Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбыл облысында 74 жастағы студент диплом алды

Жамбыл облысында 74 жастағы студент диплом алды
arainfo.kz
74 жастағы Валентина Павлована жоғары білім алып, диплом иегері атанды, деп хабарлайды arainfo.kz

Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде ерекше оқиға орын алды. 74 жастағы Валентина Павловна «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтап, дипломын салтанатты түрде қолына алды.

Шынындығында бұндай жағдай облыс тарихында ғана емес, Қазақстан тіпті әлемде сирек кездеседі. Ол өз үлгісімен білім алуға ешқашан кеш емес екенін дәлелдеді.

— Екінші жоғары білім алудағы басты мақсатым — заңгерлік білім иесі болу. Алғашқы жоғары білімім экономика саласында. Қазіргі таңда бухгалтерлік есеп пен экономика бағытында еңбек етіп келемін. Бұл салада тәжірибем мол. «Лем» баспасынан 20-дан астам оқу құралым жарық көрді. Соның ішінде «Бухгалтерлік есеп: Әліппеден балансқа дейін» атты кітабым еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында қосымша оқу құралы ретінде қолданылады, — дейді Валентина Павловна.

Заң саласына қызығушылығы нақты бір оқиғадан кейін оянған. Zoom платформасында өткен талқылау кезінде Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен, оның ішінде заңгерлермен бірге заңнамадағы өзгерістер туралы пікір алмасу барысында ол Кәсіпкерлік кодекске қайшы келетін жайтты атап өткен. Алайда оның дәлеліне жауап беру орнына: «Сіз заңгер емессіз, бұл салаға қандай қатысыңыз бар?» деген қарсы пікір айтылыпты.

— Сол сәт мені толғандырды. Өз пікірімді кәсіби деңгейде жеткізу үшін заңгерлік білім алу қажет екенін ұқтым. Осылайша, құқықтану мамандығын таңдауға шешім қабылдадым.  «Оқу — ешқашан кеш емес» деп айтамын. Керісінше, жас ұлғайған сайын, өмірлік тәжірибе білімді терең ұғынып, оны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан барша адамды үнемі оқуға, дамуға шақырамын, — дейді ол.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар