Елімізде қайтарылған активтер есебінен 73 жоба қаржыландырылады
- author AR-AY
- Бүгін, 15:45
- 11

Заңсыз иемденілген активтерді қайтару – бұл тек Үкіметтің экономикалық тетігі ғана емес, сонымен қатар әділдікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам. Бұрын мемлекеттің бақылауынан тыс кеткен қаражат есебінен бүгінде мектептер, ауруханалар салынып, су жүйелері тартылып, өңірлерге қолдау көрсетіліп жатыр.
2023 жылғы 12 шілдеде қабылданған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң аясында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құрылып, активтерді қабылдау, сақтау және сату жұмыстары тапсырылды. Қайтарылған қаржы Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады.
2025 жылдың 27 маусымындағы жағдай бойынша Қорда 103,4 млрд теңге жиналған. Жалпы түсім 433,3 млрд теңгені, шығындар 329,9 млрд теңгені құрады. ҚАБК 34 млрд теңгеге 48 активті сатып үлгерді. Сонымен қатар тарихи жәдігерлер ҚР Ұлттық музейіне өткізілді.
318,1 млрд теңге көлеміндегі қаражат 406 әлеуметтік жобаны қаржыландыруға бағытталуда. Оның ішінде 230 жоба сумен жабдықтауға (160,6 млрд тг), 162 жоба денсаулық сақтау саласына (100,4 млрд тг), 10 жоба білімге (24 млрд тг), 4 жоба спортқа (33,1 млрд тг) арналды.
2025 жылғы 13 маусымда өткен Республикалық бюджет комиссиясы 73 жобаға 80 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді мақұлдады. Атап айтқанда, ауыл-аймақтарда су жүйелері жаңғыртылады, топтық су құбырлары салынады. Сонымен қатар Қостанай мен Көкшетаудағы ірі әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына қолдау көрсетілді.
Түйіндейтін болсақ, қайтарылған активтер халықтың өмір сапасын арттыруға және еліміздің ұзақмерзімді дамуына бағытталады.