
Мемлекет қолдауының арқасында «Серпін» бағдарламасы он жылдан астам уақыт ішінде мыңдаған жастың тағдырын өзгертіп, олардың болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашты.
– Он жылдан астам тарихы бар бағдарлама еліміздегі өңірлік теңгерімсіздік пен кадр тапшылығын шешуге бағытталған. Нақтырақ айтқанда, халық тығыз шоғырланған оңтүстік аймақтардағы жастарды кадр тапшылығы байқалатын солтүстік, батыс және шығыс өңірлерге оқуға жіберіп, сол жерге тұрақтап жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бағдарламаға Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары қатыса алады. Бағдарлама алғаш іске қосылғанда тек педагогикалық мамандықтарға басымдық берілді. Өйткені шалғай аймақтарда, әсіресе ауыл мектептерінде білікті мұғалімдер жетіспейді. Кейіннен «Серпіннің» ауқымы кеңейіп, техникалық, ауылшаруашылық, медициналық, IT және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастар оқуға түсе бастады. Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бағдарламаның алғашқы қатысушыларының бірі болып, мыңдаған жастың сапалы білім алуына жол ашты. 10 жыл бойы университетіміз оңтүстік және батыс өңірлерден студенттер қабылдап келе жатыр. Университетімізге жыл сайын бағдарлама бойынша 40-50 шақты талапкер мемлекеттік грантпен оқуға түседі. Ал жалпы конкурспен, ауыл квотасымен, көпбалалы отбасынан шыққан талапкер квотасымен оңтүстік өңірлерден 300-дей талапкер біздің университетке грантпен оқуға қабылданады. Бүгінгі күні мектеп бітіруші түлектердің арасында «Серпін» бағдарламасына қызығушылық артып келеді. Бұл – бағдарлама аясында ұсынылатын мүмкіндіктердің ауқымдылығы мен нақты қолдаулардың нәтижесі. Жоғары оқу орындарына түсу кезінде тегін білім алу, жатақханамен қамтылу, шәкіртақы алу әрі оқу бітірген соң жұмысқа орналасу мүмкіндігінің молдығы түлектер үшін үлкен мотивацияға айналды десек болады. Сонымен қатар өңіраралық оқу жүйесінің арқасында жастар жаңа аймақтармен танысып, өздерінің ой-өрісін кеңейтіп, түрлі мәдени орталарда өмір сүру тәжірибесін жинайды. Бұл олардың бейімделу, тіл табысу, көшбасшылық сияқты өмірлік дағдыларын дамытуға оң әсер етеді, – дейді Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жауапты хатшысы Әсел Дауылбаева.
«Серпін» – ел болашағына салынған инвестиция. Бағдарлама жастарға мүмкіндік беріп қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын теңестіруге, ішкі көші-қонды реттеуге және біртұтас ұлт қалыптастыруға ықпал ететін маңызды мемлекеттік бастама.
Облысымызда да осынау мүмкіндікті пайдаланып, солтүстік өңірлерде білім алып жатқан жастар аз емес. Мәселен, жамбылдық жас Айжан Сейілбекова 2020 жылы бағдарлама бойынша Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университетке оқуға түскен.
– «Серпін» бағдарламасы өміріме үлкен бетбұрыс жасады. Алдымен білім алуға қолжетімділік мәселесін шешіп берді. Жоғары оқу орнына грантпен түсу, жатақханамен қамтылу, тұрақты стипендия алу секілді нақты қолдаулар мен үшін зор мүмкіндік болды. Бағдарлама бойынша білім алып қана қойған жоқпын, жеке өмірлік жолымды, көзқарасымды, болашаққа деген сенімімді өзгертуге мүмкіндік алдым. Өзге өңірге барып, мүлде жаңа ортаға түсу алғашында қиын болғанымен, уақыт өте бұл тәжірибе мені есейтіп, өз бетімен шешім қабылдай алатын, жауапты, икемді тұлға ретінде қалыптастырды. Жаңа орта тауып, «Әр елдің салты басқа...» дегендей, өңірдің өзіне тән салт-дәстүрімен танысып, төзімділік пен түсіністік сияқты өмірлік маңызды қасиеттерді бойыма сіңірдім. Павлодарда білім ала жүріп өмір мектебінен де өттім деуге болады. Облысымыздың атына кір келтірмеуге тырысып, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатыстым, ұйымдастырушылық қабілетімді дамыттым. Студенттік кеңес жұмысына араласып, әртүрлі жобаларды басқаруға атсалыстым. Осы арқылы көшбасшылық дағдыларым мен өзіме сенімім артып, мақсатым айқындалды, – дейді А.Сейілбекова.
Бағдарлама аясында жастар тек біліммен қаруланып қана қоймай, өзге өңірге бейімделіп, кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік алады. Бағдарлама болашақта жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтып, елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге сеп болмақ.
Сымбат ҚУАНЫШ