
«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында прокуратура органдары тек бақылаушы емес, сонымен бірге профилактикалық бағыттағы кешенді жұмыстарды жүргізетін белсенді институтқа айналды. Мерзімді әскери қызметшілердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері үнемі басты назарда.
Әскери ортада ашықтықты арттыру мақсатында «Прокурор сағаты», жеке қабылдау, анонимді сауалнама, әңгімелесу және семинарлар сияқты профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп келеді. Бұл шаралар мерзімді әскери қызметшілердің құқықтық сауатын арттырып, олардың қызметін қауіпсіз әрі заңды негізде өтуіне мүмкіндік береді.
Аймақ әскери прокуратурасымен әскери қызметшілердің қызметіне қатысты талдау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 220 мерзімді әскери қызметшілердің құқықтары қорғалған.
Шақыру науқаны кезінде әскери прокуратура өкілдері шақыру комиссияларының жұмысына қатысып, әскерге шақырылушылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Әскери-дәрігерлік комиссиялардан өту, әлеуметтік кепілдіктерді дұрыс қолдану және түсіндіру жұмыстары назарда ұсталады. Әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әлеуметтік құқықтарын қорғау – прокуратураның күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі. Мәселен, ерекше қажеттілігі бар балалары бар отбасылардың тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жәрдемақыларының уақытылы әрі толық көлемде төленуіне байланысты жүйелі тексерулер жүргізілуде.Бас әскери прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік қолдау тәжірибесін ел аумағында біріздендіру жұмыстары жүргізіліп, барлық мүдделі органдармен өзара іс-қимыл орнатылған.
Мерзімді әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында дене жарақаттарының алдын алу, құқықтық қатынастардағы сенімге нұқсан келтірмеу, жағымды моральдық-психологиялық ахуалды сақтау сияқты бағыттарда кешенді шаралар қабылдануда. Медициналық мекемелермен өзара салыстырулар, денсаулық жағдайын бақылау, бөлім басшылығымен бірлескен әңгімелесу секілді тәжірибелер тұрақты түрде жүргізіледі.
Сонымен қатар прокуратура бастамасымен ведомствоаралық үйлестіру кеңестері, жұмыс топтары, қоғамдық бақылау іс-шаралары өткізіліп, әскери ортадағы құқықтық тәртіпті нығайту жолында өзара тиімді іс-қимыл орнатылған.
Әскери прокуратураға келіп түсетін өтініштер егжей-тегжейлі қаралып, әрбір өтініш иесіне заңға сай жауап беріліп, олардың мәселелерін шешуде нақты шаралар қабылдануда. Бұл жұмыстар азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға негіз болуда.
Прокуратура қызметі әскери қызметтің заң аясында жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен қоғам мүддесін қорғауда маңызды рөл атқарады.
Сәкен Ермекбаев,
Оңтүстік аймағының
әскери прокуроры
әділет полковнигі