
Жиында алдымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, жыл басында өңірімізде сақтандырылмаған азаматтар саны 231 921 адамды құраса, 1 шілдеде бұл көрсеткіш 225 670 адамға дейін азайған. Яғни 6 ай ішінде 6 251 адам өз мәртебесін реттеп, МӘМС жүйесіне қосылған. Бұл халықтың сақтандырумен қамтылу деңгейі артып келе жатқанын көрсетеді. Аталған көрсеткіш бойынша облысымыз республика көлемінде 9-орынға тұрақтады.
Осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша облыста «Отбасының (адамның) әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесін бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес айқындалған А,B,С,D,E санаттары бойынша сақтандырылмаған халықтың саны емханаларға тіркелген тұрғындарды есептегенде 225 670 адамды құрайды.
Десе де сақтандырылмаған тұрғындар саны біртіндеп азайып келеді. 2023 жылғы 16 қарашада бұл көрсеткіш 250 687 адамды құраса, қазіргі таңда 225 670 тұрғынға тең болып отыр, яғни 25 017 азаматқа кеміген. Ал 2025 жылдың 10 сәуірімен салыстырғанда (232 662 адам) сақтандырылмағандар саны 6 992 адамға азайған, – деген Ғайни Түленқызы «Цифрлық отбасы» картасының деректеріне сүйене отырып облыста сақтандырылмаған азаматтардың үлесі жоғары аудандарды атап өтті.
Атап айтқанда, Қордай, Меркі, Шу аудандарында көрсеткіш көңіл көншітпей отыр екен. Аталған аудандарда сақтандырумен қамтылу деңгейі облыстық көрсеткіштен едәуір төмен болғандықтан, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттілігі туындап отыр.
Облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған 225 670 азаматтың 34 969-ы соңғы 12 айда мүлде төлем жасамаған тұрғындар. Сонымен қатар, 18 992 адам азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатындар болса, 92 048 тұрғын жұмыс берушілерден жарна мен төлемдердің тұрақсыз түсуіне байланысты жүйеден шығып қалған жалдамалы қызметкерлер мен жұмысқа кіргеніне бір жыл толмағандар. Бұдан бөлек, 46 901 адам бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер болса, 20 646 азамат жарна төлемеген жеке кәсіпкерлер. Сақтандырылмағандардың 10 116-ы дербес төлеушілер болса, 1 998 адам түрлі санаттар бойынша төлем жасаған.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, 10 сәуірмен салыстырғанда ең көп сақтандырылмаған азаматтар «Zhanshuak Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде анықталған. Мұнда 2 451 адам жүйеге тіркелмесе, №7 қалалық емханасындағы сақтандырылмағандар үлесі 2 023 азаматты құрайды. Бұдан бөлек, «Жансая» емханасында – 420, «ARAI» медициналық орталығында – 368, №5 қалалық емханада – 261, «Серпін» медициналық орталығында – 207, «Мейірім Меркіде» – 226, «Даримет» орталығында – 251 және «Студент» медициналық орталығында тіркелген 111 адам да сақтандырылмаған. Бір айта кетерлігі, «Zhanshuak Medical Group» ЖШС, №7 және №5 қалалық емханаларында сақтандырылмаған азаматтардың санының едәуір артуы Тараз қаласына елді мекендердің жаңадан қосылуына байланысты болып отыр.
– Осы жылдың 6 айында облысымызда орналасқан 35 медициналық ұйымға 437 шағым мен өтініш тіркелген. Олардың 233-і өтініш иесінің қалауымен кері қайтарылса, 204 шағым қаралған. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда түскен шағымдар мен өтініштердің 10 пайызға көбейгені байқалады. Тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі медициналық көмектің сапасына қатысты, бұл бағытта 77 өтініш тіркелді. Сонымен қатар, ауруханаға жатқызудан бас тарту, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, медициналық көмекті ұзақ күту секілді мәселелер бойынша бірқатар арыз-шағым тіркелген.
Есепті кезеңде «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 17, «Zhanshuak Medical Group» ЖШС – 16, Байзақ аудандық орталық ауруханасында – 14, Тараз қалалық №5 емханасында – 13, «Januia Medical Center» және Тараз қалалық №2 емханасында 11 шағымнан тіркелген. Сондай-ақ қалалық №9 емхана, Шу аудандық орталық аурухана мен «Мейірім» медициналық орталығының әрқайсысына – 9, ал Шу қалалық емханасына қатысты 8 шағым келіп түскен.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік әл-ауқаты төмен, яғни дағдарыстық D және мүшкіл E деңгейіндегі азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл санаттағы азаматтар медициналық көмекті жиі пайдаланатындықтан, олардың жарналарын өтеу тетігі қарастырылып, қажетті есептеулер жүргізілді, – деді Ғ.Аймағанбетова.
Баяндамашының мәліметінше, «А» санатындағы сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік портретін анықтау мақсатында медициналық ұйымдармен бірлесіп үй аралау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде облыс бойынша 7 241 адам тіркелген. Оның ішінде 683 адамның басқа өңірде тұратыны, 17-сінің шетелге кеткені, екеуінің қайтыс болғаны, 110-ының мүлде табылмағаны белгілі болды. Қалған 6 429 адамның көпшілігі жұмыссыздар (2 260), бейресми жұмыс істейтіндер (1 746), үй шаруасындағы әйелдер (694) мен жеке кәсіпкерлер (729) екен.
Ғайни Түлкенқызы төлем кезінде кездесетін түсініспеушіліктерге тоқталып, көбіне зейнеткерлер мен студенттер тарапынан жасалатын қосарланған төлемді болдырмау үшін жеңілдікті санаттағы азаматтарға бақылау жүйесі енгізілгенін айтты. Енді мемлекет жарна төлеп жатқан жағдайда, жұмыс орнынан төлем қабылданбайды. Сондай-ақ жұмыс берушінің жүйеде дұрыс көрсетілмеуі де төлемді өткізбеуге себеп. Бұл жалған төлемдердің алдын алу үшін жасалған. Бұдан бөлек, сақтандыру мәртебесін тексеру және төлем жүргізу екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы мүмкін болып отыр.
Мұнан соң тақырып аясында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек баяндама жасады.
Облыс тұрғындарынан денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдардың жиі түсуін ескерген облыс әкімі басқарма басшысына бұл мәселені назарға алуды тапсырды. Сондай-ақ халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен 3 ауданның – Қордай, Меркі және Шу аудандарының әкімдерін тыңдап, жағдайды жете талқылады.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, тұрғындар тарапынан жиі шағым айтылатын жекеменшік емханалар заң бойынша тек облыс әкімдігінің қаржы басқармасына бағынады екен. Сол себепті денсаулық сақтау басқармасы жекеменшік клиникаларға тексеріс жүргізе алмайды.
Ал аталған аудан әкімдері мәселені шешу мақсатында үй-үйді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізетінін жеткізсе, төмен көрсеткіш қалыптасқан Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қала көлемі ұлғайып жатқанын ескере отырып тиісті жұмыстарды аудан әкімдерімен бірлесіп атқару қажеттігін айтты.
Облыс әкімі медициналық қызмет сапасына ерекше мән беріп, тұрғындардан түскен шағымдардың уақытылы шешілуі тиіс екенін атап өтті.
– Қаржы басқармасымен бірлесіп жекеменшік емханалардың қызметін қатаң бақылауға алу қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту көрсеткішінің төмендігіне басқа өңірлерге қоныс аударған азаматтарға қатысты деректердің дер кезінде алынбайты да себеп болып отыр. Заң талаптарын толық білмейтін тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша барлық кемшіліктер қайта қаралады, – деді облыс әкімі.
Жиында сондай-ақ Қырым қанды безгегі мен Сібір жарасының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да қаралды. Бұл мәселе бойынша облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев пен облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Нұржас Құрмантаев баяндама жасап, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, вакцинациялау және қауіптің алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ