
– Еркін Садуақасұлы, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры қызметін 4 жылдан аса уақыттан бері атқарып келесіз. Осы аралықта палата жұмысына қандай өзгерістер енгізілді? Бизнесті қолдауда қандай жаңа басымдықтар айқындалды?
– Облыстық кәсіпкерлер палатасы 4 жыл ішінде өңір кәсіпкерлері үшін маңызды өзгерістер мен жаңашылдықтарды енгізіп, бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастырды. Палата жұмысындағы негізгі басымдықтар кәсіпкерлердің құқығын қорғау, билік пен бизнес арасындағы диалогты нығайту және инвестициялық жобаларға қолдау көрсету болып қала бермек.
Кәсіпкерлік палатаның белсенді жұмысының нәтижесінде бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізілді. Атап айтқанда, бизнестің жүйелі мәселелерін талқылап, шешуде салалық кеңестердің рөлі айтарлықтай артты. Осы кезеңде 200-ден аса салалық кеңес отырысы өткізіліп, онда кәсіпкерлердің өзекті мәселелері талқыланып, нақты шешімдер қабылданды. Аталған кеңестер бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалог алаңына айналды. Мәселен, тек 2024 жылдың өзінде 56 салалық кеңес отырысы өтті.
Палата қызметінің өзгермейтін маңызды бағыты – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары кәсіпкерлердің құны миллиардтаған теңгені құрайтын мүліктік құқықтары қорғалды. Палата мамандары сот процестеріне қатысып, кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, әкімшілік кедергілерді жоюға белсенді атсалысуда.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және консультация беру – палата жұмысының тағы бір жаңа басымдығы. Өңірге инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында палата инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда жалпы құны 3,2 триллион теңгені құрайтын 80-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде 1,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жалпы құны 189,7 миллиард теңге болатын 10 ірі жоба іске қосылып, палата олардың жол карталарының орындалуына верификатор ретінде қатысуда.
Алдағы уақытта да кәсіпкерлік ортаны жақсарту, бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді жедел шешу және өңір экономикасына елеулі үлес қосатын жаңа жобаларды қолдау жұмыстары жалғасын табады.
– Бүгінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытында «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылуда. Өңір кәсіпкерлері жобаның шарапатын қаншалықты сезінуде?
– Жарқын жоба тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, батыл қадамдарға жол ашты десек болады. Себебі бұл жоба нөлден бастап оқытуға емес, жұмыс істеп тұрған бизнестің алдында тұрған нақты практикалық мәселелерді шешуге бағытталған.
Ең бастысы – жоба аясында ғылыми ресурстарға қол жеткізу арқылы сертификаттау мәселесінің шешілуі. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен серіктестіктің арқасында кәсіпкерлер сүт, ет, бал, былғары бұйымдары секілді өз өнімдерін зертханалық тексеруден тегін өткізіп, нәтижесінде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін ресми сертификат ала алады. Бұл жай қағаз емес, нарыққа шығуға жол ашатын маңызды құжат. Осындай құнды қағазы бар кәсіпкерге ірі сауда желілерімен келіссөз жүргізу әлдеқайда жеңілдейді. Себебі онсыз супермаркет секілді ірі сауда орындарына кіру іс жүзінде мүмкін емес.
Сонымен қатар жоба кәсіпкерлерді «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысуға жан-жақты дайындайды. Зертханалық қорытындысы бар өнім көрмеде сенімді көрініп, тұтынушылар мен серіктестердің назарын аударады. Жәрмеңкелер сауда орны ғана емес, тәжірибе алмасатын, жаңа байланыс орнататын және өнімді кеңінен таныстыратын алаң. Жәрмеңкеге сертификатталған өніммен қатысу кәсіпкердің беделін арттырып, сатылымды да еселей түседі.
Сондай-ақ сертификат қаржыландыру көздеріне жол ашады. Несие не грант алуға өтінім бергенде, бұл құжат жобаның негізді әрі сенімді екенін дәлелдейтін маңызды дәйек. Кәсіпкерлер зертханадан өнімінің әлсіз тұстарын анықтап қана қоймай, технологтардан оны жақсарту, сақтау мерзімін ұзарту, өндіріс сапасын арттыру бойынша кәсіби кеңестер алады.
Мәселен 2023 және 2024 жылдардағы жобаның финалистері өз бизнесін дамыту үшін 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттарға қол жеткізді.
Жобаның нақты табысты мысалдары да бар. Меркі ауданында саңырауқұлақ өсірумен айналысатын кәсіпкер Айгүл Мүсілімова биошарды қолдану технологиясы бойынша арнайы оқудан өтіп, зертханалық қолдаудың нәтижесінде өз шаруашылығына осы әдісті енгізу жөніндегі келісімшарт дайындауға кірісті. Бұл қадам шаруашылықтың өнімділігін арттырып қана қоймай, органикалық өндіріс стандарттарына көшуге мүмкіндік береді.
– 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты кәсіпкерлер палатасы жастарды жұмысшы кәсіптерге тарту бағытында қандай нақты шараларды жүзеге асыруда? Жалпы кәсіпкерлер мен колледждер арасындағы әріптестік қандай деңгейде?
– Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы міндеттерді іске асыру мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы жастарға кәсіби бағдар беру, дуалды білім беруді дамыту, жұмысшы мамандықтарды насихаттау және бизнес пен білім беру жүйесі арасындағы байланысты күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыстар мектеп және колледж оқушыларына кәсіптік бағдар беру, дуалды оқытуды дамыту, жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттау және «Кәсіби маман» байқауын ұйымдастыру сынды бірнеше бағытты қамтиды.
Кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында жастардың нақты өндірістік ортаны көзімен көріп, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы үшін өңірдегі кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, оқушылар «СПК Кордай-Корм» өндірістік кооперативіне, «Самғау» шаруа қожалығына, «Жаңа Жамбыл» фосфор зауытына барып, еңбек процесімен және жұмыс жағдайымен танысты. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтардың мәнін ашатын, шынайы өмір оқиғаларына негізделген бейнероликтер дайындалып, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды. Бұл роликтерге жас мамандар мен тәлімгерлер тікелей қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Дуалды оқыту жүйесін дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен өңірлік дуалды серіктестік базасы құрылып, қазіргі таңда оған 35 колледж бен 500-ге жуық кәсіпорын тартылған. Көлік, химия өнеркәсібі, энергетика, ауылшаруашылығы сияқты жетекші салаларда жаңа дуалды бағдарламалар енгізіліп, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі мен кейіннен жұмысқа орналасуы нақты жолға қойылды. Бұл жүйенің тиімділігін бітірушілердің 85 пайыздан астамының тұрақты жұмысқа орналасқаны дәлелдейді.
Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу мақсатында да байыпты бастамалар қолға алынды. Өндірістегі еңбек жағдайы, мансаптық өсу мүмкіндіктері мен жұмысшы кәсібінің қоғам үшін маңызын айшықтайтын бейнероликтер топтамасы әзірленіп, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихатталды. Ақпараттық материалдар палатаның ресми сайтында, соның ішінде «taraz.atameken.kz» порталында да жарияланды.
Жұмысшы мамандықтарға қолдау көрсету үшін ұйымдастырылған «Кәсіби маман» өңірлік байқауы жоғары деңгейде өткенін айта кеткен жөн. Бұл байқауда кадрлар даярлауға белсенді қатысқан үздік кәсіпорындар мен колледждер, сондай-ақ өндірістегі тәжірибелі тәлімгерлер жеңімпаз атанып, марапатталды. Атап айтқанда, «Кадрлар даярлауға қатысатын үздік кәсіпорын», «Жұмысшы кадрларды даярлайтын үздік колледж» және «Өндірістегі үздік тәлімгер» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, олар республикалық кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды.
– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жақсы білеміз. Жоба шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтсеңіз...
– Өңірімізде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында үйде отырып-ақ кәсіппен айналысатын жандарды қолдау, шағын фермерлік шаруашылықтарды толыққанды өндіріске айналдыруға бағытталған бастамалар қолға алынып, табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте бизнес пен ғылымның өзара ықпалдастығы басты бағыт ретінде айқындалып, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жоба аясында білім беруге ерекше басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта 16-27 маусым аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің базасында 28 кәсіпкерге арналған алғашқы қарқынды оқыту курсы іске қосылды. Бұл жоба жергілікті кәсіпкерлердің негізгі мәселелерінің бірі саналатын заманауи технологияларға қол жеткізе алмау және өнім сапасын ресми түрде дәлелдей алмау проблемасын шешуге көмектесіп отыр. 3 бағытты қамтыған курс тоқыма және аяқкиім өндірісінен бастап, тамақ өнімдерін өндірудегі заманауи технологиялар мен биошарды қолдануға дейінгі білімді қамтиды. Курстың тағы бір ерекшелігі – сабақтар қатысушылар үшін тегін ұйымдастырылды.
Кәсіпкерлер үшін ғылыммен байланыс та қолжетімді бола түсті. Жобаға қатысушылар өз өнімдерінің құрамын, қауіпсіздігін және тағамдық құндылығын тексеру үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің заманауи зертханаларын тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл зертханаларда алынған нәтижелер кәсіпкерлерге өз өнімдерін жетілдіруге, сапасын арттыруға нақты бағыт беріп отыр.
Өнімдерін нарыққа таныстыру үшін кәсіпкерлерге үнемі көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырылады. 2024 жылғы көрмеде 100-ден аса қатысушы былғары мен киізден жасалған бұйымдар, ұлттық тағам өнімдері мен биотыңайтқыштар сынды ерекше тауар түрлерін ұсынды. 2025 жылға жоспарланған көрмені 25 шілдеде өткізу жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауыл кәсіпкерлігін жаңа деңгейге көтеріп, нақты тәжірибе мен ғылыми негізге сүйенген тұрақты өндіріс жолына бағыттап келеді.
– Цифрландыру кәсіпкерлікті дамытудың маңызды тетігіне айналды. Кәсіпкерлер палатасы қандай жаңа онлайн-сервистер ұсынып отыр? Осы қызметтерге өңір кәсіпкерлері қаншалықты қол жеткізіп, пайдаланып жүр?
– Өңірдегі бизнес өкілдеріне нақты көмек көрсетудің тиімді жолдарының бірі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген онлайн-сервистерді белсенді пайдалану. Солардың ішіндегі ерекше атап өтуге тұратыны – интерактивті инвестициялық карта.
Интерактивті инвестициялық карта – Үкімет пен «Атамекеннің» бірлескен бастамасымен жасалған, инвестициялық жобаларды бақылап, қолдауға арналған заманауи цифрлық құрал. Бұл карта жамбылдық кәсіпкерлерге көптеген тұрғыдан қолайлы. Онлайн форматта бос жер телімдерін іздеуге болады, сол аумақтардағы инфрақұрылымның, яғни жарық, газ, жол сияқты маңызды желілердің бар-жоғы көрсетіледі. Сонымен қатар кәсіпкерлер дайын бизнес-жоспарлармен сұранысқа ие бос тауашалармен таныса алады.
Жалпы алғанда бұл карта ақпарат көзі ғана емес, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдететін нақты көмек. Ол жобалардың жүзеге асуын ашық әрі айқын етеді, мемлекеттік мекемелердің жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ өңірге қажетті салаларға ресурстарды дұрыс бағыттауға ықпал етеді. Цифрлық шешімдердің осындай қолжетімділігі бизнес жүргізуді жеңілдетіп, кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге және нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
– Қазіргі күрделі нарық жағдайында табысты кәсіпкер болу үшін қандай қасиеттер аса маңызды деп ойлайсыз? Түрлі қиындыққа қарамастан дамып жатқан кәсіпкерлерді өзгелерден не ерекшелендіреді?
– Кәсіпкерлер палатасында еңбек ете жүріп мыңдаған іскер жанмен танысып, білісіп, қоян-қолтық жұмыс істедік. Уақыт өте келе осы кездесулерден белгілі бір заңдылықтар мен ортақ сипаттарды байқадым. Сондықтан да кәсіби тәжірибе сүйене отырып бүгінгі күннің кәсіпкеріне не керек екенін нақты айта аламын.
Бүгінгі нарық қас-қағым сәтте өзгеріп отырады. Кеше сенімді болған серіктес бүгін ғайып болуы мүмкін, сұраныста тұрған өнім ертең қызығушылық тудырмауы мүмкін. Осындай құбылмалы кезеңде табысқа жету үшін тек еңбекқорлық пен биік мақсат жеткіліксіз. Уақыт талабы мүлде басқа қасиеттерді алға шығарды. Соның ішінде 3 қасиеттің астын сызып тұрып атар едім.
Алдымен, бұл – ойдың икемділігі мен ортаға бейімделе білу. Кәсіпкер бұрынғы бір жолмен жүре бермей, жағдайға қарай бағыт-бағдарын қайта қарап, бизнес моделін өзгертуге дайын болуы керек. Сұраныс басқа жаққа ауып жатса, сол бағытқа икемделе білуі қажет. Жеткізу тізбегі үзілсе, логистикасын қайта құрып, жаңа технологиялар пайда болса, оларды тез меңгеруге талпынуы тиіс. Ескі тәсілге байланып отыру емес, жаңашылдыққа ашық болу – мықты кәсіпкердің басты қасиеті.
Екінші маңызды сипат – психологиялық төзімділік. Кәсіпкерлік ұзақ шақырымды қамтитын марафон секілді. Күн сайын кәсіпкер салық қысымы, білікті маман тапшылығы, қаржылық қиындықтар, кешіктірілген төлемдер, жауапсыз серіктестер секілді түрлі кедергілермен бетпе-бет келеді,. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, салқынқанды шешім қабылдап, жағдайды жан-жақты бағалай отырып, жүйелі түрде әрекет ете білу нағыз кәсіпкерге тән берік мінез.
Үшінші – қаржылық ұқыптылық пен тәртіп. Табысты кәсіпкерлер артық шығынға бармайды. Штатты себепсіз үлкейтпейді, сән-салтанат үшін несие алмайды, көзге көріну үшін қымбат мүлікке қызықпайды. Оның есесіне табысын өндірісті жетілдіруге, технологияны жаңартуға, командасын күшейтуге бағыттайды. Ең маңыздысы олардың қолында әрдайым қиын кезеңдерге арналған қаржылық қор болады.
Көп кәсіпкер белгілі мәселе туындағанда ғана әрекетке көшсе, ал өсу үстіндегі кәсіпкер мәселені алдын ала сезіп, соған дайындалып отырады. Олар әр өзгерісті бақылап қана қоймай, оны өз ісіне қалай пайдалы ете алатынын ойлайды. Жаңа заң шықса, оны мұқият зерттеп, «бұл менің бизнесіме қалай әсер етеді?» деген сұраққа нақты жауап іздейді. Жаңалықты жай қабылдамай, оның астарынан мүмкіндік көреді.
Сонымен қатар, олар ізденімпаз болады. Түрлі курстарға қатысады, тәжірибе алмасады, басқа кәсіпкерлердің жолын зерттейді. Қажет болса, кеңес сұраудан да қашпайды, оның ішінде бізге – палатаға да сеніммен жүгінеді. Тағы бір айта кетерлік қасиет – олар жауапкершіліктің бәрін бір өзі арқалап жүруге тырыспайды. Жауапкершілікті бөлісуге бейім. Қасындағыларға сенеді, команда құрады, айналасына қабілетті, білімді адамдарды жинап, солармен бірге өсуге ұмтылады. Әріптесінің табысын өз жетістігіндей көреді. Жалғыздың үні шықпайтынын, үлкен кәсіп тек бір адамның күшімен алға басып кетпейтінін жақсы түсінеді.
Бүгінгі күні өңірдің экономикасына елеулі үлес қосып отырған кәсіпкерлердің көпшілігі дәл осындай қасиеттерге ие жандар.
– Алдағы 3-5 жыл көлемінде өңіріміздегі кәсіпкерліктің даму бағытын қалай болжайсыз? Сіздің ойыңызша, өңір экономикасы үшін қандай сала негізгі өсім драйвері болмақ?
– Өңірдің болашағына бейжай қарамайтын әр адам осы сауал туралы ойланбай қоймайды. Алдағыны болжау оңай іс емес. Бірақ қазір байқалып жатқан үрдістер мен өңіріміздің ішкі мүмкіндіктеріне қарай отырып, қай бағытта дамитынымызды анық көруге болады.
Алдағы 3-5 жылда кәсіпкерлік бағытындағы басты өзгеріс ретінде жай ғана алып-сатудан нақты өнім шығаратын, бірнеше кезеңнен тұратын толық өндірістік жүйеге көшуді ерекше атап өткім келеді. Яғни, өңірімізде шикізат сол күйінде емес, өңделген, дайын тауар ретінде ұсынылады. Осы мақсатқа жету үшін кәсіпкерлер нақты бір салаға тереңірек мамандану, өндірісті тиімді ұйымдастыру, жаңа технологияларды қолдану және өнімдерін шетел нарығына да шығара алатындай болуы қажет. Сонымен қатар, экологиялық талаптарға сай жұмыс істеу және ұзақмерзімді даму жолын ұстану да маңызды бола түседі. Қарапайым тілмен айтқанда, біз шикізаттық модельден өндірістік модельге көшеміз.
Өңір экономикасының алдағы жылдардағы нақты өсім жолы 4 негізгі салаға байланысты болмақ. Бұл салалар бір-бірімен тығыз байланысты және өзара әсер ете отырып, облыстың дамуына серпін береді.
Бірінші бағыт – агроөнеркәсіптік кешен. Әулиеата өңірі бұрыннан ауылшаруашылығына бейім. Бірақ ендігі міндет – өнімді өсіріп қана қоймай, оны өзімізде өңдеп, дайын тауар ретінде сату. Яғни, шикізатты емес, одан жасалған дайын ет, көкөніс, қант өнімдерін, шұжықтар мен консервілерді шығару. Бұл бағыт жаңа жұмыс орындарын ашуға, табысты көбейтуге және «Жамбыл облысында жасалған» деген сапалы өнім брендін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Екінші бағыт – өнеркәсіп. Әсіресе, химия мен құрылыс материалдарын өндіру салаларында үлкен әлеует бар. Облыс жеріндегі бай фосфорит қоры тыңайтқыштар мен басқа да химиялық өнімдер өндіруге жол ашады. Сонымен қатар, еліміздегі құрылыс қарқынын ескере отырып, сапалы кірпіш, цемент, жылу сақтайтын материалдарға деген сұраныс арта береді.
Үшінші бағыт – көлік пен логистика. Аталған саланы дамыту үшін өңіріміздің географиялық орналасуы өте қолайлы, біз арқылы халықаралық жолдар өтеді. Бұл мүмкіндік айналасында қойма, сұрыптау орталықтары, көлік қызметі сияқты толыққанды логистикалық жүйе қалыптастыруға жол ашады. Нәтижесінде облыс Қытай, Ресей және Орталық Азия арасындағы маңызды көлік торабына айналуы мүмкін.
Төртінші бағыт – туризм. Бұл сала әлі толық ашылмағанымен, үлкен әлеуетке ие. Облысымызда тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Алдағы уақытта басты назар туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталады. Қонақүйлер, мейрамханалар, сапалы қызмет көрсету, жол көрсететін гидтер даярлау және бірегей бағыттар әзірлеу – осының бәрі өңірдің туризмін дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.
Ең бастысы осы 4 сала бір-бірімен тығыз байланысты. Мысалы, логистика ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерін шетелге шығаруға көмектессе, туризм жергілікті тағам өнімдеріне сұранысты арттырады. Өнеркәсіп құрылыс саласына қажетті өнімдермен туризм инфрақұрылымын қамтамасыз етеді. Осы өзара ықпалдастықтың арқасында өңіріміздің экономикасы алдағы жылдары тұрақты өсім жолына түседі.
–Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ