
Биыл облыс аумағында 561 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 301-і мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 260-ы жеке қаражат есебінен. Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері 110 құрылыс нысанына жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 84 нұсқама беріліп, 224 әкімшілік іс қозғалған. Оның 19-і тапсырыс беруші, 20 мердігер мекеме, 6 жобалаушы, 4 сараптама ұйымы, 7 техникалық және 6 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы айыппұл соммасы 53 152 844 теңгені құраған.
– Тексерулердің нәтижесінде 1 техникалық қадағалаушыға әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынумен қатар қолданыстағы сарапшы аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылды. Сонымен қатар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз, құрылыс нормалары мен ережелерінен ауытқып орындаған 2 мердігер мекеме, 6 жобалаушы мекеме Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекстің 312-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Басқарма өз құзіреті шегінде тек бақылау жүргізіп қана қоймай, құрылыс жұмыстарындағы кемшіліктердің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды да қарқынды жүзеге асыруда. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы құрылыс нысандарының сапасына қатысты тапсырыс берушілердің ұсынымдарына сәйкес құрылыс нысандарына жалпы 122 профилактикалық мониторинг жұмыстары жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы құрылыстың барлық қатысушыларына (тапсырыс берушіге, мердігерге, техникалық және авторлық қадағалаушыларға) ескертілді, – дейді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Брифинг соңында басқарма басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ