
Ермек Амангелдіұлының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында аудан экономикасында оң динамика қалыптасқан. Өнеркәсіп өндірісі 59,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 миллиард теңгеге артқан. Ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында 2,2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрапты.
– 2024 жылы республикалық бюджеттен 230,1 миллион теңге бөлініп, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 12 пәтер сатып алынып, тұрғын үйлер табысталды. Осы жылға да республикалық бюджеттен 10 пәтер сатып алу үшін 137,3 миллион теңге бөлінді. Одан бөлек осы алдымыздағы облыстық сессияның нақтылауымен тағы да 10 пәтер сатып алуға қаржы бөлінуін күтіп отырмыз. Аудан бойынша 24 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген. Жол саласы бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес. 2025 жылы жол саласына 304,4 миллион теңге бөлінді. Бөлінген қаржылар есебінен 8,1 шақырымды құрайтын 9 ауылішілік көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мойынқұм ауылының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізу үшін 2024 жылы 555,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. 2025 жылға 60 миллион теңгесі облыстық бюджеттің нақтылауымен бөліну күтілуде. Қарабөгет ауылына кіреберіс аудандық мәндегі автомобиль жолындағы 362,2 миллион теңгені құрайтын көпір құрылысы жобасы әзірленіп, 2025 жылға 181,2 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлініп, бүгінгі таңға құрылыс жұмыстарының 30 пайызы аяқталды,– дейді Ермек Амангелдіұлы.
Мыңарал, Ақсүйек, Мирный ауылдарындағы тозығы жеткен электр желілерін ауыстыруға 2025 жылға облыстық бюджет есебінен 449,3 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бүгінгі таңда Ақсүйек ауылындағы электр желілері мен бағаналарын ауыстыру жұмыстары 75 пайызға аяқталған. Ал Мыңарал ауылындағы электр желілері мен бағаналарын ауыстыру жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
– Биыл елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 75,3 миллион теңге қаражат қарастырылып, тоғандарға механикалық тазалау, ағын су шығару үшін байлау, бөгет жасау және оларды күшейту, гидро қондырғыларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы Мойынқұм ауданы ағын су бойынша Шу ауданында орналасқан «Тасөткел» суқоймасына тікелей тәуелді. Бүгінгі күнге ауданға 12 текше метр су босатылуда. 2025 жылға Мойынқұм ауданы бойынша 4,1 мың гектар суармалы егістік алқап игеріліп, өткен жылмен салыстырған 16 пайызға артып, 14 100,0 тонна өнім алынады деп күтілуде. Айта кеткен жөн, ауданда бүгінгі күнге стандартқа сай келетін ветеринариялық пункт жоқ. 2025 жылға Биназар, Кеңес, Қызылотау және Жамбыл ауылдық округтерінен жаңа типтік үлгідегі ветеринариялық пункт құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазір Қызылотау ауылдық округінде стандартқа сай келетін пункт құрылысы басталып, 95 пайызға аяқталды. Мәдениет және спорт салаларында да бірқатар бастама қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Ауданда 39 мәдени ошағы және 152 спорт нысаны бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Айдарлы ауылында 90 орындық клуб пен кітапхана құрылысына 2024 жылы 225,4 миллион теңге қаржы қаралған болатын. Бүгінгі таңға құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Осы жылдың шілде айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Айдарлы ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталды. Бұл нысанның құрылысы да толығымен аяқталды. Шілде айында ел игілігіне тапсырылады. 2025 жылы аудандағы тозығы жеткен футбол алаңшаларын қайта қалпына келтіруге және 2 ауылдық округке (Мойынқұм, Қашқантеңіз) жаңа футбол алаңшаларын соғу үшін аудандық бюджеттен 82,5 миллион теңге бөлініп, бүгінде жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Күшаман ауылынан күрес пен боксқа арналған спортзал салу үшін сметалық жобасы дайындалып, сараптама қорытындысы алынды. Жобаның құны 218,9 миллион теңгені құрайды. Келесі жылдың бюджетіне облыстық басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылатын болады, – дейді Е.Амангелдіұлы.
Жиын соңында аудан әкімі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Сымбат ҚУАНЫШ