
Лабубу – алғаш рет қытайлық Pop Mart компаниясының желісі арқылы танымал болған коллекциялық ойыншық кейіпкері. Лабубу ойыншығы алғаш рет 2015 жылы шыққанымен, нарықта танымалдыққа биыл ғана ие болды. Бір қарағанда сүйкімді болғанымен, аздап үрей тудыратынын жасырмаймыз. Үлкен көзі, тістері және ерекше мимикасы оның қытайлық дәстүрлі ойыншықтардан мүлде өзгеше екенін көрсетеді. Кейбіреулер оны сүйкімді деп қабылдаса, енді біреулер түсініксіз бейне ретінде бағалайды. Десе де дәл осы «ерекшелігі» оның танымал болуына үлкен әсер етуде.
Қазіргі таңда Лабубу ойыншығының бағасы әртүрлі. Түпнұсқасы мен көшірме түрінің бағасы жер мен көктей. Базар сөрелерінде қарапайым нұсқалары 2 мыңнан 5 мың теңгеге дейін сатылса, шетелден арнайы әкелінген «оригинал» ойыншықтардың құны 60 мыңнан бастап 190 мың теңгеге дейін жетеді. Деректерге сүйенсек, тек мамыр айында ғана «Labubu» сөзі бойынша іздеу саны миллионнан асқан. Ал маусым айының басында бұл ойыншық туралы ақпарат күніне 100 мыңнан астам рет сұратылған.
– Қазір бұл ойыншық балалар арасында өте танымал болып жатыр. Балаларға бұл ойыншық қызық көрінгенімен, ата-аналар оның әсеріне алаңдап отыр. Психолог ретінде айтарым, мұндай ойыншықтар балаға әртүрлі әсер етуі ықтимал. Бір балаға ол жай ғана қызықты кейіпкер болса, енді біреуге қорқынышты көрінуі мүмкін. Әсіресе жасы кішкентай, сезімтал балалар үшін бұл маңызды. Кейбір балалар тіпті түнде қорқып шығуы немесе түсінде көруі де ғажап емес. Сол себепті ата-аналар балаға ойыншық аларда тек сәнге немесе трендке қарап қана қоймай, баласының мінезіне, жасына және ойыншықтың мағынасына мән бергені дұрыс. Сыртқы келбеті ұсқынсыз көрінген ойыншықтар балаларға мүлде басқаша әсер етуі мүмкін. Балалар көбіне ертегі не мультфильм кейіпкерлерінің сыртқы түріне емес, олардың мінезі мен іс-әрекетіне назар аударады. Дегенмен, ойыншықтың қорқынышты бейнесі балаға елеусіз түрде кері әсер етіп жатады. Мұндай ойыншықтар кейбір балаларда мазасыздық тудыруы, жаман түстер көруіне, тіпті үрейге бой алдыруына себеп болады. Себебі кішкентайлар өз уайымдарын сөзбен жеткізе алмай, оны мінез-құлқымен немесе дене қимылы арқылы білдіреді, – дейді облыстық психологиялық қолдау орталығының психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айгерім Исмаилова.
Сондай-ақ маман баланың мұндай ойыншықтарға қызығушылығы кейде үйде көрген қатаң тәртіптен, ата-ананың үнемі сынауынан туындауы мүмкін екенін ескертеді. Егер ата-ана баланың қылығын емес, өзін сынай берсе, бала өзін «жаманмын», «ешкімге ұнамаймын» деп ойлап, сондай бейнеге ұқсауға тырысады. Сол себепті ата-аналарға баласының жеке болмысын бағалап, түсіністікпен қарауға кеңес береді.
Қыздарының сұрауымен Лабубуды сатып алған Айғаным Жаппарова да аты шулы ойыншық туралы өз оқиғасын баяндап берді.
– Әлеуметтік желілерден ерекше, трендке айналған ойыншықты көрген қыздарым көпке дейін Лабубуды алып беруімді сұрап жүрді. Бірде базарға барғанымда дәл сол ойыншық көзіме оттай басылды. Сатушыдан бағасын сұрасам «3000 теңге» деді. «Кішкентай ойыншық қой, несімен қымбат?» деп сұрағанымда, сатушы жас қыз: «Әпке, бұл қазір тренд. Тек екеуі ғана қалды», деді. Арзан болмаса да, қыздарым үшін алдым. Үйге келгенде қыздарымның көздері жайнап, мәз-мейрам болды. «Ойыншықтың да жыры бітті-ау» деп жүргенімде 4 жастағы кенже қызым түнде шошып оянып, «Лабубу» деп сандырақтай бастады. Ұйқысы бұзылып, түн ортасында жылай беретінді шығарды. Мұның себебін түсіну үшін әлеуметтік желідегі аты шулы «Лабубу» туралы видеоларды көріп, шошып кеттім. Сырттай сүйкімді көрінгенімен, бұл ойыншықтың астарында қорқыныш тудыратын видеолар көп екен. Видеолардың үрейлі, тіпті баланың психикасына әсер ететінін байқадым. Қыздарыммен сөйлесе келе, кенже қызымның қорқынышы осы ойыншық пен әлеуметтік желілерден көрген видеолардан туындағанын түсіндім. Содан кейін оларға Лабубумен ойнамау, сондай видеоларды қарамау туралы ақырын түсіндіріп, келісімге келдік. Осыдан кейін кенже қызымның ұйқысы қалыпқа түсіп, түнде тыныш ұйықтай бастады. Бұл жағдай маған кез келген сәнге айналған дүниенің балаға қалай әсер ететінін ескеріп, әр нәрсеге байыппен қарау керектігін ұқтырды, – дейді Айғаным.
Ата-аналар бұл ретте тек баланың қалауына ғана емес, оның ойыншықпен қалай ойнайтынына, сезіміне және психологиялық жай-күйіне мән бергені дұрыс. Себебі ойыншық – тек көңіл көтерудің құралы емес, ол баланың ойлау, сезіну және өзін-өзі тану қабілетіне тікелей әсер ететін құрал. Сондықтан Лабубу сияқты ойыншықтармен баланың ойынына бақылау жасап, қажет кезде бағыт беріп отырған абзал.
Сымбат ҚУАНЫШ