Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жуалылықтар инфрақұрылымның игілігін көруде

Жуалылықтар инфрақұрылымның игілігін көруде
Автор
Бүгінде облысымызда халқы сапалы ауызсу тұтынбайтын, тұрғындары қыстыгүні көмір жағып, күл шығаратын, ойдым-ойдым автожолы мен күн батса қараңғылық құшағына енетін көшелері бар елді мекендер жоқтың қасы. Негізі тұрғындарды ауызсу, газ, жол секілді қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етпей тұрып, өркениет туралы сөз қозғау орынсыз. Сондықтан да елімізді инфрақұрылымдық дамытуға баса көңіл бөлініп, бүгінде облысымызда да осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда.

ТҰРҒЫНДАР КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Жуалы ауданы бойынша өткен жылы бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асса, ол шаруа биыл да жалғасын табуда. Былтыр Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарында кварталішілік газ тарту және магистральды желілерінің құрылысы жүргізіліпті. Жобаның жалпы құны 728 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар, Дарбаза мен Әбдіқадыр ауылдарында да газ жүйесін тарту жұмыстары атқарылуда. Жыл соңында аудандағы елді мекендердің барлығы да газбен қамтылмақ.

Аудан әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев бүгінде аудан орталығы ғана емес, шалғай ауылдарға дейін газ тарту ісі нәтижесін беріп отырғанын айтады. Әсіресе соңғы төрт-бес жылдың бедерінде бұл бағытта жұмыс қарқын алып, Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріндегі елді мекендердің барлығы дерлік табиғи газға қосылыпты. Таулы аймақтағы Боралдай ауылдық округіне қарасты Көлтоған, Ертай және Рысбек батыр ауылдарының тұрғындары көгілдір отынмен қауышып, сақылдаған сары аязда алаңдамайтын жағдайға жеткен екен. Кейінгі төрт-бес жылда аудандағы газ құбыры жоқ елді мекендер – Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың барлығына магистральды газ құбыры тартылған. 2022-2023 жылдары Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ тарту жұмыстары толықтай аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға беріліпті.

– Табиғи газ – ел игілігі. Былтыр аудан көлемінде газбен қамтылмаған тек Билікөл ауылдық округіндегі екі ауыл ғана қалған еді. Ондағы 4 елді мекенге, атап айтқанда, ауылдық округтің орталығы – Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ және Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға және магистральды газ тарту желілерінің құрылысына уақытында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық тиісті басқарма арқылы салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолданды. Кезекті нақтылауда қолдау тауып, ауылдық округке табиғи газ кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылы Жуалы ауданында 45 елді мекен табиғи газбен қамтылып, пайызға шаққандағы көрсеткіш 91,8 пайызды құраған болатын. Бүгінгі күнге аудан бойынша 47 елді мекен (95,9 пайыз) табиғи газбен қамтылған. 2024 жылы Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарының кварталішілік газ тарту және магистральды газ тарту желілерінің құрылысы жүргізілді. Қазіргі уақытта Дарбаза, Әбдіқадыр ауылдарында кварталішілік газ тарту жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен аудандағы елді мекендер толығымен табиғи газбен қамтылады – дейді Қайрат Есенбекұлы.

Билікөл ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Камбарбековтің айтуынша, округке қарасты 4 елді мекеннің ішінде газ кіріп жатқан Дарбаза ауылында 29 түтін, 129 тұрғын, Ал Әбдіқадыр ауылында 42 үй, 184 тұрғын бар екен.

– Көптен күткен көгілдір отынның біздің ауылға да жеткеніне қуаныштымыз. Енді пеш жағып, күл шығаратын күндер артта қалмақ. Бұл халық үшін айтарлықтай игі іс болып тұр. Ауыл тұрғындарының жағдайын ескеріп, газ тарту жұмысына мұрындық болған аудан, облыс басшылығына, ел Үкіметіне айтар алғысымыз шексіз. Мұны елге деген шынайы жанашырлық деп білеміз, – дейді Әбдіқадыр ауылының тұрғыны Керімжан Тұрғанов.

 

ТҰРҒЫНДАР ТІРШІЛІК НӘРІНЕН ТАРЫҚПАЙДЫ

Аудандағы 49 елді мекеннің барлығы да ауызсумен қамтылыпты. Өткен жылы Пятиречка, Ақтөбе елді мекендері орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылыпты. Жоба құны 1,15 миллиард теңгені құрапты. Қарасу, Көктас, Күркіреусу, Амансай ауылдарына кешенді блок-модуль орнату арқылы су жеткізіліпті.

Сондай-ақ ескі және тозығы жеткен желілерді жаңарту жұмыстары Көлбастау, Күреңбел, Бақалы ауылдарында жүргізілген. Одан бөлек, «Жуалы су» мекемесі тұрақты түрде ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқаруда.

– 2023 жылы Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында жаңа су жүйелерінің құрылысы жүргізілді. Ал Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарында кешенді модульді блоктар орнатылып, ескі су жүйелері жаңғыртылды. Нәтижесінде аталған елді мекендердегі тұрғындар бүгінде таза ауызсу тұтынуда. Сонымен қатар Түктібай мен Ақтөбе ауылдарына 2024 жылы су жүйесі тартылып, халық тіршілік нәріне қол жеткізді. Аудан халқының дені орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Дегенмен тозығы жеткен су жүйелерін қалпына келтіру шаруалары да рет-ретімен жүзеге асуда. Қазіргі таңда Көктас, Қарасу, Амансай, Күркіреусу мен Қазбастау сияқты шағын елді мекендерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, модульді блоктар орнатылды. Сондай-ақ халық тығыз қоныстанған Бауыржан Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Бақалы және Күреңбел ауылдарының тозығы жеткен су жүйелерін қайта жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар біртіндеп жүзеге асуда. Бүгінде Күреңбел ауылында ауызсу жүйесін жаңарту және кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс бірнеше кезең бойынша іске асырылуда. Жоба толық аяқталған соң Күреңбел ауылы толықтай таза ауызсумен қамтылмақ. Бұл игілікті істі ауыл тұрғындары қуанышпен қабылдауда. Себебі жаңа жүйелердің іске қосылуы тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру деңгейін жақсарту – кез келген мемлекеттің негізгі мақсаты. Осы орайда Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар жүктеп отыр. 2025 жылға дейін еліміздегі барлық елді мекендер толыққанды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек. Бұл – сөзсіз орындалуы тиіс міндет, – дейді Қайрат Есенбекұлы.

Таза ауызсу, көгілдір отын және жол мәселесі – тұрғындардың тұрмыс сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер. Бұл бағытта да нақты жобалар қолға алынған. Айталық, соңғы уақытта Күреңбел ауылында қолға алынған су жүйесін жаңарту жобасы халық үшін маңызды істің бірі. Құрылыс алаңында құбыр тарту, су желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүруде. Бірнеше кезеңнен тұратын жоба сәтімен жүзеге асса, ауылдың барлық аумағы тіршілік нәріне толықтай қосылады.

Жалпы бүгінде Жуалы ауданындағы елді мекендердің 95 пайыздан астамы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде.

Аудан бойынша мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 1 134 адам түрлі санаттар бойынша кезекте тұр. 2023 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға 36 арендалық пәтер сатып алу құқығынсыз беріліпті. Сонымен қатар ауданда 33 көпқабатты тұрғын үй болса, оның екеуі (2023 жылы салынған) мемлекеттік тұрғын үй қорында, қалған 31 үй жекеменшікте және жылу жүйелері өздерінің автономды пештері арқылы жылытып отыр екен. Көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесіне қатысты жұмыстар әзірге жоспарда жоқ.

Жуалы ауданында 2024 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының бюджеті есебінен қаржыландырылып, 5 қабатты 60 пәтерлі ірі панельді тұрғын үй құрылысы 909,6 миллион теңгеге сатып алыныпты. Құрылыс-монтажтау жұмыстарын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бұл жоба мемлекеттік қолдау негізінде тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі ретінде жүзеге асырылған. Алдағы уақытта ауданда осындай үлгідегі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылады деп күтілуде.

Азаматтарды тұрғын үй салуға арналған жер телімімен қамтамасыз ету Жуалы ауданында да күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Негізінде өз меншігіңе жер алып, шағын қосалқы шаруашылық жүргізу, бау-бақша өсіру, мал ұстау үйсіз-күйсіз жүргендер мен жас отбасылар үшін ең үлкен мүмкіндік.

Жер учаскесіне мұқтаж азаматтардың кезекке тұру жүйесі Жуалыда 2007 жылдан басталыпты. Қазіргі таңда кезекте тұрған азаматтар саны 6 892 адамды құраған. Мұны аудан халқының жерге деген сұранысы жоғары екенін көрсететін нақты дерек десек те болады. Өткен жылы осы азаматтардың ішінен 126 тұрғын жер телімімен қамтамасыз етілсе, биыл бұл бағытта тағы 106 азаматқа жер учаскесін беру жоспарланып отыр екен. Алайда кезекте тұрған барлық азаматтарды бірден жермен қамту мүмкін болмай отырған сыңайлы. Себебі кейбір ауылдық округтерде инфрақұрылым желілері толық жүргізілмеген. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар да кезең-кезеңімен шешімін табуда.

2024 жылы 1,1 миллиард теңгеге қаржыландырылған 40 жоба аясында 44,66 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. 2025 жылы 2,77 миллиард теңгеге 15 жобадан тұратын 42 шақырым жолға орта жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып, жүзеге асырылуда. Былтыр 48,965 миллион теңгеге 12,389 шақырым болатын 11 көше жарықтандырылыпты. Осы жылға көше жарығын орнату жоспары нақтыланып жатса керек.

Энергетика саласында да биыл ауданда бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылыпты. Атап айтқанда, Т.Дүйсебайұлы ауылында «Жамбыл-Жарық» мекемесінің инвестициялық бағдарламасы аясында 10 киловольттық әуе желісінің 1,4 шақырымы жаңартылып, бұрынғы №46 және №390 қосалқы стансалардың трансформаторлары 250 кВА қуаттылықтағы жаңа қосалқы стансаға алмастырылған. Сонымен қатар 0,4 киловольттық әуе желілерінің ағаш бағаналары ескіргендіктен темір-бетон бағаналарға ауыстырылып, желілер толықтай СИП-4 маркалы оқшауланған электр сымдарымен жаңартылыпты. Электр энергиясының сапасын арттырып, қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының тұрмысына тікелей әсер етуде. Бұрын дауыл тұрса болы бірден өшетін электр қуаты енді тұрақты берілмек. Бұл тұрғыда жеке тұрғын үйлердің ішкі желілеріне дейінгі сымдар мен электр есептегіштері де жаңартылыпты.

– Аудан аумағындағы елді мекендерді сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету – инфрақұрылымдық даму бағытындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл мақсатта 2024 жылы бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып, ауыл-аймақтың жарық желілері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Атап айтқанда, «Жамбыл-Жарық» мекемесінің инвестициялық бағдарламасы аясында бірқатар ауылдарда қосалқы стансалар мен әуе желілері жаңартылып, тұрғын үйлерге кіріс желілері толық ауыстырылды. Мәселен, Қаратау ауылындағы №86 10/0,4 киловольттық қосалқы стансада түпкі трансформатор 250 киловольт-амперлік жаңа стансаға алмастырылды. Бұған қоса, ауыл ішіндегі 0,4 кВ әуе желілерінің ағаш бағаналары темір-бетон бағаналарға ауыстырылып, электр желілері қазіргі заманғы талапқа сай СИП-4 маркалы оқшауланған сымдармен жаңартылды. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыру мақсатында үйлерге кіретін электр сымдары мен есептегіш құрылғылары да толықтай жаңартылды. Дәл осындай жұмыс Нұрлыкент ауылында да жүзеге асты. Мұндағы №53 10/0,4 кВ қосалқы стансасындағы трансформатор да қуаты 250 кВА-ға дейінгі жаңа стансаға алмастырылды. Ауыл ішіндегі электр желілері мен бағаналар жаңартылып, үйлерге тартылған электр сымдары мен есептегіштер толық ауыстырылды. Жалпы алғанда инвестициялық бағдарлама шеңберінде атқарылған жұмыстардың көлемі ауқымды. Атап айтсақ, 0,4 кВ әуе желілерінде ұзындығы 11 шақырым болатын СИП 4*35 маркалы электр сымы тартылып, 319 дана темір-бетон бағана, 7,7 шақырым кіріс сымы және 317 дана жаңа электр есептегіш орнатылды. Сонымен қатар 10 кВ әуе желісінің өзінде де ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 34 дана темір-бетон бағана мен 6,2 шақырым электр сымы жаңартылды. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, 0,4 кВ әуе желілері бойынша 40 дана бағана, 38 дана темір-бетон қосымша тірек және 4 шақырымға жуық электр сымы жаңартылды. Ал 10 кВ әуе желілерінде 20 бағана, 20 дана темір-бетон қосымша тірегі мен 2 шақырым электр сымы ауыстырылды. 2025 жылға инвестициялық бағдарлама бойынша Қарабастау ауылында 3 трансформатор, 316 бағана, Шымбұлақ ауылында 1 трансформатор, Алатау ауылында 1 трансформатор, 90 бағана ауыстырылуда. 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Бауыржан Момышұлы ауылындағы Әл-Фараби және Көктем көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер – «ЖамбылДорМострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба шеңберінде Бауыржан Момышұлы ауылындағы Наурыз, Ш.Уәлиханов және Ақсоқ көшелерін орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жоба аясында «Конструкция Темір Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан орталығындағындағы ұзындығы 510 метр болатын Алма Оразбаева көшесін орта жөндеуден өткізді. Сондай-ақ, М.Мәметов және Ы.Алтынсарин көшелерінің қиылысы, В.Латинкат көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, – дейді Қ.Жатқанбаев.

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА АУҚЫМДЫ ІС КӨП

2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде Бауыржан Момышұлы ауылының Жамбыл көшесі бұрылыстарымен бірге орташа жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар жоба аясында Бордаш, Желтоқсан, Әйтеке би, Б.Әшімбиев және Жанкожа батыр, Б.Сафинов, Б.Үсенов, Ш.Уәлиханов бұрылысы және Ұлан көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Ратбек Күсембаевтың айтуынша, көше жарығын орнату жұмыстарына 2025 жылға қаражат қарастырылмапты. Бағаналар мен трансформаторлар ауыстыру инвестициялық бағдарлама бойынша келесі жылға жоспарланған екен. Ал аудан орталығында газдандыру, ауызсу жүйесі орталықтандырылған, ретке келтірілген.

Ауылға көңiл бөлу және оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда Жуалы ауданында ең ірі елді мекен болып саналатын Бауыржан Момышұлы ауылында бүгінде тұрғындар саны 14 870 адамды құрайтынын айта кеткім келеді. Сәйкесінше инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, жаңа нысандар ашылуда. Ауыл орталығында жыл басынан бері бірқатар жұмыстар атқарылды. Тұрғындардың талап-тілектері де басты назарда. Атап айтсақ, аудан орталығындағы Жамбыл көшесінің бойында орналасқан орталық алаңдағы сахна қайта қалпына келтіріліп, қолданысқа берілді. Сонымен қатар ауылішілік кейбір көше жолдарының бүлінген, тозығы жеткен бөліктеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Т.Тастандиев көшесі бойында орналасқан №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның және Парасат көшесінде орналасқан мемлекеттік кірістер басқармасының автотұрағына асфальт жамылғысы салынып, ретке келтірілді. Әль-Фараби көшесі мен Қ.Түрікбаев көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің алдына асфальт жамылғысы төселіп, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылды. Осындай ойын алаңшалары Тәуелсіздік көшесі мен Мұнайшы көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласына да орнатылды. Тұрғындардың өтініші бойынша Сұлтан Бейбарыс көшесіне науа (лоток) салынып, Шетбұлақ көшесіндегі көпірді кеңейту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Тәуелсіздік көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, абаттандырылды. Жыл басынан бері 100-ден аса істен шыққан жарықшам және 1 шақырымға жуық электр желілері ауыстырылды. Д.Қонаев көшесі бойындағы «Халық банк» және Жібек Жолы көшесі бойында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттарының алдына асфальт жамылғы төселіп, ретке келтірілді. Ұлан көшесінің жолы кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Қазақ қоғамында қорым қасиетті мекен саналады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілдің астарына үңілсек те көп мән-мағына аңғарамыз. Осы ретте ауыл ішіндегі Е.Сауранбекұлы, Қ.Ералиев көшелерінде орналасқан зираттар ардагер ағалардың ұсынысымен қоршалды. Жылдың соңына дейін Бейбітшілік көшесінде орналасқан зираттар да қоршалады. №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің оқушыларының қауіпсіздігі үшін Ш.Уәлиханов көшесінің бойына қоршау орнатылды және №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның оқушыларының қауіпсіздігіне байланысты А.Тұрысбеков көшесіндегі сайдың бойына қоршау орнатылды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алатау көшесі кеңейтілді. Алдағы уақытта Қазыбек би көшесіне абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, Желтоқсан, Боранды, Елшібаев, Әйтеке би және Жанқожа батыр көшелерінің жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде және ауылдың орталық көшесінің бірі – Жамбыл көшесіне орта жөндеумен қоса жаяу жүргінші жолдары салынуда. Б.Үсенов көшесі бойынан жаңадан сквер салынды. Жақын арада балалар ойын алаңшасы да орнатылады. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Бауыржан Момышұлы ауылында санитариялық-тазалық, көркейту және көгалдандыру шаралары жалғасын табуда. Көше бойларына, саябақтар мен скверлерге 7000-ға жуық гүл, 2000-ға жуық тал көшеті отырғызылып, уақытында суарылып, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлері соғыс ардагерлері қатарына қосылып, арнайы төсбелгілермен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бір топ алтын құрсақты ардақты ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының шағын бизнес ашып, жеке кәсіппен айналысуына үкімет тарапынан 2,5 пайыздық несие берілуде. Бауыржан Момышұлы ауылы бойынша жыл басынан бері 33 адам құжат тапсырып, соның 18-і қаражат алған. Қазіргі таңда кәсіпкерлер өз кәсіптерін дамытуда. Мемлекет басшысының жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында Бауыржан Момышұлы ауылы бойынша 41 адам, ал мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бағытында 12 адам тұрақты жұмысқа жолданды. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған 3 азамат жұмыспен қамтылды. Зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыру, яғни «Күміс жас» жобасымен 26 адам жұмысқа жолданды. Жыл басынан бері 229 адамнан тұратын 41 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, – дейді Ратбек Қанатбекұлы.

 

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғаны анық. Өз кезегінде бұл жұмыстар ауылдық елді мекендердің ажарының ашылуына сеп болып отырғанын да айта кетуіміз керек. Жалпы осындай шаруалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар