Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысының белсенді жастарымен кездесті
- author AR-AY
- Бүгін, 15:13
- 29

Сапар аясында сенаторлар Жамбыл облысының дарынды және белсенді жастарымен жүздесті. Онда ел Президентінің бастамасымен іске асырылып жатқан жастарды қолдауға арналған ұлттық бағдарламалар мен заңнамалық шаралар әңгімеге арқау болды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жас буынның елді жаңғыртуда елеулі рөл атқаратынын айтып, қазіргі таңда жаңа көзқарастар, ғылыми ізденістер, тіл үйрену, заманауи цифрлық технологияларды зерделеу, жасампаз құндылықтар мен прогрессивті идеяларды сіңіру аса маңызды екеніне назар аударды.
«Біз қазір білім және ғылым заманында, инновациялық технологиялар мен тың жаңалықтар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Осы кезеңде елімізде өзін-өзі дамытуға, жаңа дағдыларды меңгеруге, қабілетті шыңдауға, білім көкжиегін кеңейтуге, оның ішінде онлайн-оқуға барлық жағдай жасалған. Мұндай мүмкіндікті құр жібермеу керек. Сондай-ақ жеке тұлға ретінде қалыптасудың тағы бір маңызды тетігі – дұрыс құндылықтарды бойға сіңіру. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы осындай қағидаттарға табан тірейді. Сондықтан, ең алдымен, материалдық емес, интеллектуалдық капитал жинауға күш жұмсап, үздіксіз білім алуды әдетке айналдыру қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы Палатаның жастарды қолдау бағытындағы жұмыстары жөнінде де айтып өтті. Бұл ретте жас белсенді азаматтарды мемлекеттік басқару саласына тартудың және тиісті жобалар мен заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы олардың әлеуетін арттырудың маңызы зор екені анық. Кездесуде Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» сияқты қоғамдық жобалар осы мақсатты көздейтіні айтылды.