
Әсіресе, «Tik Tok», «Instagram» және басқа да әлеуметтік желілерде пайда болған «нейро ата-әжелердің» бейнесі көпшілікті алаңдатуда. Бірі – қолтырауын жетектеп келе жатқан әже, бірі – көкпар тартып жүрген ата, енді бірі – боқтық сөйлеп, ұрысып тұрған кейуана. Кейде виртуалды кейіпкерлер шетелдің әніне билеп, кейде жас балаларды тәртіпке шақырып ұрсып отырады. Бір қарағанда мұның барлығы жеңіл-желпі әзіл, көрерменге күлкі сыйлауға арналған бейнелер сияқты. Бірақ олардың астарында үлкен мәселе жатыр.
Қазақ халқы үшін ата мен әже – тек отбасы мүшесі ғана емес, ұлттық тәрбиенің тірегі, ұрпақ сабақтастығының символы. Ата – ақылдың, әже – мейірімнің иесі. Жас ұрпақ бұрын үлкеннің алдына келсе, иіліп сәлем беретін, сөзін тыңдап, батасын алатын. Ал бүгінде әлеуметтік желіде нейро-әженің бейнесіндегі жасанды кейіпкер: «Апа, сіз диета ұстайсыз ба?» деген сұраққа, «Құдай саған не үшін тамақ берді деп ойлайсың?» деп жауап беріп, жұртты күлдіріп жатыр.
Бұл сөздің әзіл үшін айтылғаны түсінікті. Алайда дәл осы стильде айтылған боқтық, арсыз жауаптар мен орынсыз қылықтар – көрерменнің, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің санасына кері әсер етеді. Күлкілі бейнелер шынайы ата мен әженің образына айналып кетпесіне кім кепіл?
Бүгін біреу әзіл-шыны аралас сөйлейтін «бейне әжеге» күледі, ертең шынайы ата-әжесіне күле қарап, оның ақылын мәнсіз сөз көруі мүмкін.
Жасанды интеллектті орынды пайдалану – жаман нәрсе емес. Оның жақсы үлгілері де бар. Мысалы, Ұлыбританияда ойдан жасалған «бабушка Дейзи» атты виртуалды кейіпкер телефон алаяқтарын шатастырып, оларды алдаусыратып, уақыттарын бекерге өткізу арқылы шынайы адамдарды қорғауға көмектесіп жүр. Бұл – жасанды интеллектті адам игілігіне бағыттаудың нақты жолы.
Бізде ше? Әзірге «Tik Tok» пен «Instagram»-да нейро-бейнелердің 90 пайызы әзіл, арсыз сөз, орынсыз қалжыңнан ары асар емес. Мұндай бейнелер тек ұлттық тәрбиені емес, жалпы мораль мен этиканы да бұзуы мүмкін.
Бұл туралы айтыскер ақын Бауыржан Халиолла өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай дейді:
– Жасанды интеллект деген пәлеге шұғыл тоқтау салмаса, ертең неше түрлі соғыстың көкесі басталады. Айтпағанды айтты деп, жасамағанды жасады деп жала жабу, әртүрлі жалған әрекеттер жасау – адамдардың арасына от салады. Енді бара-бара роботтар да бала туса, таң қалып жүрмейік!» деп алаңдаушылығын білдіріген.
Бұл сөздер бүгінгі күлкілі видео ертең үлкен қауіпке айналуы мүмкін екенін еске салады. Жалған бейнелер шындыққа араласып кеткен қоғамда кімге сенеміз? Жалған дауыспен, жалған бет-бейнемен айтылған видео арқылы біреуді қаралау, келемеж ету, тіпті саяси қысым жасау да қиын емес. Сондықтан бұл – тек технология мәселесі емес, бұл – қоғамдық сана мен руханияттың мәселесі.
Нейро-бейне тек күлкі үшін емес, ұрпаққа мирас қалдыру үшін де қолданылса нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, қазақтың әрбір ата-әжесі – тірі тарих, ауызша шежіре, текті тәрбие иесі. Олардың естеліктерін, өмірбаянын, батасын, өсиетін жазып алып, жасанды интеллект арқылы мәтінге түсіріп, сандық архивке айналдыру – болашаққа берілетін ең асыл аманаттардың бірі.
Болашақта осы мұралар негізінде шынайы бейнелер жасалып, виртуалды тәлімгер әже немесе ақылшы ата пайда болса, қандай ғанибет болар еді! Ол біз көріп жүргендей боқтық сөйлемейді, дөрекі қалжың айтпайды, керісінше ұлттың болмысын сақтап, балаға тәлім-тәрбие береді.
Жасанды интеллект – ойыншық емес. Ол – құрал. Ал құралдың пайдасы немесе зияны – оны қалай қолданатынымызға байланысты.
Жасанды интеллект күлкі тудырғанымен, үлкенге құрмет жоғалса, оның орнын ештеңе толтыра алмайды.
Сондықтан технологияны емес, тәрбиені алдыңғы орынға қойған жөн.
Айжан ӨЗБЕКОВА