
Қызымды емдету жолында талай «тасжүрек» адамдармен кездестім десем артық айтқаным емес. Тіпті олардың дерті менің қызымның дертінен де ауыр екеніне көз жеткізген кездерім болды. Ақ халатты абзал жандар бола тұра ентігіп, жүрегі қысылып тұрған қызымның қан қысымын өлшеуге, жүрегін тыңдауға да құлшынысы болмайтын кездерін өз көзіммен көрдім. (Бірақ бұл сөздердің балалар ауруханасына мүлдем қатысы жоқ. Менің қызымның жанын сақтап қалу үшін күрескендер қайта осы жандар болды) Тараз қалалық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері мүгедектік кодын және қосалқы ауруларын жазып берген күннің өзінде де емхана дәрігерлерінің «Сізге мүгедектік неге керек, ақша үшін бе?» деп итше талағандарын қайтерсіз. Олардың науқас балаға мемлекет тарапынан төленетін ақшаны да қызғанатындары жасырын емес. Мұндай сөзді айтатын ақ халаттылардың жүрегін мейірім емес, ақша билеп алғандай көрінеді.
Негізі мен қызымның «жүрек жеткіліксіздігі» дертінен емес, «жүрегі тас болып қатып қалған» қоғамнан қорқам. Себебі қызым осы дертке 6 жасынан, яғни 2020 жылдың көктемінде COVID-19 пандемиясы басталған шақта шалдықты. Содан бері жүрегі тас боп қатып қалған қоғам мен туралы: «Күнәсі көп болғандықтан Құдай қызын дертті етіп, қызы арқылы жазасын беріп жатыр», деген сөздерді де айтты. Әлбетте, Құдай туралы айту үшін ол адамның қасиетті Ислам дінінен хабары мол болу керек. Керек десеңіз, бұл дертті қыз – менің жұмағымның кілті болуы мүмкін. Себебі қызымыз екеуміздің талай таңды ұйқысыз атырған кездеріміз болды. Мен ол ауырғанда шыбын жаным шырқырап, қайтсем тарылған тынысын кеңейтемін деп жанұшыратын жалғыз адам емеспін бе? Баласы қиналғанда қарап отырған ананы көрмедім. Баласының табанынан кірген тікенді анасы «менің маңдайыма қадалсыншы» дейді ғой.
Қызымның: «Мама, шекеңіздің, көзіңіздің айналасын әжім басып кетіпті. Ұйқысы үнемі қанбайтын адамның шекесін әжім басады екен. Мен үшін әбден қартайдыңыз. Мүмкін мен өлсем, бір-екі айдан соң ұйқыңыз қанып, басқа аналар секілді әдемі болып жүре алатын боларсыз» деп айтқан кездері болды. «Ой, сен де бір! Бұған ұйқының түк те қатысы жоқ. Уақыт – ешкімді аямайды!», деп қысқа қайыратынмын. Бірақ жаны азапталып қиналған кезде: «Мама, мен өліп қалмаймын ба?», деп шырылдағаны құлағымнан кетпейді...
Қазір қызымның жасы 12-де. Шүкір біз бұл 6 жылдың ішінде аталмыш дертпен алысып үйрендік, жеңіп те келеміз. Бастапқы диагнозымыз – «Астма» мен «Миокардит» болатын. Былтыр Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы қызыма «Дилатациялық кардиомиопатия» диагнозын қойды. Біз қазіргі уақытта бұл дертті де қалыпты жағдай ретінде қабылдап келеміз. Яғни біз мықты болуды, аталмыш дертпен қалай күресуді, қалай тез шара қабылдауды меңгердік деп ойлаймын. Әрине бұл жерде Астана және Тараз қаласындағы кардио-ревмотолог дәрігерлерінің кеңесін, еңбегін айта кету керек. Себебі біз сол дәрігерлердің берген кеңесімен, ем-домымен өмір сүріп жатырмыз. Бірақ мені қорқытатыны – қызымның ауызға себетін тыныс ашатын ингаляциялық дәрісіз күні жоқ екені...
Жақында қызым ауылда қалғысы келді. Сөйтіп ауылда 4 күн қонды. Алайда бесінші күні таңертең үйге таксимен ерте келуіне тура келген. Себеп – қолындағы тынысын жеңілдететін ингаляторы таусылған. Көліктен түсіп үйге әрең кірді. Бұл бір басталса өршіп кетуі мүмкін, қинап жіберетін дерт екенін көзіммен көріп келемін. Бірақ мүгедек бала күтуші ата-ананың жанайқайын ешкім түсіне бермейді, тіпті дәрігерлер де. Керек десеңіз бір дәрігер сканерден өткізіп, ауруханаға жолдау үшін менен қызымның медициналық құжаттарының көшірмесін алып қалды.Бірақ жауап болмады. Ақыры бір шикілікті сезіп, емханаға барсам, сенесіз бе сол дәрігер «жүрек жеткіліксіздігі» дертімен ауыратын баланы емханаға жолдауды ұмытып кеткен болып шықты. Сонда үш апта бойы ауру баламен не күтіп жүрміз? Біз ауруханаға жату үшін біраз анализдер тапсырып баруымыз керек болған. Ал бұл анализдерді тапсырту – оған әрине артық жұмыс. Міне, жүректе мейірім жоқ. Қатігез жүрек ешқашан емделмейді. Мен сол үшін де «жүрек жеткіліксіздігі» дертімен ауыратын қызымды емес, осындай емделмейтін «тасжүрек» дәрігерлерді аяймын! Жүректерінде бір түйір мейірім жоқ, олар медицина саласына қалай келді, түсінбеймін...
Ал бұл қыздан кейінгі қызым «аутизм спектрінің» жеңіл түрімен ауырады. Яғни өз-өзін алып жүре алмайды, қасында біреу жүрмесе өздігімен мектепке де барып келе алмайды. Бірақ әдебиетке мықты. Кез келген поэзияны тез жаттайды, мәнерлеп оқи алады, бірақ бір апта өткен соң сол жаттағанын ұмытады. Бұл қызымды да тексерттім. Бірақ психиатр дәрігерлер бұл қызды психикалық денсаулық орталығына емделуге жібермек болды. Бірақ бұған қандай ана келіссін, ол жаққа жібергім келмеді. Сөйтіп екі бірдей қанатсыз періштелерімнің дертімен күрескен ана жүрегім қар айырылып отыр. Адамзаттың ғазизі Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім сырқат баласын бағып-қағып сабыр сақтаса, оған жұмақ уәде етілген», деп айтқан. Өкінішке қарай біз діни сауатсыз қоғамға айналып бара жатырмыз. Себебі мүгедек бала – жаза емес, керісінше ерекше тағдыр иесі.
Бала – ата-анаға берілген Алланың аманаты болса, науқас – дәрігерге берілген аманат болуы керек. Неге десеңіз, бұл – Жаратқанның жүрекке салған ерекше сынағы, тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның рухани емтиханы. Мұндай ерекше балаларды аяп қарауға болмайды. Тек оларды құрметтеп, махаббатпен қабылдай білуіміз қажет. Себебі олар өтірік көлгірсуді білмейді, олар – шынайылық бейнесіндегі ерекше әлем тәрізді балалар...
Гүлсара БАЙДАНОВА,
журналист,
Тараз қаласының тұрғыны