Таразда «Әулиеата әуендері» жобасының үздіктері сахна төрінде өнер көрсетті
- author AR-AY
- 3 шілде, 2025
- 22

Өңір өнерін өрістетуді мақсат еткен бұл ауқымды шара Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Кеш барысында сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сәлемов Серік Жақсылықұлы жас таланттарды құттықтап, олардың шығармашылығына табыс тіледі. Ол мұндай жобалардың жастарды қолдап, кәсіби дамуына жол ашудағы маңызына тоқталып өтті. Сонымен қатар, «Дәстүрлі ән», «Аспапта орындау», «Вокал» номинациялары бойынша үздік шыққан қатысушыларға арнайы дипломдар мен статуэткаларды табыс етті.
Концерт барысында жоба жеңімпаздары орындаған әндер мен күйлер арнайы «Әулиеата әуендері» атты музыкалық жинаққа топтастырылғаны хабарланды. Бұл жинақ жобаның басты жаңалығы ретінде ұсынылып, жас орындаушылардың шығармашылығын кең көлемде насихаттауға бағытталды.
«Әулиеата әуендері» жобасы биыл сәуір айында басталып, мамыр айында іріктеу кезеңімен жалғасын тапқан болатын. Аталған кезеңге облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласынан 271 үміткер қатысып, олардың ішінен 63 өнерпаз облыстық кезеңге өтті. Солардың арасынан суырылып шыққан 20 үздік жас өнерпаз гала-концертке жолдама алып, сахна төрінде өнер көрсетті.
Жобаның басты мақсаты – талантты жастарды анықтап, үлкен сахнаға жол ашу, олардың шығармашылығына қолдау көрсету және кәсіби дамуына жағдай жасау. Сонымен қатар, аймақтың мәдени әлеуетін жас буынмен толықтыру көзделді.
Гала-концерт бағдарламасы екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде — дәстүрлі әндер мен күйлер орындалса, екінші бөлімде — эстрадалық бағыттағы заманауи шығармалар шырқалды. Концерт «Әулиеата – өнердің өрісі» атты музыкалық композициямен ашылып, ұлттық нақышпен көркемделген сахналық қойылыммен толықты.
Кешті кәсіби жүргізушілер - Байжан Абеков пен Жанна Асанқұлова жүргізіп, әрбір туындының авторы мен тарихи маңызын көрерменге таныстырып отырды.
К.Ертаевтың «Әулиеата әуендері» атты әні барлық қатысушының бірлескен орындауымен кештің қорытынды туындысына айналды.
«Әулиеата әуендері» — өңір жастарының өнерін ұлықтаған, мәдени мұра мен қазіргі шығармашылықты ұштастырған мазмұнды әрі тағылымды кеш болды.
Жамбыл олысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді
дамыту басқармасының баспасөз қызметі