Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аудан әкімдері отбасын қолдау орталықтарын ашуға асығар емес

Аудан әкімдері отбасын қолдау орталықтарын ашуға асығар емес
А.Рысмахан
Өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жәбірленушілерге қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық‑демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында тұрмыстық зорлық‑зомбылық саласындағы қазіргі ахуал, зардап шеккендерді қорғау мен алдын алу шараларын жетілдіру, аналар мен балалар өлімі және ерте жүктілік мәселелері қаралды.

Алдымен күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі зорлық-зомбылыққа қорғау бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Диляфруз Абазқызы баяндама жасады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың 24 қаңтарында облыстық полиция департаментінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мамандандырылған бөлім құрылды. Бұл – жүйелі әрі нақты әрекетке бағытталған қадам. Себебі біз қоғамдағы осал топтағы азаматтардың, яғни әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстап отырмыз. 2025 жылдың 5 айында облысымызда отбасылық-тұрмыстық сипаттағы қылмыстар саны күрт өсті. 2024 жылы 13 дерек тіркелсе, 2025 жылы 81-ге жетті. Бұл – 523 пайыздық өсім. Дегенмен мұны құқықтық саладағы өзгерістермен де түсіндіруге болады. Өйткені бұрын әкімшілік сипаттағы құқықбұзушылық болып саналған «ұрып-соғу», «жеңіл дене жарақатын келтіру» сияқты әрекеттер қазіргі таңда Қылмыстық кодекс аясында қаралып, ауырлатылған жауапкершілік жүктелуде. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік саясатының нақты көрінісі. Біз әрбір оқиғаны мұқият сараптап, себептеріне үңілдік. Сонда маскүнемдік, қызғаныш, қаржылық қиындықтар, ажырасқан жұптардың бала үшін жанжалдасуы отбасындағы ұрыс-керістің негізгі себептері екені анықталды. Мұндай жағдайда тек полицияның ғана араласуы жеткіліксіз. Әлеуметтік қолдау, психологиялық көмек, қоғамдық түсіндіру – барлығы қатар жүруі керек, – деген Диляфруз Абазқызы 5 айда отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 2 297 арыз-шағым түсіп, 1 998-і бойынша әкімшілік іс қозғалғанын жеткізді.

284 азамат қамауға алынып, 145 адамға ішімдік ішпеу немесе отбасы мүшелеріне жақындамау туралы арнайы талап қойылған. Сонымен қатар 1 516 қорғау нұсқамасы беріліп, 34 құқық бұзушы қайта қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

– Әрбір деректің қауіптілік дәрежесін бағалау үшін сауалнама алынды. Сауалнама 1 363 жәбірленушіден алынып, нәтижесінде 37 жағдай жоғары қауіп санатына жатқызылды. Бұл – шұғыл әрекетті талап ететін көрсеткіш. Біз бұл отбасылармен тығыз байланыстамыз. Сонымен қатар алдын алу мақсатында 72 ақпараттық іс-шара ұйымдастырылды. Осы ретте «Жігер» жобасы аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен үлкен конференцияны ерекше атап өткім келеді. Бұл іс-шараға ата-аналар, мұғалімдер, студенттер, психологтар қатысты. Онда біз тек заңды ғана емес, моральдық жауапкершілікті де ашық талқыладық. Қазір «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Мамочки Тараза», «Тараз аналары» сияқты парақшаларда да зорлық-зомбылыққа қатысты ашық жазбалар жиілеген. Мұндай парақшаларды үнемі бақылап отырамыз. Биыл 46 нақты жағдай тіркеліп, 34 әйел мен 12 балаға көмек көрсетілді. Бұл жұмыстарға біз дағдарыс орталықтарын да тартамыз, – деді Диляфруз Абазқызы.

Отырыс барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша мәліметтер жарияланып, нақты ұсыныстар да айтылды. Мамандардың айтуынша, арнайы базаға енгізілген агрессорлардың саны бүгінде екі мыңнан асқан. Олардың 65 пайызы күйеуі мен әйелі арасындағы жанжалға байланысты тіркелсе, қалған бөлігі ата-енесі, туған бауырлары, тіпті әкесі мен баласы, анасы мен баласы арасындағы жанжалдардан құралған. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауқымы отбасылық қатынастардың әртүрлі деңгейінде орын алып жатқанын көрсетеді.

Отырыста сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шолпан Кариева тұрмыстық жанжалдардың негізгі себебінің бірі жұмыссыздық екенін атап өтті.

– Көп жағдайда жанжал отбасындағы материалдық жағдайдың қиындығынан туындайды. Сондықтан бұл мәселені біржақты қарауға болмайды. Агрессор деп танылған адамдардың ішінен де отбасына қамқор, бірақ жұмыссыздықтан шаршаған, тығырыққа тірелген ер адамдар бар. Сол себепті оларға жеке кәсіп ашуға, еңбекпен қамтылуына мүмкіндік беру қажет. Бұл – зорлықтың алдын алудың бір жолы, – деді Шолпан Кариева.

Ал облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова орталыққа жүгінетін әйелдердің дені көпбалалы, жұмыссыз, білімі орта немесе тіпті білімі жоқ аналар екенін айтты.

– Біздің орталыққа келетіндердің басым бөлігі – ауылдық жерден шыққан әйелдер. Ерте тұрмысқа шыққандар да көп. Құқықбұзушылықтың негізгі себебі – психологиялық тұрақсыздық пен экономикалық тәуелділік. Біз оларға психологиялық, әлеуметтік, медициналық, құқықтық көмек көрсетеміз. 6 айға дейін паналау мүмкіндігі бар. Балалары мектеп пен балабақшаға орналастырылады. Мемлекеттік көлікпен қажетті жерлеріне жеткізіледі. Сөз басында айтып өткенімдей, біздің көмегімізге жүгінетіндердің барлығы дерлік қазақ отбасыларынан шыққан ауыл әйелдері. Қалалықтар жоқтың қасы. Сондықтан ауылдағы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар алқасы белсенділік танытып, отбасындағы келеңсіз жағдайлармен жұмыс істесе, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алар едік, – деді Айдана Биғабылов.

Отырыста Мемлекет басшысының еліміз бойынша 234 отбасын қолдау орталығын ашу туралы тапсырмасының орындалу барысы да сөз болды. Қазіргі таңда республика бойынша 115 орталық ашылған. Тараз қаласында және Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Меркі, Мойынқұм аудандарында мұндай орталықтар жұмыс істеуде. Алайда өзге аудандарда отбасын қолдау орталықтарының әлі ашылмауына қаржының жеткіліксіздігі мен ғимарат тапшылығы кедергі болуда.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы осы мәселеге ерекше тоқталып, аудан әкімдерінің орынбасарларымен селекторлық байланыс арқылы сөйлесіп, 2025 жылдың қыркүйек айына дейін барлық ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашуды міндеттеді.

Жиын барысында Серік Сәлемов тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте қоғам белсенділеріне, әсіресе ауыл-аймақтағы билер мен ақсақалдар алқасына үлкен жауапкершілік жүктелетінін баса айтты. Серік Жақсылықұлының айтуынша, бұл бағытта тек құқық қорғау немесе білім басқармасы ғана емес, бүкіл қоғам бірлесіп әрекет етуі тиіс.

– Жергілікті жерлерде билер кеңесі, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі бар. Алайда осы толып жатқан кеңестердің шынайы ықпалы қандай? Сол кеңестердің негізгі функциясы – қылмыстың алдын алу, елдің бірлігін сақтау, отбасылық жанжалға жол бермеу емес пе? Қазір олардың айналысатыны – тек мерекелік іс-шараларға қатысу. Ал ел ішіндегі нақты проблемаларға араласу жоқтың қасы, – деді ол.

Серік Сәлемов өз сөзінде бұл құрылымдардың барынша белсенділік танытып, нақты іспен айналысуы керектігін жеткізді. Облыс көлемінде бір айлық «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» акциясын ұйымдастырып, осы іс-шара аясында арнайы мобильді топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды.

– БАҚ арқылы жүйелі түрде ақпарат беріліп, сұхбаттар ұйымдастырылсын. Агрессорлардың нақты тізімі бойынша профилактикалық жұмыс жүргізілсін. Ақсақалдар кеңесі, көшенің, ауылдың билері, ру басы – бәрі жұмылуы керек. Ақыры билікке ұмтылады ма, сол билігін нақты іске жұмсасын. Осы науқанның жауапкершілігін аудан әкімдерінің орынбасарларына тапсырамын. Қоғамдық кеңес пен ақсақалдар кеңесі осы арқылы өздерінің қоғам алдындағы беделін көрсетсін. Қоғамда болып жатқан келеңсіздікке неге тек полиция мен білім басқармасы ғана араласуы керек? Бұл – бәрімізге ортақ міндет! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұнан соң күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің баяндамасы тыңдалды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар