
Тазалық акциясына қатысушылар «Жеңіс» және «Мамыр» саябақтарын тазартып, Талас өзенінің жағалауын ретке келтірді. Сондай-ақ тұрғындар арасында қоғамдық орынға қоқыс тастау заңмен қадағаланатыны жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Дәурен Көбеевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» науқаны аясында прокуратура тарапынан ауқымды жұмыс атқарылған.
– Негізінде қоғамдық орындарды, саябақтарды немесе скверлерді ластау, сондай-ақ рұқсат етілмеген жерлерге қалдық тастау 19 660 теңгеден 39 320 теңгеге дейін айыппұл салуға әкеп соғады. Елді мекен аумағын абаттандыру ережесін бұзғандар 78 640-тан 393 200 теңгеге дейін айыппұл төлейді. Ал экологиялық немесе санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 39 320-дан 393 200 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Жыл басынан бері облыста 252 стихиялық қоқыс орны анықталған. Жалпы пайдалану орындарының ластануы және белгіленбеген жерлерде коммуналдық қалдықтарды шығару фактілері бойынша 3 300-ден астам құқықбұзушылық тіркелді. Рұқсат етілмеген нүктелерден орталық полигонға екі жүз тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында қалада 13 мыңнан аса жасыл желек отырғызылды, – деді Д.Көбеев.
Ал облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев басқарма тарапынан «Тазалық әр адамның өзінен басталады» ұранын халық арасына кеңінен насихаттау мақсатында наурыз-сәуір айларында облыс көлемінде түрлі 12 сенбілік ұйымдастырылғанын айтады.
– Тазалық іс-шаралары аясында алдымен елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту қолға алынды. Одан кейін жасыл желек егу, көгалдандыру және аулаларды қоқыстан тазалау жұмыстары жүргізілді. 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «ТаzaLike» атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл кезеңде облыс бойынша 20 мыңнан аса ағаш егілді. Акцияға 60-тан астам ірі кәсіпорын, 400-ге жуық шағын және орта бизнес өкілі мен 100 мыңнан аса тұрғын тартылды. Бұл іс-шаралардан халықтың белсенділігін байқауға болады. Дегенмен, кейбір азаматтар тазартылған аумақты қайта ластап кетіп жатқаны да жасырын емес. Сондықтан бұл бағыттағы түсіндіру, насихат жұмыстары әлі де жалғасуы тиіс, – деді Нартай Әлібекұлы.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ