
Бұл уақытта әр бала түрлі қылық танытып, түрлі мінез көрсетуі мүмкін. Себебі әр баланың психологиясы әртүрлі болғандықтан, бұл кезеңде іште бұғып жатқан түрлі мінезі сыртқа шығады. Мәселен, салмақты, сабырлы бала әп-сәтте жеңілтек, көңілшек болып, әр нәрсеге ашуланып шыға келеді. Керісінше, жеңіл мінезді бала дем арасында тұйықталып, қабағынан қар жауып, салмақты бола қалады. Бұл ерекшелік дәл осы уақытта баланың мінез-құлқының қалыптасып келе жатқанын білдіреді.
Адамның балалық шақтан жастық шаққа өтуі – қашан да осылай ерекше дамып отырған. Бұл қалыпты жағдай болғандықтан, бала үшін қиындау кезеңде ата-ана перзентінің көңіліне қаяу түсірмеуге тырысқан. Оған себеп өте көп. Онсыз да бұрын-соңды сезініп көрмеген түрлі эмоцияларға бой алдырады. Мәселен, бір жасөспірім алғашқы махаббатты басынан кешіріп, іштей тынса, енді бірін ата-анасы тиісті мөлшерде сүйіспеншілігіне бөлей алмайтындай, еш көңіл бөлмейтіндей көрінеді. Бірі өз қатарынан қалып бара жатқандай мұңлы күйге түсіп қапаланса, енді бірі өзін бәрінен артық санап, дөрекілеу қылық таныта бастайды. Бұл уақыт осындай ауыспалы, қызық та қиын кезең.
Негізі баланың дамып-жетілуіне ықпал ететін дәл осы уыз шақ – мұсылманның балиғат жасымен тұспа-тұс келеді. Қазақ «Он үште отау иесі» деп, сол жастан бастап балаға сенім арта бастаған. Осы уақытқа дейін үлгілі тәртібімен көзге түсіп жүрген оқушы әп-сәтте бұзықтық жасап, келеңсіз қылық танытқаны, бұрын-соңды тіс жарып сөйлеп көрмеген момақан баланың аяқ астынан әр іске белсенді атсалысып, пысық болып шыға келгені – өтпелі жастың мінез-құлыққа әсер етуінің салдарынан туатын өзгеріс болғандықтан қалыпты жағдай.
Жасөспірімнің бірі өтпелі жастан ойдағыдай өтсе, енді бірі жаны күйзеліске түсіп, қинала бастайды. Ашуға бой алдырып, өзінен-өзі ызақор болып кетеді. Түрлі эмоцияға бой алдырғандықтан, үнемі мұңлы күйге түсе беретін халге жетеді. Сондықтан дәл осы жастағы балаға үлкендер тарапынан қамқорлық таныту бұрынғыдан екі еселенуі тиіс. Олардың көңілін жиі көтеріп, сырласу ересектердің міндетіне айналуы шарт. Себебі мінезі өзгерген тұста, оларды ешкім түсінбейтіндей көрінгендіктен қолдауды қатты қажет етеді. Ата-ана тұлға болып қалыптасуға аяқ басқан баласына ұрысуды, ауыр сөз айтуды доғарып, баласының шешімі қанша жерден дұрыс болмай тұрса да, түсінетіндей кейіп танытып, жақын тартып сөйлесуі керек. Жас бала қандай күйді басынан кешірмесін, қандай жағдайға түспесін қасында болатынын сезіндірген жөн.
Мамандардың айтуынша, өтпелі жас 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі – 10-11 жас аралығын қамтиды. Бұл кезеңде бала өзін тұлға ретінде қабылдап, өз айтқанын жасатқысы келеді. Барлық мәселені өзі ғана шешуге талпынады. Екінші кезең 12-13 жас аралығында өтеді. Бұл баланың өз орнын иеленгісі келетін уақыт болғандықтан, құқығын білуге талпынып, өз қалауын дәлелдеуге ұмтылады. Ал соңғы кезең 15 жасында байқалады. Бұл кезеңде жасөспірім өмірін басқа арнаға бұрғысы келіп құлшынады.
Ең алдымен ойы өзгереді және сол ойдың түбіне түсіп, әлі де түсіне қоймаған мәселелерді білгісі келеді. Сөйтіп, үлкен өмірге енді ғана қадам басайын деп тұрғандықтан бәрін білгісі келіп, еркін жүріп-тұруға тырысады. Алға қарай ұмтылады. Енді ғана жаңашылдыққа талпынған кішкентай тұлғаның кей қылығы сондықтан өрескел, біртүрлі көрінеді. Ол әр ойдың басын бір шалып, әрі тұрақтала қоймағандықтан ізденісте болады. Ең қиыны да сол ол бұл уақытта өзін-өзі іздеп жүргенін түсіне бермейміз. Жуық арада бір тоқтамға келе алмағандықтан олардың жас жүрегі тыным таппайды. Сондықтан қателікке көп ұрынады, сүрінеді, сөйтіп жүріп өмірден сабақ алып, сөйтіп жүріп қалыптасып, дамиды.
Бұл жастағы бала сын көтермейді, керісінше мұндайда сағын сындырып алу қаупі басым. Егер дәл сол уақытта қандай да бір қателікке бой алдырғанын білген үлкендер сылап-сипап, тігісін жатқызып жеткізуге тырысуы керек. Өйткені оларға ішкі сезімін басқару оңайға соқпайды. Баланың өтпелі шағы, өкпелі шаққа айналғанын қаламаған ата-ана алысқа ұмтылған жас ұрпағының тілін тауып, дұрыс жолын көрсетуде шеберлік танытуы қажет. Ол үшін көп ақылдың қажеті жоқ. Жәй ғана бала таңдауына түсіністік танытып, ақ-қарасын айыра білгені абзал. Егер ата-ана олай ете алмаса, бала өзін түсінетін жақын адамды көшеден іздеп кетеді.
Бірде көшедегі ағаш орындықта мұңайып отырған Арайлым есімді жасөспірім қызды көзім шалды. Небәрі 13 жаста екен. Аз-кем әңгімеден соң бауырыма басқаным сол, солқылдап жылап, ішіндегі шерін тарқата бастады. «Атамның қызы болдым. Атам өмірден озған соң, әке-шешем мені түсінбеді. Сабағым да нашарлап кетті. Мені бағып-қаққан аташым кеткелі үйде береке болмады. Ал ол кісі бар кезде үйде дауыс көтеріп, ешкім қатты да сөйлемейтін. Кикілжіңнен шаршап кеттім де, түнгі сағат 3-те бәрі ұйықтаған соң үйден қашып шықтым. Олар бәрібір мені бауырына баспайды, түсінбейді»,– деді әлгі қыз.
Біраз уақыт алдаусыратып, көңілін тапқан соң әкесінің нөмірін алып, қоңырау шалдым. Сонда әкесі: «Ол қыз айтқан сөзді ұқпайды. Өз дегенін істейді. Бізге бағынбайды. Үйде де тірлікке араласпай, жылап жата береді. Енді міне, қашып жүр. Оны ешкім ұрып-соққан жоқ, әкесі болған соң дауыс көтергенім рас. Біз де бала болдық. Алайда өтпелі жас дегенді сезінбедік. Үйдің үлкендерінен, әсіресе әкемізден имендік, тыңдадық. Артық қылық танытпай, бағынып өстік. Бұл қыз қит етсе үйден қашып кетуді шығарды. Енді осы қылығы әдетке айналып кетті ме деп қорқамын», – деді.
Уақыт өте келе қызының қылығына шыдамаған әке қол көтеретінді шығарып, қыз бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Кейін үйден кетіп қалуды жиілеткен. Бұл істің соңы тәртіп сақшыларының араласуымен 13 жасар қыздың балаларды түзеу мекемесіне тоғытылуымен аяқталды.
– Ата-анама өкпелімін. Олар мені атама беріп, өздері дүниеде бар екенімді ұмытып кеткен. Енді маған «бағынбайсың» деп ұрсады. Менен оларға бағынбақ тұрмақ, оларды қатты жатырқаймын. Сөздерін көтере алмаймын. Атам мені еркін өсірген. Ал әке-шешем мені тұмшалап тастағысы келеді. Мен атамды сағынғаным соншалық, бірнеше рет мойныма жіп салып, атамның қасына, яғни о дүниеге аттанғым келді. Бірақ имамның айтуынша, суецид жасағандар о дүниеде жұмаққа бармайды. Ал менің атам сондай жақсы адам еді, ол кісі міндетті түрде жұмаққа барды деп ойлаймын. Сонда мен өзіме қол жұмсасам, атаммен көріспей қалады екенмін. Мені ұстап тұрғаны да сол атаммен кездесе алмайтыным. Әйтпесе мені түсінбейтін әке-шеше мен бауырлардан шаршадым. Мүмкін о дүниеде бәрі тыныш, жанға жайлы шығар деп ойлаймын. Үйде тыныштық болмаған соң, көше кезіп кеттім. Бейтаныс адамдар көмек қолын созып, әке-шешемнен көрмеген жылылықты сезіндірді. Олар үнемі маңдайымнан сүйіп, көз жасымды сүртеді. Ал әкем болса «аңырап жылай бересің» деп төмпештейді. Атама деген сағыныштан жыламағанда қайтемін?! Маған үйдегі әке-шешемнен гөрі көшедегі бөтен адамдар мейірімді сияқты көрінеді, – дейді Арайлым.
Негізі ең алдымен баланың отбасылық жағдайымен танысып, іш тартып сөйлесу бәрінен маңызды. Сондайда бала ағынан жарылып, бар сырын ашады. Арайлым отбасынан ала алмаған жылылықты көшеден іздегені өкінішті.
Бірде құрбым мәпелеп өсірген қызына телефонға үңілмей, бір ауық кітап оқуын талап етіпті. Сонда 14 жасар қызы шешесінің көкірегінен итеріп жіберіп, ауыр сөздер айтыпты. Осы жасқа дейін анасының айтқанын елемеген. Түнделетіп тысқа шығып кететін болған. «Менің әкем тірі болғанда, мені аялап, еркелетіп отырар еді» деп жылай береді екен. Ана мен қыздың арасындағы түсініспеушілік бір жылға жуық жалғасыпты. Кейін қыз дәрі ішіп, уланып ауруханаға түсті. Ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Алайда дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында жасөспірім бір өлімнен аман қалыпты.
– Қызбен сөйлесу барысында ол ашуға берілгенде артық қылық танытып қойғанын және онысын уақыт өткенде ғана түсінгенін айтты. Бұл балалық шақтан ажырап, үлкен өмірге қадам басуға дайындық болғандықтан, бала әлі толық жетілмегендіктен туған түсініспеушілік. Олар тәуелсіз болуға ұмтылады. Ең басты қателік осыдан туындайды. Ақ пен қараны өз бетінше ажыратқысы келеді. Бірақ, олардың даму процесі әлі жетіле қоймағандықтан, дәл осы кезеңде абай болу керек. Ең керегі дұрыс таңдау жасауға көмектесу ғана. Ересек адамдарға жасөспірімдердің жасаған әрекеттері қисынсыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол ақымақтықтан немесе бетімен кеткендіктен емес. Өтпелі жастың әсері ғана. Ыждаһатты әңгімелесу, баланы мұқият тыңдау, барлық қауіптің алдын алып, баланың бетіне қарап отырып, үлкен кісіше сөйлесу бар олқылықтың орнын толтырады. Үлкендер баласын құшақтап, арқасынан қағып, қолдау білдіріп, ең құрығанда осы беймаза шақ өткенше қолдау білдіріп қана жеңеді. Екеуара ереже орнатып, ата-ананың өзі де сол ережені орындап, бір-біріне үлгі болуы шарт. Өтпелі кезеңдегі жасөспірімге ата-анасынан тек қана қамқорлық пен қолдау қажет ететінін ұмытпайық – дейді психолог Айзада Мұхаммедқызы.
Бүгінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Өскелең ұрпақты адамгершілік пен салауатты көзқарасқа тәрбиелеу – мемлекеттік маңызы бар міндет. Расында жасөспірімдерге дұрыс бағыт берілмесе, соңы күрмеуі қиын күрделі мәселеге әкелуі мүмкін.
Жасөспірімдерді түрлі қиындықтан құтқарып, күйзеліске түсірмей, әлдебір қателікке бой алдырмау мақсатында биыл 6 ай ішінде полиция қызметкерлерімен профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында сан алуан кешенді іс-шаралар өткізілген. Сол іс-шаралардың нәтижесінде биыл облыс аумағында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 40 пайызға төмендеп, 24 деректі құраған. Ал былтыр мұндай 40 дерек тіркелген екен. Алайда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс 1,5 пайызға өсіп, 67 дерек тіркелген. Оның ішінде өз-өзіне қол жұмсау, яғни суицид мәселесі бойынша былтыр 6 айда – 14, биыл 6 айда 13 дерек тіркелген. Былтыр 6 өлім орын алған екен. Суицид деректері бойынша өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің ішінде 9 қыз, 4 ұл анықталған. Олардың алтауы мектеп оқушылары, жетеуі білімгерлер.
– Соңғы суицид деректері жайлы айтар болсақ, биыл сәуір айында Тараз қаласы мен Жамбыл, Шу аудандарында тіркелді. Тараз қаласында 20 сәуір күні сағат 21:49-да қалалық патрульдік полиция бөліміне «802» жаяу патрулі аймақты шолу барысында хабарлама жасаған. Ол «Жайлау» ықшамауданындағы №23 үйдің артында асылып қалған жасөспірімнің денесін тауып алған. Кейін белгілі болғандай газдың темір трубасына 2007 жылы дүниеге келген студенттің қара түсті белбеуге асылып қайтыс болғаны анықталды. Мәйітті қарау барысында «Айфон СЕ» маркалы ұялы телефоны тәркіленді. Былтыр 29 сәуір күні сағат 15:30-да 2009 жылғы Тастөбе ауылының тұрғынының өз үйінің ауласында орналасқан қора-жай ішінде арқан жіпке асылып қайтыс болғаны мәлім болды. Мәйітті сырттай қарау барысында денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Оқиға орнында қоштасу хаты табылған. Ол өз хатында өзінің ата-анасынан кешірім сұрап, жақсы көретінін жазған. Бірақ өзіне-өзі қол жұмсаудың себептерін жазбапты. Биыл 18 сәуірде сағат 12:30-да Шу ауданы, Төле би ауылының тұрғыны кәмелеттік жасқа толмаған 2011 жылғы оқушы өз үйінің маңында орналасқан мал қорада малдың бас жібіне асылу арқылы қайтыс болған. Қоштасу қолхаты жоқ. Мәйітті сырттай қарау барысында денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған. Өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының басым бөлігі 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында тіркеліп отыр. Бұл осы жас тобын әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан ең осал санат ретінде ерекше назарда ұстауды талап етеді. Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу, ерте анықтау, уақытылы араласу және қолдау көрсетуді қолға алу керектігін ескертеді. Тек барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігерінің арқасында біз балалар үшін қауіпсіз әрі қолдау көрсететін орта құра аламыз. Барлық қайтыс болған жасөспірімдер полиция бөлімінде есепте тұрмаған және қандай да бір құқық бұзушылық немесе қылмыс бойынша жеткізілмеген. Тәжірибе көрсеткендей, жасөспірімдер арасындағы суицид көбіне психологиялық тұрақсыздық, отбасындағы жанжал, жалғыздық, махаббат мәселелері және өмірлік қиындықтарды еңсере алмаудан туындайды. Биыл облыста өз-өзіне қол жұмсау және соған әрекет ету бойынша 13 дерек тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 105-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Оның 11-і қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылып, 2 дерек тергелуде. Бұл – негізінен әлеуметтік жағдайы қалыпты отбасылардан шыққан балалар, – дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев.
Жасөспірімдерді әлдебір жанжалдан, оларға дауыс көтеруден, күйзеліске түсуден сақтау мақсатында олармен үнемі жылы қарым-қатынас жасау маңызды. Қатерлі жағдайдың алдын алу барысында отбасындағы эмоционалды климат пен қарым-қатынастың маңыздылығы ескерілуі тиіс. Осыған байланысты, аумақтық инспекторлар білім беру мекемелерінде мамандармен бірлесе отырып, ата-аналар мен оқушыларға құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында тұрақты түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізіп жүр. Ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері профилактикалық есептегі жасөспірімдермен жұмысты күшейтуді қолға алып отыр.
Жыл басынан полиция, білім бөлімдері, жастар орталықтары және прокуратура өкілдері бірлесе отырып «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім – Құқық – Қауіпсіздік» іс-шаралары аясында 1456 рейд ұйымдастырған. Оның 922-сі мектеп маңында өткен. Нәтижесінде 7530 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 5153 кәмелетке толмаған жас полиция бөлімдеріне жеткізілген екен.
Жасөспірімдердің жүрегіне қаяу түсірмей, оларды қиындықтан қорғап, қамқорлық таныту отбасы мүшелерінің басты міндеті. Жалпы қазіргі заманауи қоғамда телефонға телміріп отырған баланың әлеуметпен байланысы азайып кеткені көрініп тұр. Негізі қоғаммен байланыс – жеткіншектерге өте қажет нәрсе екенін ескерсек, олар реніші мен өкпесін ішке бұғып, күйзелісін жасырып, тұйықталып қалады.
Бұрын іштегі аптығын қатарластары арасында басса, қазір соны сыртқа шығара алмайтын жеткіншектер өсіп келеді. Сондықтан бала жігерінің жасымауы үшін қандай болмасын қолдау, жігерлендіру, қолпаштау маңызды. Оған үйдегі ата-ана, бауыр, туған-туыстан бастап, білім ошақтарындағы педагогтер мен жора-жолдастары жауапты екенін ұмытпайық,
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ