Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Есеп үшін емес, ел үшін еңбек ететін орталық

Есеп үшін емес, ел үшін еңбек ететін орталық
Автор
Мемлекеттік басқарудағы тиімділікті арттырып, нәтижеге бағытталған жұмыс жүйесін қалыптастыру – қазіргі заманның ең өзекті талаптарының бірі. Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде жобалық басқару қағидаларын енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағытта облысымыз озық тәжірибесімен ерекшеленеді. Жобаларды тиімді іске асыру мен басқарудың жаңаша үлгісін қалыптастыруда аймақтың жобалық басқару және цифрландыру орталығы маңызды рөл атқарып келеді.

Орталықтың жұмысы туралы кеңірек мәлімет алу мақсатында біз аталмыш мекеменің басшысы, тәжірибелі басқарушы, стратегиялық ойлаушы маман Гүлпара Алашбайқызымен сұхбаттасқан едік.

Облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығы екі маңызды бағытта жұмыс жүргізеді. Біріншісі мемлекеттік секторда жобалық басқару қағидаларын енгізу және екіншісі – цифрландыру. Бұл екі бағыт бір-бірін толықтырып, басқару мен есеп беруді автоматтандыру арқылы тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз етеді.

– Мемлекеттік басқаруда жобалық тәсілді қолдану дегеніміз – жоспарлаудан бастап, іске асыру мен бақылауға дейінгі бүкіл үдерісті нақты құрылымға салу деген сөз. Біз бұл жұмысты 2020 жылдан бастап жүйелі түрде қолға алдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы мен 2022 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестегі нұсқауларына сәйкес, жобалық басқару қағидаларын мемлекеттік секторға енгізу басталды. Бұл тек тапсырма ретінде емес, мемлекеттік басқарудың жаңа парадигмасы ретінде қарастырылып отыр, – дейді Гүлпара Ташенова.

Орталық басшысының айтуынша, жобалық тәсіл – басқарудың тиімділігін арттырумен қатар, мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтеді, бюрократиялық кедергілерді жояды, тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік береді және жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге жол ашады. Бүгінгі күні бұл бағыттар бойынша аймақта көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Мемлекеттік басқаруда жобаларды орталықтандырылған түрде жүргізу үшін «Ұлттық жобалық офис» және оған бағынышты өңірлік жобалық офистер құрылған. Жобалар бірыңғай ақпараттық жүйеде (БАЖ) тіркеліп, нақты кезеңдерге бөлініп, ашық жүргізіледі.

Облысымызда жергілікті атқарушы органдар үшін 5 базалық бағыт айқындалған. Олар, адами капитал, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, үлгілік базалық бағыт.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағыттар бойынша облыста 316 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар жүйелі жүргізіліп, арнайы есептік жазбалармен тіркеледі. Қазіргі таңда 268 есептік жазба ашылып, әр жоба бойынша рөлдер, міндеттер нақты бекітілген.

Жобалық басқару аясында іске асырылып жатқан нақты жобалар – бұл тәсілдің өміршеңдігін көрсетеді. Айталық, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2023-2025 жылдары 7 мектеп салу жоспарланған. Қазірдің өзінде 3 мектеп пайдалануға беріліп, тағы 4 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстар кезең-кезеңімен бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеліп, бейнебақылау арқылы қадағаланады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында айтылған «1300 мектепті жаңарту» жобасы бойынша 2025-2027 жылдары облысымызда 66 мектепті жаңғырту көзделген. Оның алғашқы 10 жобасы биылдан бастап жүзеге асуда. Әр мектеп бойынша 28 іс-шарадан тұратын кешенді жоспар бекітілген.

Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс бойынша 40 жоба бекітілген, оның 13-і толығымен орындалыпты. Бұл жобалар жастарды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеуге және еңбек нарығына тиімді кіріктіруге бағытталған.

– Жобалық басқару жүйесінің арқасында барлық әлеуметтік, инфрақұрылымдық, экологиялық жобалар нақты мерзіммен, межеленген нәтижемен, жауапты тұлғалармен жүргізілуде. Бұл мемлекет пен халық арасындағы сенім көпірін нығайтады. Мысалы, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында түрлі әлеуметтік шаралар, кәсіптік оқыту, насихаттау жобалары іске асты. Әрбір жобаның нәтижесі бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеліп, халыққа да, бақылаушы органдарға да ашық көрініп отыр. Бұл ашықтық – жемқорлықтың алдын алудың басты тетігі, – деген орталық басшысы экологиялық жобалар да назардан тыс қалмағанын жеткізді.

Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес, облысымызда 2023-2027 жылдары 143,031 миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 9,4 миллионнан аса ағаш отырғызылып, бұл бағыттағы 13 орман шаруашылығының жұмысы ақпараттық жүйеде ашық көрсетіліп отыр. Сонымен қатар, 2030 жылға дейін орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін жеткізу жөніндегі бағдарлама аясында 14 жобаның құжаты тіркелген.

– Біздің мақсат – есеп үшін емес, ел үшін жұмыс істеу. Жобалық басқару осы міндетті жүзеге асыруға нақты құрал береді. Әр жоба – қоғам алдындағы жауапкершілік. Әр нәтиже – халықтың әл-ауқаты. Біз осы қағидатты ұстанып, жүйелі, ашық және нәтижелі жұмыс жүргізіп келеміз, – деп түйіндеді сөзін Гүлпара Алашбайқызы.

Облыста жобалық басқаруды енгізу және дамыту ісінде елімізге үлгі боларлық тәжірибе қалыптастырып келеді. Мұндай басқару тәсілі – ел дамуының жаңа сатысына, әділетті қоғамға бастар жол.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар