Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҰБТ сынағы қалыпты өтуде

ҰБТ сынағы қалыпты өтуде
Автор
Оқу жылы аяқталысымен мектеп түлектері үшін аса жауапты кезең басталады. Анығын айтқанда, өрендер жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық біріңғай тест тапсыруға қамданады. Себебі ҰБТ оқушының мектеп қабырғасында алған білімін таразылап қана қоймай, болашақта таңдаған мамандығы мен кәсіби бағытына, мақсат-мұратына жол ашады.

Бұл сынақ – әрбір жастың алдағы тағдырына ықпал ететін маңызды кезең. Сол себепті де ұстаздар мен ата-аналар тарапынан қолдау, жігерлендіру аса қажет. Сондықтан бұл кезеңде талапкерлерге моральдық және психологиялық қолдау да аса қажет.

Ұлттық тестілеу орталығы Тараз қалалық филиалының басшысы Жамбыл Алпысбайұлының айтуынша, облыс көлемінде тест тапсыру үшін екі арнайы орталық қызмет көрсетуде.

– Орталықтың бірі – Тараз қаласындағы «Қарасу» ықшамауданында орналасқан. Бұл нысан 250 талапкерге арналған болса, екіншісі Шу ауданының Төле би ауылында орналасқан. Ол жерде бір уақытта 100 түлек тест тапсыра алады. Биылғы тестілеу цифрлық форматта, яғни «1 талапкер – 1 компьютер – 2 камера» қағидатына сай ұйымдастырылған. Мұндай жүйе тестілеудің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етеді. ҰБТ жылына төрт рет, яғни қаңтар, наурыз, мамыр-шілде және тамыз айларында өтеді. Мамыр-шілде аралығындағы кезең ең маңыздысы. Себебі дәл осы уақытта жиналған нәтижемен талапкерлер мемлекеттік гранттар байқауына қатыса алады. Айта кетерлігі, тест тапсырушы осы кезеңде екі рет конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болады. Биыл облыстағы 14 570 мектеп бітірушінің 12 091-і, яғни 82,9 пайызы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. Олардың басым бөлігі, яғни 83,7 пайызы қазақ тілінде, ал 16,3 пайызы орыс тілінде тапсыруды таңдаған. Түлектер тестілеуге онлайн түрде тіркеліп, өздері қалаған күн мен уақытты таңдады. Қазіргі таңда тестілеуге қатысып жатқан түлектердің көпшілігі болашақ мамандықтарына байланысты пәндер ретінде физика-математика және химия-биология бағыттарын таңдап отыр. Яғни медициналық, техникалық, инженерлік және ІТ салаларына қызығушылық артты деген сөз. Талапкерлер нақты ғылымдарға ерекше көңіл бөліп, бәсекеге қабілетті маман болуға ұмтылуда. Бүгінде грантқа тапсырып жатқан түлектердің орташа ұпайы 70 пен 90 балл аралығында. Бұл көрсеткіштен жастардың білім деңгейі мен дайындық сапасының жақсарғанын аңғаруға болады, – дейді Ж.Алпысбайұлы.

Негізгі тіркеу 12-25 сәуір аралығында «www.app.testcenter.kz» сайты және «UTO» қосымшасы арқылы өткен. 12-18 сәуір аралығында бірінші мүмкіндікке, 19-25 сәуір аралығында екінші мүмкіндікке өтініш берілген. Ал негізгі тестілеу кезеңі 12 мамыр мен 7 шілде аралығында өтуде.

– Тестілеуде барлығы 120 сұрақ кездеседі. Саралап айтсақ, «Қазақстан тарихы» пәнінен – 20, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» – 10, ал әр бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан тұрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Тестілеу уақыты – 4 сағат немесе 240 минут. Ал ерекше білім қажеттіліктері бар талапкерлер үшін 40 минут қосымша уақыт қарастырылған. ҰБТ кезінде әр оқушы жеке тест нұсқасымен жұмыс істейді. Жауап беру барысында калькулятор, химиялық элементтер кестесі мен тұздардың ерігіштік кестесі сияқты қажетті құралдар ұсынылады. Бұл мәліметтер талапкерлерге қағаз түрінде де беріледі. Тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған. Сертификаттар апелляция нәтижесіне қарай талапкердің жеке кабинетіне жүктеледі. Тест тапсыру кезінде тыйым салынған заттардың тізімін білу – әр талапкер үшін маңызды. Атап айтқанда, ғимаратқа немесе аудиторияға түрлі оқу құралдарын, яғни оқу-әдістемелік кітаптар, Менделеевтің химиялық элементтер кестесі, тұздардың ерігіштік кестесі, калькулятор және А0-А10 форматтағы қағаздарды алып кіруге болмайды. Сондай-ақ кез келген электронды құрылғылар, фотоаппарат, пейджер, планшет, iPad, iPod, смартфон, ноутбук, аудиоплеер, модем, смарт сағат, ақылды көзілдірік, фитнес-білезік, құлаққаптар микроқұлаққаптар мен бейнебақылау құрылғылары сияқты заттарды алып кіруге де тыйым салынған. Сонымен қатар шпаргалка қолдану да қатаң түрде шектеледі. Бұл тәртіпбұзушылықтар анықталған жағдайда талапкер тестілеуге жіберілмейді. Ал тестілеу кезінде қолдануға рұқсат етілген құралдардың қатарына A4 форматындағы үш шимай парағы кіреді. Қосымша парақ қажет болған жағдайда талапкер қол көтеріп, тест әкімшісінен сұрай алады. Алайда бұл парақтарды жыртуға, умаждауға немесе сыртқа алып шығуға тыйым салынады. Бұл ережелердің сақталуы қатаң бақылауда болады. Сондай-ақ тестілеу барысында тест тапсырушының өзімен бірге су немесе шоколад алып кіруіне рұқсат берілген. Бұл – емтихан кезінде өзін жайлы сезініп, көңі күйін сақтап, жақсы нәтиже көрсетуі үшін жасалған қолайлы жағдайдың бірі, – дейді  Ж.Алпысбайұлы.

Ұстаздар мен ата-аналар тарапынан көрсетілетін сенім мен қолпаштау оқушыға күш-жігер береді. Баланың өзіне деген сенімін арттырып, үрей мен толқуды жеңуге көмектеседі. Қорқыныш пен қысым емес, жігерлендіру мен мейірім – нағыз нәтиженің кепілі. Бұл сынақ – өмірдің соңы емес, жаңа бір бастамасы екенін жас түлек терең сезінуі керек. Сол себепті мектеп, ата-ана және қоғам бірігіп, жас түлекке рухани тірек болып, алға қойған мақсатына сеніммен жетуіне жағдай жасауы маңызды.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар