
Жуырда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінде «Сотталғандарды бостандыққа даярлау тақырыбында» семинар ұйымдастырылды. Мекеме бастығының жалпы сұрақтар және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Ерлан Әбдібайдың төрағалығымен өткен жиынға Жамбыл аудандық пробация бөлімі мен «Мансап» орталығының мамандары арнайы шақыртылды.
Басқосу барысында жазасын өтеушілерге жұмыспен қамтудың белсенді шаралары (ақылы қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, бастау-бизнес, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар) жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін белгіленген квотаға жөнінде нақты мағлұматтар берілді.