар