
Облыс әкімінің орынбасары, кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссияның төрағасы Серік Сәлемов құзырлы мекеме басшыларынан жасөспірімдерді түрлі келеңсіздіктен сақтап, алдын алу жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын сұрап, балалардың жазғы демалысын ойдағыдай өткізудің жайын қозғады. «Бір жылыңды ойласаң егін, он жылыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң ұрпақ тәрбиеле» демекші, ел ертеңінің үкілі үмітіне айналған жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағы кім-кімді болсын алаңдатары анық.
Балалардың суға шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары және терезеден құлау оқиғаларының алдын алу туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Орынбеков баяндама жасаса, кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жұмыстары туралы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев мәлімдеме жасады.
Жаз басталғалы өңірде 7 бала терезеден құлап кеткен. Оның бірі қаза болған. Соңы орны толмас өкінішке айналатын оқиғаларды мүлдем болдырмауға күш салу басты міндет. Осы орайда облыста «Қауіпсіз терезе» акциясы өткізілмек.
Биыл облыста жасөспірімдердің қолымен жасалатын қылмыс саны 40 пайызға төмендепті. Әрине бұл көңіл қуантарлық жағдай. Алайда облысымыздың балалар суициді бойынша Түркістан облысынан кейін екінші орында тұрғаны өкінішті-ақ. Мәселен, осы жылы өңірде орын алған 107 өз-өзіне қол салу оқиғасының 87-сі өліммен аяқталыпты. Оның 8-і кәмелетке толмағандар екен.
– Өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының басым бөлігі 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында тіркелген. Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу кешенді тәсілді талап етеді. Оған алдын алу, ерте анықтау, уақытылы араласу және қолдау көрсету кіреді. Тек барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігерінің арқасында біз балаларымыз үшін қауіпсіз әрі қолдау көрсететін орта құра аламыз. Барлық қайтыс болған жасөспірімдер полиция бөлімінде есепте тұрмаған және қандай да бір құқықбұзушылық немесе қылмыс бойынша жеткізілмеген. Тәжірибе көрсеткендей, жасөспірімдер арасындағы суицид көбіне психологиялық тұрақсыздық, отбасындағы жанжал, жалғыздық, махаббат мәселелері және өмірлік қиындықтарды еңсере алмаудан туындайды. Биыл облыста өз-өзіне қол жұмсау және соған әрекет ету бойынша 13 дерек тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 105-бабымен қылмыстық іс қозғалып, оның 11-і қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, 2 дерек тергелуде. Бұл – негізінен әлеуметтік жағдайы қалыпты отбасылардан шыққан балалар. Суицидтің алдын алу барысында отбасындағы эмоционалды климат пен қарым-қатынастың маңыздылығы ескерілуі тиіс – деді Бауыржан Дәулетханұлы.
Сонымен қатар жиында Алматыдан бастау алған «SIM KIDS» атты пилоттық жобаны облыс деңгейінде жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстың барысы сұралды. Бұл – суицидті насихаттау, порнография, есірткі, онлайн-казино және өзге де интернет-қатерлерден қорғайтын арнайы балаларға арналған сим-карта. Осы сим-картаның көмегімен ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланып жүргенін бақылап, зиянды сайттарға қолжетімділікті шектеп, құрылғы үнсіз режимде болса да, баласына қоңырау шала алады. Балаға зияны зор контенттерге шектеу қоятын бұл жоба қолданысқа енгізілсе, жасөспірімдерге қатысты жүргізілетін жұмыстарға едәуір көмек болмақ.
Жиын соңында Серік Жақсылықұлы жауапты басшыларға жазғы уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша іс-шаралардың тұрақты жүргізілуін қамтамасыз ету жайлы тапсырма берді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ