Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Пайым-парасаты бөлек пошташы

Пайым-парасаты бөлек пошташы
Автор
Пошташы – ауылдағы ең тынымсыз маман иесі. Ала таңнан қара кешке дейін тұрғындарға зейнетақы таратып, халыққа хат-хабар мен сәлемдеме жеткізетін «Қазпошта» акционерлік қоғамының аудандық филиалдарының жұмысы өте қауырт.

Жамбыл ауданы, Қызылқайнар ауылдық округіндегі байланыс бөлімшесінің басшысы әрі операторы Ғалия Жұмабекованы өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып келе жатқан нағыз еңбек адамы деуге тұрарлық.

– 2017 жылдан бері бөлімше бастығы әрі оператор болып қызмет атқарамын. Негізі Қарағанды қаласындағы техникумды «Банк ісі» мамандығы бойынша бітіргенмін. Сонда бір жылдай банкте жұмыс істедім. 2017 жылдан бастап Қызылқайнарда еңбек етемін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Бір-бірінен хат-хабар алып, байланысқа түсіп мәре-сәре болған жандарды көргенде еңбегімнің еш кетпегенін түсінемін, – дейді Ғ.Жұмабекова.

Тағдырдың салған ауыр жолынан қаймықпай өткен Ғалия Жұмабекова – төрт баланың анасы. Төрткүл дүниенің төрт бұрышын жалғап тұрғандай,  жүрегінің бөлшегіне айналған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп, өсіріп отырған жалғызбасты ана. Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай мейірімінің нұрына бөлеген балаларының болашағынан тек жақсылық күтеді. Құшағында әлди әнімен әлпештеп өсірген балғындары да анасының үмітін ақтауға асық. Әр ана сияқты Ғалия апай да балаларын бар байлығы деп есептейді. Сондықтан перзенттері үшін ештеңеден аянып қалған емес.

Ғалия апайдың жұмысы тек пошта қызметімен шектелмейтіні анық. Ол әр күні халықтың жүрегіне жол табуға ұмтылады. Ауыл ішінде кім ауырып қалды, кімге көмек қажет – соның бәрін алғашқы болып білетін де осы пошташы әйел. Әр шаңырақтың табалдырығын аттаған сайын хал-жағдай сұрап, ақсақалдың ақ тілегін алып, ақ жаулықтылардың уайымын бөлісіп, қолынан келгенше көмек қолын созуға тырысады.

Ғалия апайдың есінен пандемия жылдары кетпейді. Сол кезеңді есіне жиі алады. Оған себеп те жоқ емес. Коронавирус дерті өршіп тұрған шақта жұмыстағы жауапкершілік те екі еселенген еді. Үлкенге құрмет көрсетуді өзіне міндет санайтын пошташы апай ауыл ішін аралап, сыртқа шыға алмай отырған үлкен кісілерге зейнетақысын жеткізіп беретін. Одан бөлек қажетті газеттері мен сәлемдемелерін апару да өзіне жүктелді.

Жан амандығынан өзге ештеңенің мәні қалмаған уақытта Ғалия апай пенде біткеннің бір-біріне деген ыстық ықыласының қаншалықты маңызды екенін жан-тәнімен сезінді.

– Кезінде поштаның жұмысы түгелімен қолмен жүргізілгенімен, қазір заман талабына сай бәрі өзгерді. Есеп-қисап, деректер базасы, бәрі-бәрі цифрлы форматта. Компьютерлік бағдарлама арқылы әрбір клиенттің дерегі тіркеліп, сәлемдеме мен ақша аударымдары бақылауда ұсталады. Мен де заман талабына сай қажеттіліктерге мән беріп, өзгерістерге ілесіп, барлығын меңгеріп алдым. Жаңа жүйелерге тез бейімделуіме балаларым көмектесті. Компьютермен жұмыс істей алу – қазіргі пошташы үшін ауадай қажет дағды. Ауылдастарым ерекше сыйлайды. Қайырымдылық шараларына қатысамын. Мейрамдарда ардагерлерді құттықтауға барып, жастарға бағыт-бағдар беріп тұрамын. Бүгінде мен тек пошта қызметкері ғана емес, әрбір үйдің күтімді қонағы, ауыл ішінің тынысын ұғып, жан жылуын жеткізіп жүретін жанға айналдым. Өмірім мен қызметім бүгінгі жастарға, болашақ мамандарға үлгі болса екен деген ниетпен барлығын адал атқаруға тырысамын. Қыз-қыз қайнаған ауыл тіршілігіне жұтылып кетпей, керісінше, өзіңнің даңғыл жолыңды салуда пошта қызметінің көмегі орасан – дейді Ғалия апай.

Иә, расында, Ғалия Жұмабекованың есімі Қызылқайнар ауылының әр тұрғынына жақсы таныс. Жай таныс қана емес, әр отбасының жүрегіне жол салып, жақынына айналған мейірбан жан иесі. Сондықтан құрметті, сондықтан қадірлі.

Әңгіме барысында, расында, біз оның еңбекке деген құрметінің шексіздігіне тәнті болдық. Тынымсыз тіршілігі ауыл тынысымен үйлесім тапқан-ақ екен. Қарапайым көрінгенімен, дамылсыз іскерлікті талап ететін бұл жұмыс адамды алғысқа бөлейтіні сөзсіз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар