Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Химия индустриясын дамытудағы маңызды қадам

Химия индустриясын дамытудағы маңызды қадам
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы елімізде үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырған еді. «Жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Кейінгі уақытта елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте еліміздің батысында техникалық университеттердің екі филиалы ашылуға тиіс», деген болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жоғары білім саласында бірқатар келісімшарт жасалып, тиімді серіктестік орнады.

Қазіргі кезде ел экономикасын дамытуда ғылымның үлесі зор. Сол себепті ел Президенті саланы ілгерілетуге баса мән беру керек екенін ескертіп, Ғылым және жоғары білім министрлігіне тиісті тапсырмалар бергені есімізде. Солардың бірі – академиялық білімді жетілдіру мақсатында елімізде алдыңғы қатарлы шетелдік университеттердің филиалын ашу.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті – Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық пен қос диплом бағдарламасын іске асыру туралы үшжақты келісімге қол қойған болатын. Осылайша өткен жылдың қарашасында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы салтанатты түрде ашылды.

– «Президент білімге деген көзқарасты өзгерту қажет екенін, әсіресе техникалық мамандықтарға басымдық беру керектігін қадап айтты. Бізге инженер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Жамбыл облысы – химия өнеркәсібінің отаны! Өндіріс өлкесіндегі ірі зауыттар саланың айнасы әрі бастауы десек қателеспейміз. Облыс орталығында аталған филиалдың ашылуы – химия индустриясын одан әрі дамытудағы маңызды қадамның бірі», – деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы.

Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы құрылған филиалы Қазақстанның фосфор минералды тыңайтқыштарын өндіру бойынша индустриялық әріптес-көшбасшысы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен химиялық инженерия және өнеркәсіп саласында жоғары білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы 2024 жылдың 26 қарашасында ресми түрде ашылды. Бұл – химия және экология саласындағы сапалы жоғары білім алуға бағытталған жоба. Университет заманауи талаптарға сай білім беруді қамтамасыз етеді және еліміздегі химия саласының кадрлық әлеуетін арттыруға ықпал етуде. Қазіргі таңда университетте 3 негізгі бағыт бойынша мамандар даярлануда. «Аналитикалық химия», «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» және «Қоршаған ортаны инженерлік қорғау» мамандықтары бойынша студенттер ақылы негізде оқытытылады. Оқу орыс тілінде жүргізіледі. Білім беру процесі қос диплом бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті арасындағы келісім негізінде студенттер екі елдің дипломын қатар алады. Филиалдағы оқытушылардың 30 пайызы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінен болса, 70 пайызы Ресейден шақырылған профессорлар мен оқытушылар. 2024-2025 оқу жылында бірінші курста базалық пәндер М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті тарапынан жүргізілсе, келесі жылы Ресейден қосымша 4 маман келіп, кәсіптік пәндерді оқыта бастайды. Білім гранттары Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бөлінеді. 2024-2025 оқу жылына – 30 грант, ал 2025-2026 жылға – 40 грант, 2026-2027 оқу жылына 50 грант бөлінеді деп жоспарланып отыр, – дейді Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы филиалының директоры Салтанат Телеуова

«QS Quacquarelli Symonds» жоғары білім саласындағы халықаралық талдау агенттігінің мәліметінше, бұл университет Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка елдерінің ең үздік 150 университетінің қатарына кіреді. Химия бағыты бойынша тұрақты түрде Ресейдің ТОП-10 жоғарғы оқу орындары арасында көш бастап келеді. Университет алғаш рет бұл рейтингке 2016 жылы енген және содан бері үздік көрсеткіштерін сақтап отыр.

– Бұл бастама – еліміздің химия өнеркәсібіне жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы үлкен қадам. Ресей химия-технологиялық университеті тек кәсіби маман даярлап қана қоймай, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, жауапкершілігі жоғары тұлға қалыптастыруды көздейді. Мамандықтар бойынша аналитикалық химияға 20 грант бөлінсе, бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығына 20 грант, ал қоршаған ортаны инженерлік қорғау ақылы негізде қамтылған. Талапкерлерімізге грантқа түсу үшін талаптар қарастырылған, Ұлттық бірыңғай бестілеуден 50 балл жинау қажет. Бейіндік пән химия болуы шарт. Сондай-ақ, химия және орыс тілі пәндерінен қабылдау емтиханы тапсырылады. Химиядан шекті балл – 39, орыс тілінен 40 балдан асуы қажет. Білім ошағының негізгі артықшылығы – студенттердің қос диплом алуы. «Қазфосфат» компаниясы грантқа түскен әр студентке ай сайын 30 000 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындайды. Үлгерімі жақсы студенттер Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік шәкіртақысын да ала алады. Төрт жылдық оқу аяқталған соң «Қазфосфат» компаниясында кепілді жұмысқа орналасу қарастырылған, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен жасалған келісім аясында жыл сайын студенттер 40 орындық жатақханамен қамтамасыз етіледі, – дейді С.Телеуова.

Химия индустриясын дамытудағы маңызды қадам жемісін берді дей алмаспын. Дегенмен егер Президент берген тапсырмалар шеңберінде қолға алынған жұмыстар осы қарқында жалғаса жуық жылда оң нәтижесін көретініміз анық.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар